Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Наурыз айы туғанда, той болушы еді бұл маңда... - АРҚА АЖАРЫ

Наурыз айы туғанда, той болушы еді бұл маңда…

Бұрынғы қазақтар жақсылықты «кел», жамандықты «кесір», қысты «зымыстан» жазды «табысқан» деп атаған. Жыл соңындағы санатқа  қалған бес-алты күн «бес қонақ» деп аталады. Наурыз сөзі иран тілінің «жаңа», «руз» — «күн» деген сөздерінен қалыптасып, жылдың бірінші күнін білдірген.

1920 жылдары Кеңес үкіметі Наурызды халыққа қайта тарту етті. Ал, 1925 жылы 22 наурыз күні Ұлыс күні асыра сілтеушіліктің салдарынан күрт тоқтатылды. Наурыздың тойлануына қайта құру уақыты, демократия мен жариялылық салтанаты ғана мүмкіндік алып берді. Қоғамдық пікірге көңіл қойған үкімет орындарының тікелей басшылығымен 1988 жылы көктемде Алматы қаласы мен астаналық облыстың кейбір аудандарында 62 жылдан соң тұңғыш рет Наурыз тойы тойланды.

Сөйтіп, ежелгі жыл басы тойын жалпыхалықтық болып қарсы ала бастадық. Қазақтар ұлы күнді «жыл басы» санайды. Халықтың түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қызыр аралайды екен. Сол себепті осы түн «қызыр түні» деп аталады. Қызыр адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын, ақсақал кейпінде көзге көрінетін қиял-ғажайып адам. Қызыр ата даланы кезіп жүріп, назары жерге түссе, оның тоң кеудесін жібітеді, ал, тасқа түссе, тасты ерітіп жібереді екен. Күн сәулесі жер шарының шығыс бөлігінен таңғы сағат 6-да себездеп атқан кезде біздің өңірімізде бұл сәт түнгі сағат 3-ке келеді екен.

Сондықтан да, қазақ халқы жаңа жылды 22 наурыз күнгі таңғы сағат 3-те қарсы алады. Дәл осы сәтте даланы Қызыр баба аралап, Самарқанның көк тасын ерітсе керек. Ағылшындар ХҮІІІ ғасырдың бас кезіне дейін жаңа жылды 26 наурызда тойлап келді. Ал, қытайлар  ақпан айынан бастап тойлайды. Біздің заманымыздың 7-8-ғасырларда Иран мемлекеті мен қазіргі Өзбекстан, Қазақстанның оңтүстік аймағын арабтар жаулап алып, оларды мұсылман дініне енгізеді. Ата-салт, әдет-ғұрыптан айырылған жұрт езгіге көніп, дінге де құлай сенгіш болатынын жақсы ұққан шапқыншылар қол астындағы халықтардың көне салт-дәстүрлерін жоғалтып, жойып жіберуге, жер мен адам аттарын өзгертуге, мәдени мұраларын талқандауға барынша күш салды. Олар әсіресе, халықтың мейрамы – Наурызды тұншықтыруға көп күш-қайраттарын жұмсады. Біздің қара көздеріміз ғасырлар бойы не көрмей келе жатыр дейсің.

Кең-байтақ жерімізге қызығатындар баршылық. Осы тұрғыда, қаншама әрекет жасалса да, өмір өшіп қалмай, ұрпақ жалғасы болып келеді. Қазақ елі ертеде Наурызды қалай қарсы алған? Қызыр түні жаңа жыл табалдырықтан аттап, үйге енгенде, жалғыз шала сәуле болмас деп төрге қос шырақ жағылып қойылады. Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кіріп, ал, үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады деген сеніммен наурызға дейін үй-ішіндегі бар мүліктің шаңы қағылып, жуылып, тазартылады.

«Береке басынан басталады» демекші, жыл басы жақсы бастама, аяғы да жақсы болады. «Жыл бойы ақ мол, дән тасқын-тасқын, жауын-шашын көп болсын» деп Қызыр түні ыдыс атаулыны бидай, тары, арпа, сұлы, жүгеріге, аққа (сүт, айран, шұбат, шалапқа) және кәусар бұлақ суына толтырады. Бұл түні ауыл  бойжеткендері өздері ұнатқан жігіттеріне арнайы соғымның етін уызға салып пісіріп, ұйқыашар аталатын ерекше дәм дайындайды. Ал жігіттер мен бозбалалар болса, қыздардың қолақысының қарымтасына айна, тарақ, иіс судан тұратын «селт еткізер», «дір еткізер» сыйлықтарын ұсынады.

Бұрынғы қазақ жұрты Наурыз мерекесін үш күннен тоғыз күнге дейін тойлаған. Наурыз күндері пендешілік атаулардан тазарып, ар-ожданы алдында арылу керек. «Ұлы күні алдына келсе, атаңның құнын кеш», «Жақсылыққа жақсылық – жай адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер жігіттің ісі», «тас атқанға – ас ат» секілді нақылдарды өзек етіп, ту көтерген билер мен ақсақалдар ат құйрығын кесісіп, араға жік түскен  бауырлас ел рулары, ағайын, дос-жарандарды бір дастарханнан дәм татырып, табыстырған. Осылайша, ел бірлігін күшейткен. Жанұясын тентіретіп жібергендерді қайта қосып, жалғыз-жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау қылған.

«Сүйекке дақ, етке таңба болмасын» деп кемтар, мүгедектерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған. Жұтқа ұшырап, таяқ ұстап қалғандарға «дүние-кезек, адам күні адамменен» деп жылу жинап берген. Түрлі жаман әдетке үйір болғандарды халық талқысына салып, дұрыс жолға түсуіне жол көрсетіп, уәдесін алған. Жаңа жылдың бірінші күнінде күннің қалай атқаны, оның түр-түсі есепшілердің үнемі назарында болады.

Жұлдызшылардың тәжірибесіне сүйенсек, күн бұл таңда оттай қызарып, қан қызыл болып шықса, ол жылы өлім-жітім, өрт көп болады, соғыс, қантөгістер де болуы мүмкін деп есептелген. Жалпы, күн түсі сары қызыл тартып, ыстық леп бірден бетке ұрып, төрт түрлі болып атуы мүмкін екен. Күн егер шақырайып шықса ол жылы құрғақшылық болады.  Таулы аймақтарда жиі-жиі тасқын болып, шалғынды далада жиі-жиі өрт шығады. Күннің  түсі күңгірт болса, жауын-шашын көп болады. Күн сәулесі жан-жаққа шашырап, шапағын төге рауандап атса, ол жылы жанға жайлы, молшылық болады.

Наурызды мыңдаған жылдар бойы үзбей мейрамдап келе жатқан парсылар мен түріктер Иран 6000 жылдан астам уақыт бойы Наврузды, ал, түрік халқы Орта Азия, Шығыс халықтары Наурызды жыл басы ретінде тойлайды. Бұған Нұх пайғамбардың қосқан үлесі зор екен. Нұх пайғамбардан кейін жалғасын таппай үзіліп қалған 300 жылды алып тастасақ, Наурыз мерекесі ондаған ғасырлар бойы тойланып келеді. Қазақ еліне 1988 жылы белгілі ақынымыз Мұхтар Шаханов кабминді көндіріп, бүкіл ел аңсаған Наурыз мейрамын қайта келгені белгілі.

Міне, содан бері бір Алланың қалауымен Наурыз мейрамын тойлап келеміз, Наурыз мейрамы әр облыста әртүрлі деңгейде өтеді. Бұл ұйымдастыру шеберліктеріне байланысты. Қазақ батыры Аманкелді Иманов елінде болғаным  бар. Онда аудан орталығында Наурыз мейрамы үш күн бойы өтеді. Киіз үйсіз той бола ма? Неше түрлі қылып сәндеген киіз үйлер алыстан көз тартады. Наурыз көже киіз үйлердің жанында тегін беріледі және қалаған әр киіз үйге кіріп, дәм татып шығады. Осы жаққа алғаш келген басқа ұлт өкілдері тамсана көріп, таң қалғанын жасыра алмайды, оларда мұндай жоқ қой. Әр мектеп мұғалімдері өнер көрсетуден сайысқа түседі. Спорт түрлерінен жарыстар да қыза түседі. Ұжым болып та, жеке жарысқа түскендер де, бәрі марапатталады.

Бірақ, бір байқағаным, бізде де, оларда да Наурыздың тойлануы бір сарынды. Артық даңғазалыққа ұрынбай, осының бір барынша ұлттық салт-дәстүрге негізделген, тәлім-тәрбиелік мәні зор бір формасын қарастырсақ, артық болмас еді. Біздің облыс орталығында да, аудандарда да сол жылда қайталанатын үйреншікті көрініс. Жаңалық, тың идеялар жоқ. Қысқасы, жыл басы – Наурызды тойлаудың жаңа бір жолдарын іздестіріп, соны мереке бағдарламаларына енгізіп, ұлыстың ұлы күнінің бүкілхалықтық сипатын түрлендіруге болады ғой деп ойлаймын.

Бақытқали Біләлұлы,
зейнеткер ұстаз.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар