«Жасай бер, жаса, сүйікті ел!»

Осындай тақырыппен Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында композитор, «Ыбырай Алтынсарин», «Мәдениет қайраткері» белгілерінің иегері Құрмет Сақайдың 70 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеш болып өтті. Өнер кешіне өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, әнсүйер жұртшылық, жастар жағы көптеп жиналды. Сонымен қатар, концерттің ашылу салтанатында Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін арнады.

Шығармашылық кешке «Байталақ батыр» қоғамдық қорының басшысы Білімтай Біләлұлы мен ұлт жанашыры Бота Баман Астана қаласынан арнайы келіп, өнер иесіне ыстық ықыласын жеткізді, ата дәстүр жолымен иығына шапан жауып, «Байталақ батыр» және «Құрманхан Мұқамәдиұлы»   медальдарын табыс етті.

–Ардақты Құрмет аға! Бүгінгі шығармашылық кешіңіз құтты болсын! Әндеріңіз қазақтың ән көгінде әуелей берсін, жасай беріңіз. Құрмет ағамыз менің әкем, ақын Баман Құрманханұлын жақсы білетін. Әкемнің көзі тірі болғанда бүгін осы жерге өзі келіп құттықтар еді. Бүгінгі кеште шырқалған «Көкшетау вальсі» әнін менің әкем жазған болатын. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген осы шығар, – деді Бота Баман.

Құрмет Сақайдың есімі киелі Көкше жұртына ғана емес, қалың Алаш еліне де танымал. Жүрек қылын шертетін сырлы лирикамен әспеттелген әсем әндері мыңдаған тыңдаушының жүрегінен орын алған. Иә, мұндайда қазақ халқының «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген өнегелі сөзі ойға оралады. Шынымен де тегі жақсының тегі болмайтыны анық. Құрмет ағамыз өнерлі отбасында дүниеге келіп, жастайынан әкесінің орындауындағы күмбірлеген күй мен анасының шырқай салған әнін тыңдап өскен. Оның музыкаға деген құштарлығы ерте оянып, балабақшаға барып жүрген кезінен-ақ ән салып, қойылымдарға қатысқан екен. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын ағамыз мектеп қабырғасында жүргенде-ақ гармонь, баян сияқты аспаптарды өз бетінше үйреніп, болашақта музыкант болуды армандайтын.  Иә, арман жолы адастырмайды ғой.

Қазіргі таңда Құрмет Сақайдың 300-ге жуық әндері 5 кантатасы, 1 музыкалық комедиясы және 30-дан астам би музыкасы бар. Сонымен қатар, 100-ден астам әндерді қазақтың халық аспаптар оркестріне өңдеген, әуесқой сазгерлердің 200-ден астам әндерін нотаға түсіріп, клавирлеген кәсіби маман.

Құрмет Сақай «Күміс қоңырау» балаларға арналған әндер, «Үш бақытым» патриоттық әндер, «Қыранды Қазақстан» Төлеген Қажыбаевтың өлеңдеріне жазылған әндер және «Ақ ордасы білімнің» мектеп оқушыларына арналған әндер  жинақтарының авторы.

Кеш барысында композитордың әндерін Мәдениет қайраткерлері Гүлжан Ахметова, Жанат Есов, Мәдениет саласының үздігі Валерия Болиева, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Серікболсын Бекмолдин, Аягөз Қалмағанбетова, Абзал Ес, Саида Сағди, Айгерім Дәулетхан нақышына келтіріп орындап, әнсүйер қауымның көңілін бір серпілтіп тастады.

Концерт К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен өтті. Дирижерлары «Құрмет» орденінің иегері Тұрлыхожа Базаров пен Руслан Қойшыбаев. Сонымен қатар, өнер кешіне Мәдениет саласының үздігі Галина Колесникова жетекшілік еткен камералық хор қатысып, автордың «Көкшетау вальсі» (сөзі Баман Құрманханұлынікі), «Анам, әкем» әндерін тамылжыта орындады. Сондай-ақ, ән кешінде Мағжан Жұмабаевтың, Төлеген Айбергеновтің, Мұқағали Мақатаевтың, жергілікті авторлардан Ерболат Баяттың сөздеріне жазылған әндер шырқалып, көрермен көңілін сұлулыққа бөледі. Жасай, беріңіз, жүрегін ән тербеген жақсы аға дейміз біз де!

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар