Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«БЛЭК» – Көкшетаудың ұлттық бренді - АРҚА АЖАРЫ

«БЛЭК» – Көкшетаудың ұлттық бренді

Көз жауын алатын, ұлттық нақышпен өрнектелген бұйымдары бүгінгі күні алты Алашқа танылған, ынтымағы мықты ұжымның негізі сонау 1989 жылы қаланған. Шағын ұжым бүгінде толысқан, мақсат-мұратына жеткен қуатты кәсіпорынға айналып отыр.

Көне тарихының көмбесін ақтарсаңыз, бәрі қарапайым, ойламаған жерден басталған екен. Көкшетаулық суретші, безендіруші әрі көркемдеуші дизайнер Юрий Никитенко әлдебір танысының үйінде ас ішіп отырған. Жарықтық жергілікті жұртқа біртабан жақын, ежелгі салт-дәстүрін, әдемі, өнегелі әдет-ғұрпын білмекке ынтызар адам еді. Бұл жолы да көптен бері дәм-тұзы араласып жүрген әлгі отбасында көне астаудан дәм татқан. Бұрын табақтың сан түрін көріп жүргенімен, астаудан алғаш рет ас ішіпті. Ықыласы ауғаны сондай, сол бойы әлгі көне астаудың сұлбасын қағазға сызып алған. Кейде бір ерте көктемде сыздықтай аққан судың жүйтки жүгірер жылға іздейтіні бар емес пе? Тапса, дарияға айналмақ. Құтты сол сияқты «сабақты ине сәтімен» дегендей, ойға алғаны орала кеткен. Әуел баста нан және ет кесетін алақандай әдемі тақтайшалар, алуан түрлі гүл өсіретін әрқилы пішіндегі ыдыстар, шағын үстелдер жасайтын кәсіпорны бар еді. Енді міне, жаңа бағытта жұмыс істеуге болады.

Шынында да ол кезде Көкшетау қазақтары астауды сирек пайдаланатын. Көргендер көп, дәм татқандар да аз емес. Тек астау атаулы ауылдағы ағайынның аракідік пайдаланатын бұйымына айналғалы не заман. Қайсыбірі үй іргесіндегі сарайда қаңсып тұр. Жұрт жаппай темір табаққа көшіп, ескіден есі шыға безіп жатқан уақыт. Ал, Юрий Егорович астауды жаңғыртқысы келді. Жалғыз бұйым ғана емес, құтты көркемөнер туындысы тәрізді жасаса қайтер еді? Ол үшін көзтартарлық етіп ұлттық мәнерде әр беруі, сән бітіруі керек. Қос құлағына кебеже қарын биенің, сауырлы айғырдың бейнелерін салса. Түйенің тұрқы, қойдың кескіні орын алса. Осылайша, суретші қиялы шарықтап кеткен. Ойға алғанын орындаған кезде астауға да әр біткен. Әйтсе де, ағашқа ою-өрнек салу да оңай-оспақ шаруа емес. Біршама нәзік жұмыс болғандықтан, шыдамдылықты, айрықша машықты,  түптеп келгенде тұла бойға жаратқан ие сыйлаған икемділікті қажет етеді.

Жергілікті жұрттың әлмисақтан келе жатқан тұрмыс-салтын  түбегейлі зерттеп, ой елегінен өткізген кезде жалғыз астаумен шектеліп қалуға болмайтынын ұққан. Тегеш те, ожау да қажет. Жомарт көңілдің, аста-төк қонақжай пейілдің белгісіндей қазы-қарта, жал-жая мелтектей толған астаудың жанында сапырылған сары қымыз құйылған торсық тұрса, ғажап емес пе?! Кірпияз көңіл де кенересіне толар еді. Міне, осындай өнімдердің бәрін біртіндеп шығара бастады. Жетілдіре түсті. Аяғы бар астауларды да жасайтын болды. Үш бөліктен тұратынын да. Өз еңбегімен дархан даланы жайлаған дана қазақтың кәдімгі күнделікті тұрмыста пайдаланған заттардың қаншалықты сымбатты, салтанатты болғандығын дәлелдеп шықты. Юрий Егоровичтің біздің жұрттың айдынын асыруға қосқан сүбелі бір еңбегі осы. Жақсы хабар желдей жүйткіп, кең таралады емес пе? Көкшетаулық қолөнер шеберлерінің, атап айтқанда, «БЛЭК» кәсіпорнының өнімдері туралы жергілікті жұрт ауыздарының суы құрып айта бастады. Өзге өңірден де ат түйедей қалап тапсырыс берушілер көбейген. Уақыт шымылдығы тұмшалаған ғажайып дүниеге өзгеше өң бітіріп, өз халқына сыйлаған Юрий Егорович мұнымен де тоқтап қалмады. Әрлеп әбдіре, сыңғырлатып сандық та жасады. Әсіресе, сандықтың алуан түрін. Ілкі заманда қыз жасауына қосылатын  жинақы, ішіне көп зат рет-ретімен сиятын саналуан сандықтар текшелене бастады. Жатып қалған жоқ, тұтынушысын тез арада тапты. Өйткені, халық та дәл осы уақытта жоғалтқанын іздеп, өшкенін жандырып жатқан шақ еді. Ұлттық мерекелерде тігілетін киіз үйлерді безендіруге қажетті бұйымдардың неше атасын жасап шықты.

Жаңалыққа жаны құмар Юрий Егорович 2016 жылы өмірден өтті. Әйтсе де, бауырлары мен балалары кәсіпорын жұмысын жалғастырды. Артында қалған мұрасы – үш жүзден астам бұйымның авторлық куәлігі. Сол бұйымдарды сый-кәде, тарту ретінде алып жатқан қонақжай халық қолөнер шеберінің бастаған ісінің игілігін әлі де көріп келеді. Үш бағытта жұмыс істейтін кәсіпорын бір ғана астаудың елуден астам түрін шығарады. Ағаштан ойылған ыдыс-аяқта сан жоқ десе де болғандай. Домбыра, қобыз, басқа да ұлттық аспаптардың қорапшасын жасайды. Қабырғаға ілінетін, Көкшенің көрікті табиғаты бейнеленген паннолар не сән. Мына бірінде Бурабайдың қайталанбас көркем көрінісі кестеленіпті. Міне, тоқпақ жалды тұлпар мінген, алдаспан қылышын айға білеген ел қорғаған баһадүр батырдың қаһарлы кескіні. Көрген жанның жүрегі дір ете түсетіндей.

2017 жылы кәсіпорын бөренеден бұралатын үй салуға кірісті. Облыс орталығында алғаш рет шағын зауыт ашып, өз істерін дөңгелете бастады. Сібірдің құшақ жетпейтін қарағайларын пайдаланды. Қыста жылы, жазда салқын ағаш үйлердің сыртқы бейнесі де сурет тәрізді еді. Тек қымбаттау. Жетпістен астам үй салды. Шығыны көп, бейнеті бесбатпан. Тапсырыс берушілер де көп емес. Арғы-бергі тәжірибені таразы басына тарта келе, ұлттық бұйымдар жасаған жөн деп шешті.

Өмір жолы қашан түп-түзу болған. 2010 жылы әлдебір себептермен орын алған тілсіз жау да тақсыретін тартқызған. Дайын өнімдер салоны отқа оранды. Кәсіпорынның құжаттарымен бірге. Алға жылжымақ түгіл бұрынғы межеге жетудің өзі арман болып қалған. Юрий Егорович  жүрек ауруына ұшырады. Сол дерт қайтпас сапарға алып кетті. Әйтсе де көзі тірісінде бастаған қыруар жұмыс тоқырап қалған жоқ. Төңірегіндегі ет жақын туыстары түгел еңбекқор еді. Адал еңбек бәрін де жеңеді екен. Бастапқы қалпын тапқан. Бәлкім одан да жоғары. Қазір кәсіпорында 140-тан астам адам еңбек етеді.

–Ең алдымен жергілікті жұрттың көне мәдениетін тірілтуді көксейміз, – дейді кәсіпорынның бас директоры Олег Никитенко, – ағаштан түрлі ұлттық интерьер жиһаздарын жасаймыз. 150-ден астам өнім түрі дайындалады. Шеберлерге жалақы атқарған еңбегіне қарай төленеді. Компанияның өнімдері Астана, Алматы қалаларындағы филиалдары арқылы сатылады. Еліміздің бірнеше ірі қалаларында өкілдіктеріміз бар.

Бір айта кетерлігі. Ағашқа жан бітіретін хас шеберлер компанияның өзінде тәрбиеленеді екен. Бұл жерде еңбек адамына ерекше құрмет көрсетіледі. Өйткені, олар жаратқан ие бойларына айрықша өнер сыйлаған нәзік жүректі адамдар. Табиғи икемділікпен бірге темірдей төзімді қажет ететін өміршең өнердің төріне шығу үшін пенде ғұмырдың жартысын сарп ету керек. Сонда ғана он саусағыңнан өнер тамған шебер атанасың.

Арыдағы аймаңдайлы жұрттың абыройын асырар асыл мұраны қайта тірілтіп, халық қазынасын шүпілдете толтырып жатқан жасампаз кәсіпорынның білігі мен бет алысына қалай разы болмассың. Көкшеге көктем келіп, наурыз айы туғанда, бүгінгі ағайынның адал асын астаудан татып, сары қымызын сырлы аяққа құйып, мұрты көкке шаншылып мәжіліс құрып отырса, осынау тұтас, бедерлі бітім-болмысқа бұл компанияның да қосқан айшықты нақыш, бейнелі суреті аз емес.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар