– Ислам ынтымақтастығы ұйымы саяси департаментінің кәсіби офицері Сэид Шейх Сэид Хассан референдум мен Президент сайлауынан бері Қазақстанда үздіксіз демократиялық процестер жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз Орталық сайлау комиссиясы тарапынан жасалған егжей-тегжейлі жұмыстарды көріп отырмыз. Осы сайлауды жоғары деңгейде өткізу үшін барлық жағдай жасалған. Біз елордадағы сайлау учаскелерінде болдық және процестің қалыпты, заңға сәйкес жүріп жатқанын көрдік. Барша талаптардың сақталғанын және құқық бұзушылықтардың жоқтығына көз жеткіздік. Ислам ынтымақтастығы ұйымы Қазақстандағы демократиялық процестерді одан әрі жақсарту үшін жәрдемдеседі», — деді Сэид Шейх Сэид Хассан.
Байқаушы аталған сайлаудың жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді.
«Бұл уақытқа дейін Қазақстанда референдум және Президент сайлауы өтті. Содан бері Қазақстанда үздіксіз демократиялық процестер жүріп жатыр. Сондықтан осы сайлау жақсы өтеді және тек оң пікірлер болады деген үміттеміз», — деп сенім білдірді байқаушы.
Бұрын хабарлағанымыздай, бүгін Қазақстанда Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау өтіп жатыр.