Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлт мұрасын ұлықтау парыз - АРҚА АЖАРЫ

Ұлт мұрасын ұлықтау парыз

Биыл Алаштың ән  әлеміне өлшеусіз үлес қосқан Ақан сері Қорамсаұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Облыс орталығындағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі «Ақаннан әуелеген әсем ән» атты республикалық дәстүрлі әншілердің байқауын өткізбек. Біздің тілшіміз оқу орнының басшысы Құралай Ыдырысоваға жолығып, тілдескен болатын.

–Құрметті Құралай Ғазизқызы, Ақан серінің есімі берілген жоғары мәдениет колледжі әр жыл сайын осындай игі шара өткізіп келе жатқанын әнсүйер қауым жақсы біледі. Дәстүрлі әншілер байқауының мақсат-мұраты туралы айта кетсеңіз?

–Қазақ ән өнерінде өзіндік орны бар Арқадағы әншілер мектебінің негізін қалаушылардың бірі әрі жарық жұлдызы Ақан сері Қорамсаұлы екендігі белгілі. Серінің таңғы шықтай мөлдіреген ғажайып әндері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатыр. «Құлақтан кіріп бойды алатын» сырлы сезімге,  айшуақ нұрға толы ұлы мұра ұрпақ кәдесіне мәңгілік қызмет етпек. Бір жағынан Серінің кейінгі ұрпаққа қалдырған киелі мұрасын насихаттасақ, екінші жағынан дәстүрлі ән өнерінің ел ішінде абыройға бөленуін көздеп отырмыз. Жалпы бұл қадам замандастарымыздың, әсіресе, өнерсүйер кейінгі жас толқынның көкірегіне нәр құйып, ұлт мұрасы ұлықталар еді. Қазір ұжым республикалық дәстүрлі әншілер байқауын өткізуге тыңғылықты дайындалуда. Киелі Көкше топырағында Ақан серінің әнін орындайтын айтулы әншілер аз болған жоқ. Бірақ, ұрпақ алмасуы, өнер сабақтасуы заңдылық. Алдыңғы толқынды жаңа, жас толқын басады. Міне, осындай өліара кезеңде үзіліп қалмауы керек. Ақан сері әндерін орындаушылардың жаңа легі, қуатты, табиғат тамаша талант сыйлаған бір шоғыр орындаушылар бар. Біз осы байқау арқылы олардың да қанаттандырып, көкіректерін қоламтаның шоғындай қыздыратын рухани нәр бергіміз келеді. Бойларында табиғат сыйлаған тамаша таланттары бар, өнерге ғашық жастар Серінің бар мұрасының нәрін балғын жан дүниесіне сіңіріп, сол әндерді орындау арқылы ұлы көшті сәтімен сабақтаса, бір ғанибет емес пе?! Осы ғибратты дүние іркіліп үзілмей, жандана жаңарып, өзгеше реңге ие болса, ұрпақ тәрбиесінің кәдесіне жарайтындығына сенімім кәміл. Сұлу саз, ойлы да өрнекті сөз жастарды әдемілікке, адамгершілікке, парасаттылыққа тәрбиелейді. Әннен қуат алып, сол арқылы өмірге деген дұрыс, анық көзқарастарын қалыптастырып бой салып өсетін болса, еркін, бостан еліміздің жастары бәйтеректей тамырын тереңге жаяды. Жалпы, әнді сүйетін, ұлттық өнерді бағалайтын жастардың тәрбиесі тәлімді.

–Байқауға кімдер қатыса алады?

–Бұл арада айта кететін бір дүние, республикалық дәстүрлі әншілер байқауына қатысушылардың жас ерекшеліктері ескеріледі. Мәселен, «Балалар» аталымы бойынша 12-15 жас аралығындағы жалпы білім беретін мектеп, өнер мектептері мен гимназия-лицейлердің оқушылары қатысса, «Жасөспірімдер» аталымы бойынша 16 мен 20 жас аралығындағы колледждердің білім алушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері бақ сынамақ. Ал, «Жастар» аталымында 21 мен 25 жас аралығындағы өнерлі өрендер өнер көрсетеді. Тағы бір талапты айта кетсек артықтығы болмас. Кәмелетке толмаған қатысушылардың қауіпсіздігіне жіберуші тарап жауапты. Өйткені, біз қашанда жастардың қауіпсіздігін ойлауымыз керек. Сондықтан, бұл араны бөле-жара айтып жатырмын. Қазіргі күні байқаудың өткізу барысын қадағалайтын және ұйымдастыру жұмысының дайындығын пысықтайтын ұйымдастыру комитеті құрылуда. Олар өнер додасы өткізілетін орынды белгілеп, қазылар алқасының құрамын анықтап, қатысушылардың тізімін бекітеді. Ал, қатысушылар байқау барысында  Арқаның ардагері Ақан серінің бір әнін және бір халық әнін орындайды. Бұл талап алғашқы екі аталым бойынша қатысушыларға қатысты. Ал, 21-25 жас аралығындағы жастар қосымша жеребе тарту арқылы үшінші әнді орындайды. Шын талантты жазбай тану үшін осындай талап қойылып отыр. Негізі өнер тазалықты, әділдікті сүйеді. Әділдік бар жерде ғана шырағы жанбақ. Тағы бір айта кететін дүние, байқауға қатысушылардың орындаушылық деңгейі, әнсүйер қауымға әсері ескеріледі. Сондай-ақ, сахна мәдениеті де жоғары талапқа сай болуы керек.       

–Сұхбатыңызға рахмет! Бағалы бастаманың баянды болуына тілектеспіз.

 Сұхбатты жүргізген Байқал БАЙӘДІЛОВ. 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар