Өңірлік коммуникациялар қызметінде Аршалы ауданы әкімінің орынбасары Ержан Жолымбетов пен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Марлен Бабаев көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары жөнінде брифинг өткізді.
Аудан әкімдігінің 2023 жылғы 11 қаңтардағы №А-11 қаулысымен аудандық су тасқынына қарсы штаб құрылып, ол тасқын суларды апатсыз өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруда.
−Бюджетте төтенше жағдайдың алдын алу бағдарламасына 25 миллион теңге қаржы қарастырылды Төтенше шығындар резервінде тағы 43,8 миллион теңге бар. Жібек жолы ауылдық округіне қар шығаруға 30 миллион теңге бөлінді. Жалпы, ауданда жолдарды тазалауға және қар шығаруға 118 миллион теңге қарастырылды. Бүгінгі таңда 1 094 текше метр су сорылды. Анар станциясында темір жол бойындағы 6 шақырымды құрайтын қосымша су өткізу резерві тазартылды, сондай-ақ 75 тонна инертті материал дайындалды. Ауылдық округ әкімдіктері кәсіпкерлік субъектілерімен қар шығару және елді мекендердің жолдарын тазарту бойынша 11 меморандум жасады,−деді Ержан Жолымбетов.
Ауданның елді мекендерінде 528 669 текше метр қар шығарылды. Сондай-ақ, арнайы күштер мен құралдар дайындалды. Биыл Түрген ауылының маңындағы Есіл өзенінде төтенше жағдай департаменті, «Көкше бур» серіктестігі, жергілікті атқарушы органдар ауданы 800 шаршы метрді құрайтын үш учаскеде жарылыс жұмыстарын жүргізді. Жібек жолы ауылдық округінде жер үйіндісін нығайту үшін 300 тонна инертті материал әзірленді. Сондай-ақ, аудан аумағында 8 гидротехникалық қондырғы бар. Батпақкөл көліндегі бөгетке 400 тонна инертті материал жеткізу жоспарлануда.
−2023 жылғы су тасқыны маусымына дайындық жаз-күз кезеңінде басталды. Төрт елді мекенде инженерлік қорғау жоспарына сәйкес, 3 су өткізгіш құрылғысын орнату, қорғаныс білігін нығайту, су бұру каналының құрылғыларын кеңейту және Есіл өзенінің арнасын тазарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, жоспардан тыс Донецкое ауылындағы жолға ұзындығы 10, диаметрі 1 метр су өткізгіш құбыр орнатылды, −деді Марлен Бабаев.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.