Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қош келдің Наурыз, хан Абылай қонысына! - АРҚА АЖАРЫ

Қош келдің Наурыз, хан Абылай қонысына!

Осындай тақырыппен Наурыз мерекесі қарсаңында халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын насихаттау мақсатында «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігініңұйымдастыруымен Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты бес мекеме – «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, Ақмола облыстық тілдерді оқыту орталығы, «Рухани келісім» өңірлік жобалық кеңсесі,  жастар ресурстық орталығы мен «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігініңұжымдары арасында байқау болып өтті. Мерекелік кештің алғы сөзін «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев алып, кеш қонақтарына  жылы лебізін білдіріп, қатысушы ұжымдарға сәттілік тіледі.

Бес мекеменің ұжымы ата-баба дәстүрімен  ақ дастархан жайып, ән мен жырдан шашу шашты, қазақтың әуелеген ән-күйі шарықтап, көңілдерді көркем етті. Ата-бабаның салып кеткен сара жолы, әжелердің сарқылмас өнегесі, бір сөзбен айтқанда ұлттық құндылықтың ұлылығы паш етілді.  Бірінші кезекте мерекенің рухына сай сәнді де салтанатты, ұлттық нақыштағы киім жоралғысы таразы басына тартылды. Оған қоса аталымда ұлттық дастархан мәзірінің дайындалуы мен безендірілуі ескерілген болатын. Бүрмелі көйлек, үкілі кәмшат киген қыздар, домбыра шертіп, ән айтқан сері жігіттер, қымыз сапырып, «Наурыз көже» дайындаған ақ желең жеңгелер, бес ұжымның емес, бір ауылдың баласындай бір шаңырақтың астында бір-біріне ақжарма тілегін, ыстық ықыласын, ізгі ниетін білдіріп, өз өнерлерін бірінен соң бірі ортаға салды.

Байқау барысында ұлтымыздың ұлы ханы – Абылай ханның туғанына 310 жыл толуына орай, өнегелі өмірінен шағын көріністер көрсетіліп, көрермен назарына ұсынылды. Әсіресе, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұжымының хан өмірінен алып қойған көрінісінде туған жерге деген махаббат, ұлтқа деген сүйіспеншілік, сол жолдағы ерлікпен өрлік паш етіліп, ұлттық көне дәстүрлер жаңғырып жиналған қауымды тәнті етті.

Байқаудың тағы бір кезеңі Ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына орай бағытталды.  Бұл кезеңде қатысушы командалар ақынның мәңгі өлмес жырларын жатқа оқып, жыр сүйер қауымның көңілін бір серпілтіп тастады.

Наурыз тойындағы байқау барысында асқақ әнші,  көрнекті композитор Ақан серінің туғанына 180 жыл толуына орай ұлы тұлғаның кейінгі ұрпағына қалдырған мол ән мұрасын насихаттау мақсатында Ақан серінің әсем әндерін орындау бойынша қатысушылар өнері сарапқа салынды.

Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин бастаған қазылар алқасының шешімімен байқауда жүлделі үшінші орынға «Рухани келісім» кеңсесі мен «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің ұжымыие болса, жүлделі екінші орынмен Ақмола облыстық тілдерді оқыту орталығы марапатталды. Ал, бас жүлде «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне бұйырды. Ақмола облыстық жастар ресурстық орталығының ұжымы ынталандыру сыйлығымен марапатталды.

Байқау соңында Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының башысы Алмас Алин осындай тағылымға толы танымды байқау өткізген ұйымдастырушыларға барлық қатысушылардың атынан ақжарма тілек, ақ алғысын айтып, жылы лебізін білдірді. Байқауға қатысушы ұжымдардың барлығы ұйымдастыру алқасының дипломдарымен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

                                                               Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар