Ақмола облысында Наурыз мейрамы қарсаңында «Атам мен әжем» фестиваль-байқауы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығы ұйымдастырған байқау ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді насихаттау, отбасы ынтымақтастығын нығайту, халқымыздың ұлттық мейрамы Наурыз мерекесін дәріптеу, ұлағатты дәстүрді қастерлеуге, үлкенді құрметтеп, сыйлауға, ата-дәстүрімізді сақтауға, әжелер мен аталар ісін үлкенге өнеге, кішіге үлгі етуге бағытталған. Байқау екі кезеңмен өткізілді.
«Бірінші іріктеу туры онлайн форматта өтті. Қатысушылар өтінім мен бейнеролик жіберді. Облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы жіберілген бейнематериалдарды мұқият қараған қазылар алқасын құрды. Жалпы, бірінші турға 13 қатысушы өтінім беріп, оның ішінде екінші іріктеу турына және қорытынды концертке 10 қатысушы өтті», – деді облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығының директоры Асхат Магавин.
Екінші іріктеу туры Көкшетаудағы «Достар» мәдениет сарайында ұйымдастырылып, жүлдегерлері анықталды.
Байқау қорытындысы бойынша Егіндікөл ауданынан келген ата Жұмажан Мәжкенов пен әже Қалипа Салина үздік деп танылып, 70 000 теңгенің ақшалай сертификатымен марапатталды.
Барлық қатысушыларға диплом және 30 000 мың тенге ақшалай сертификаттарға ие болды.
Айта кетсек, Ақмолада Наурыз мейрамын мерекелеу аясында 1000-нан астам іс-шара өтеді.