Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Айгүлдің салған әндері-ай!.. - АРҚА АЖАРЫ

Айгүлдің салған әндері-ай!..

Көкшетау қаласының Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, әнші Айгүл Қосанованың жеке концерті өтті.

Көктемді қондырып қанатына,

Құс қайтып оралды Алматыма.

Ән толды аспанға, құс қонды жас талға.

Бақыт кеп қол алғандай.

Құстарды мен тостым, айғайлап ән қостым,

Арманым оралғандай,

Қуандым жарқылдап, мәз болдым ән тыңдап,

Құшақтап арманымды, – деп шырқай басып сахнадан көрінген күміс көмей әнші Айгүл Қосанованы жұрт қуана қарсы алды. Әз-Наурыздың қарсаңында жаныңды жадыратып, тамаша әндерімен көңіл қылын тербеген әнші Айгүлдің сырт келбеті, киген киімі де қандай көркем десеңізші. Жезтаңдай әнші, К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің (бас дирижері Жанат Рашит) сүйемелдеуімен Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнін шырқағанда экранда тамаша табиғат, аққу-қаз қонған өзен-көл, асқар биік таулар, жасыл желеңді шыршалар мен мың бұралған ақ қайыңдар бірінен соң бірі өтіп жатты.

Жалпы, Айгүл Қосанова 1974 жылы 24 шілдеде Маңғыстау облысында туған дәстүрлі домбырашы, әнші, Әміре Қашаубаев және Ғарифолла Құрманғалиев атындағы республикалық конкурстардың лауреаты. Әншінің репертуарында өнерсүйер қауымға белгілі дәстүрлі әндер мен термелер баршылық. Сонымен қатар, әнші заманауи композиторлардың эстрадалық әндерін де нақышына келтіре жеткізіп жүрген дарынды орындаушылардың бірі. Әншінің «Шырқа дауысым», «Шарықта» және «Ақсұңқар» атты дискілерден тұратын жеке альбомы бар.

Кеш барысында Айгүл Қосанова халқымыздың ұлттық аспабы – домбыраны шебер меңгергенін дәлелдеп, онымен бірталай құлақтан кіріп, бойды алар әсем әндерді орындады. Концерттік бағдарлама барысында атақты әншімен бірге, көкшелік дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасенов, «Гәкку» би ансамблінің (жетекшісі Гүлмира Ордабаева) мүшелері де өнер көрсетті.

Айта кетсек, «Жезкиік», «Бәрінен де сен сұлу», «Ақ кербез», «Айнамкөз», «Ана туралы ән», басқа да әндер шырқалып, көгілдір көктемнің шуақты мейрамы Наурыз мерекесіне орай, «Наурыз» әні де назардан тыс қалмады. Кеш «Гәкку» би ансамблінің мың бұралған бишілерінің сүйемелдеуімен Индира Елубаеваның «Тәуелсіздік толғауы» әнімен аяқталды.

Концерт соңында қоғам қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев ақмолалық өнерсүйер қауым атынан сөз алып, Айгүлдей дарынды әншінің ән көгінде самғап, биіктей беруіне халықтың игі тілегін жеткізді.

Қарлығаш ҚАРПЫҚБАЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар