Ауаны ластағыш заттардың белгіленген шегі бақыланып отырады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы бойынша экология департаментінің басшысы Қадырхан Бейсенов биосфераның ластануының алдын алу, атмосфераға өндірістік шығарындыларды азайту шараларына тоқталды.

Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 154-бабына сәйкес қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі шеңберінде Ақмола облысындағы атмосфералық ауа сапасының мониторингін «Қазгидромет» кәсіпорнының Ақмола облысы бойынша филиалы Көкшетау, Степногорск, Щучинск, Атбасар қалаларында, Степногорскінің іргесіндегі Ақсу кентінде жүргізеді. «Бурабай» кешенді фондық мониторинг станциясы бұл жұмысты Шортанды-Бурабай курорттық аймағы аумағында атмосфералық ауаның ластануын бақылаудың стационарлық бекеттері негізінде іске асырады.

Қоршаған ортаның сапасы бойынша ақпарат тоқсан сайын «Қазгидромет» сайтына қоршаған ортаның жай-күйі туралы ақпараттық бюллетеньдерде ұсынылады. Жалпы алғанда, 8 стационарлық бекеттің негізінде елді мекендердегі атмосфералық ауаның жай-күйі негізгі 6 көрсеткіш бойынша бағаланады,−деді Қадырхан Бейсенбаев.

Степногорск қаласындағы №1 бекетінде көмірсутегінің бірнеше рет шектік белгіленген нормативтерден артуына және тұрғындардың шағымдарына байланысты 2022 жылы «Қазгидромет» Ақмола филиалының, Ақмола облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасы өкілдері Степногорск қаласының №1 бекетіне бірлескен жұмыс сапарымен барды. Тексеру барысында осы бұл бекеттен 30 метр қашықтықта орналасқан кәріз құдығы анықталды. Қазіргі уақытта «Қазгидромет» мамандарымен көмірсутегінің ықтимал көзі болып табылатын кәріз құдығы жоғарыдан инертті материалмен жабылды. Сондықтан, күкіртсутегінің шекті рұқсат етілген концентрациядан асуы байқалмайды.

−Аршалы кенті мен Қабанбай батыр ауылының тұрғындарының шағымдары бойынша елді мекендерге жақын орналасқан кірпіш зауыттарының, карьерлердің санитарлық-қорғау аумағында аспаптық өлшеулері жүргізілді. «Романовский кірпіш зауыты» серіктестігінде көміртегі оксиді бойынша санитарлық қорғау аумағында шектік рұқсат етілген концентрацияның асып кету көрсеткіші анықталды. Кәсіпорынға айыппұл салынып, заң бұзушылықтарды жою бойынша нұсқамалар берілді.

Тұрақты негізде Бестөбе кентінде және «Қазақалтын Тechnology» серіктестігі санитарлық қорғау аумағында бейорганикалық шаң бойынша аспаптық өлшеулер жүргізіледі. Шектік нормативтерден шектік рұқсат етілген концентрациясының асып кету көрсеткіші анықталған жоқ. Ақмола облысы бойынша экология департаменті аккредиттелген зертхана мамандары профилактикалық және жоспардан тыс тексеріс кездерінде кәсіпорындардың стационарлық және жылжымалы ластану көздерінен шығатын ластаушы заттарды кәсіпорындарға белгіленген нормативтерден асырмауды аспаптық зерттеулермен бақылап отырады,−деп мәлімдеді департамент басшысы.

Сонымен қатар, әр тоқсан сайын департамент мамандары Ақмола облысы аумағындағы 6 ірі кәсіпорынның санитарлық қорғау аймақтарында атмосфералық ауаның ластануына аспаптық бақылау жүргізеді. Өткен жыл ішінде шектік нормативтерден асу фактілері тіркелмеді. Қазіргі уақытта қоршаған ортаны қорғау мақсатында тиімді іс-шараларды енгізу жолымен нақты эмиссиялардың өсуін болдырмау және жою бойынша жұмыс жүргізілуде.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар