Мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету – халық мүддесін ойлаушылық

Мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын мемлекет пен халықтың өзара қарым-қатынасының бүгінгі көрінісі деп бағалаған жөн.  Ақмола облысының бұл салада бет-бейнесі жаман емес. 

Бүгінгі таңда елімізде мемлекеттік қызметтерді алу үшін қолайлы жағдайлар жасауға, барлық қызмет алушыларға оның қолжетімділігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Күнделікті мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және оңтайландыру бойынша жұмыстар жүргізіліп, ұсынылатын құжаттардың тізбесі қысқартылып, көптеген қызметтер электрондық және проактивті нысанға ауыстырылуда.

Жалпы, электрондық қызметтер санының да, қатарының да артуына тиісті мәліметтер дәлел. Мәселен, 2022 жылы біздің облысымызда 9 386 565 мемлекеттік қызмет көрсетілді, бұл 2021 жылмен салыстыра айтқанда, көрсетілетін 852 538 мемлекеттік қызметке артық. Көрсетілген қызметтердің 94,5 пайызы электрондық түрде көрсетілуде.

Алайда, біз тек мемлекеттік қызметтер және оларды алу тәсілдері санының артуына ғана емес, сондай-ақ, көрсетілетін қызметтер сапасына ерекше назар аударудамыз. Бұл жерде атап өтетін мәселе, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасына баға беруде қоғамның рөлі ерекше, сол себепті, заңнамада азаматтардың қанағаттану деңгейін анықтау үшін арнайы қоғамдық мониторинг ұғымы белгіленген.

Осылайша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тапсырысы бойынша «Жаңа шабыт» қоғамдық бірлестігі жүргізген қоғамдық мониторинг нәтижелері туралы есепке сәйкес, Ақмола облысының жергілікті атқарушы органдары республиканың барлық өңірлері арасында үш жылдық кезеңде (2020-2022 жылдар) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының ең жоғары балына ие болды. Яғни, Ақмола облысының жергілікті атқарушы органдары қызмет алушылардың оң бағаларының орташа көрсеткіші бойынша елімізде соңғы жылдары үздік нәтижелерге жеткен.

Осы салада атап өтетін өзгерістерге келсек, 2022 жылы сәуір айында Қазақстан Республикасының Президенті «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Жарлықта мемлекеттік аппаратта шешімдер қабылдауды жеделдетуді, құжат айналымы мен есептілікті талап ететін жүйелік және қолданбалы шаралар кешені көзделген. Жарлық мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласын жетілдіру мәселелерін қамтиды.

Осы бағытта департаменттің арнайы жұмыс тобы, қоғам өкілдерімен бірлесе отырып, білім және денсаулық сақтау салаларындағы мемлекеттік органдар мен ұйымдарда мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту орайында талдау жүргізді. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің бизнес-процестерін талдау нәтижесі бойынша 172 бастамашылық ұсыныс әзірленді.

Талдау жұмыстары барысында енгізілген ұсыныстар бойынша жүзеге асырылған бастамалар да бар. Мысалы, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қызметтерде электрондық хат алмасу жүйелері болмаған еді. Бұл жұмыс барысындағы шешім қабылдауда, құжат алмасуда, оларды сақтауда үлкен қиыншылықтар тудыратын. Талдаудан кейін аталған басқармалалар тиісті ақпараттық бағдарламамен қамтамасыз етілді. Мұның өзі сырт көзге қарапайым мәселе болғанымен, мемлекеттік аппараттың қызметін цифрландырудағы өте елеулі қадам.

Ойымды қорытындыласам, мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту жұмысы мемлекеттік басқаруда түбегейлі оң өзгерістерге алып келетініне күмән жоқ. Сондықтан, Президенттің мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту мәселелері туралы Жарлығы – өткен жылы қабылданған нормативтік құжаттардың ішіндегі ең маңыздысы деген ойдамын.

Қызмет көрсету сапасы, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер желісі бойынша шағымдардың басым көпшілігі, шамамен 70 пайыздан астамы, жер қатынастары, қала құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына қатысты болып келеді. Егер шағымды қарау нәтижесінде өтініш берушінің дәлелдері расталса, біз өз тарапымыздан қызмет алушының құқықтарын қалпына келтіру шаралаларын қабылдаймыз.

Құрғақ есептілікке жүгінсем, қызық болмайтын шығар және мұндай ақпарат департаменттің сайтында да бар. Сондықтан, тек кейбір мысалдарға тоқтала кетсем. Мәселен, Зеренді ауданының тұрғын үй комиссиясы тұрғын үйді жекешелендіру құқығын растайтын сот актісіне қарамастан, Е.И.Айнабековке мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартқан. Басқарманың шағымды қарау қорытындысы бойынша Зеренді ауданының әкімдігіне бас тартудың негізсіздігі туралы қаулы шығарылды. Департамент енгізген шешімді орындау мақсатында комиссия арызданушыға тұрғын үйді жекешелендіруге рұқсат беру арқылы оның бұзылған құқықтарын қалпына келтірді.

Немесе мына бір мысал. Н.В.Евтушенко 2018 жылдан бастап Есіл аудандық полиция бөлімінде Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу фактісін дұрыс тіркемеуіне байланысты зейнетақы жарналарын ала алмаған. Шағымды қарап, департамент Ақмола облысының полиция департаментіне тиісті қаулы жолдады, оның негізінде арызданушының елден кетуі ақпараттық жүйелерде тиісті түрде тіркелді. Нәтижесінде Н.В. Евтушенко екі миллион теңгеден астам жинақталған зейнетақы жарнасын алды.

Кәсіпкер Б.Р.Әубәкіровке Көкшетау қаласының әкімдігі газ толтыратын моноблокқа қызмет көрсетуге арналған жер телімін сатудан бас тартқан. Шағымды қарау нәтижелері бойынша департамент бас тартудың негізсіздігі туралы шешім қабылдады, алайда, онымен мемлекеттік орган келіспеді. Дегенмен, сот ісін жүргізу нәтижесінде әкімдік департаменттің бұйрығымен келісе отырып, жер телімін беру туралы шешім қабылдады. Бұл осы тұрғыдағы кейбір мысалдар ғана, ал, жалпы, өткен жылы департамент 39 адамның құқығын қалпына келтіріп, мемлекеттік қызмет алуға жағдай жасаған.

Енді мемлекеттік қызметтерді көрсету саласында қандай өзгерістер күтілуде деген сауалға келсек, жоғарыда айтқанымдай, қазіргі уақытта мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту туралы Президент Жарлығы шығып, Мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасы қабылданғаннан кейін барлық мемлекеттік аппараттың жұмыс тәсілі өзгеруде. Әрине, кейбір мәселелер шешілу үшін заңнамалық актілер қабылдануы қажет.

Өткен жылдың соңында орталық мемлекеттік органдар «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жөнінде жоба әзірлеген болатын. Онда мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыратын нормалар көзделген. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласы бойынша барлық мүдделі азаматтар сол Заң жобасының қабылдануын күтуде деген ойдамын.

Думан ӘБІЛЕВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар