Менің атым бәтіңке…

Шын айтамын, менің атым бәтіңке. Түсім қоңыр. Мейлі ғой, жаңа тігілген су жаңа бәтіңке  деген  атымыз  бар  еді…  Қожайынымның  өкшесін  ит  жеп  кеткен  бе, білмеймін, аяғын тарп-тарп басып, жер сыза, қисаңдай жүреді екен…

Жаңа киілген бәтіңке деген беделіміз бар емес пе, қайтер екен деп, оң аяғын қысып кеп жібердім. Досы ит екен, «аяғыңа сыймаса, тоңазытқыштың «морозильнигіне» бір күн қой, қатып қалады да, ертеңіне алған соң жылып, жібиді…» дегенін естіп, ой жынымның келгені! Адамгершілігі жоқ екен, екі күн бойы алмады, ұмытып кетсе керек, алпыстағы әжесі ет асқысы келді ме, мені ет екен деп, кәстірөлдегі салқын суға салып жібергені… Тұншығып өліп  қала  жаздадым. Сыңарым сыңсып, есік алдында жатқан, алқынып айқайлағым келді… Бір кезде, бойым жылып, жаным кіріп бара жатқандай… Су ысып барады… Қайнай  бастадым…  Аузым  ашыла  бастады…  Бір  кезде  немересі:

–Әже, не пісіріп жатырсыз? І-і-і, мынау менің бәтіңкем ғой!» дегенде әжесі: «Көтек! Ет екен деп қалдым ғой, көзім жөнді көрмейді менің! Шешеңе айтпай-ақ қой!» деді бетін шымшып.

Суым сорғалап мен тұрмын… Тұмсығым мыжырайып, аузым ашылып кеткен… Күнге кептіріп алған соң, соқталдай жігіт мені лақтырып тастамады. Етікшіге апарып… Ойба-ай, біреу ашылған аузыңды шегелеп тастаса жақсы көресіз бе? Жүрегім сыздап, инфаркт алдым…

Осындайда еске түседі де, менің бір танысым бар. Шет елден келген «иностранец» төпли. Екеуі де қап-қара… Бет майлары жылтырап тұр ғой енді… Олар базар сөресіне барған жоқ. Қымбат төплилер сатылатын супермаркеттен бір депутат сексен мың теңгеге сатып алды…  Охо-ой, қара төплидің  жүрісін  көрсең! Билік дәліздерінде маң-маң басып жүргені… Өкшесіне шаң жуымайды ғой! Егесі мәжілісте ұйықтап отырады, аяғын-аяғына асып қойып…  Рахат!  Тағы бір досым бар.  Қырғызстанда туылған төпли.

Оны бір журналист сатып алып еді, кеше СМС-пен хат жазып жіберіпті: «Бәтіңке дос, жағдайың қалай? Менің жағдайым өте нашар, мына тілшіге қай құдай кезіктірді, анаған да шауып барады, мынаған да шауып барады, өкпем өшті…» депті…  Ал, біздің  үсті-басымыз балшық, өкшеміз желініп кеткен, бір кезде түсіп қалатын шығар… Құдайдың арзан қара майымен майламайды ғой… Түкіріктеп сүрте салады…

Бізді шешкенде дақа-дақа қойса ғой, лақтырып тастай салады. Сосын жатамыз, екі жақта… Кеше сыңарымды сағынып өлдім, иеміз әрең тапты… «Не болды?» деп сұрасам, бір иті бар еді, сол тістеп алып, қораның ішіне  апарып  тастапты.  Қорада тұрған сиыр шайнапты біраз…  Бір тауық тұмсығын шоқыпты.  Бір ешкі рахаттанып жалапты.  Көрмеген қорлығы жоқ сыңарымның…

О-ой, бір әкімнің аяғында жүрген танысымның өмірі керемет қой! Тұмсық жағын да доллар жатады… Иесі пара алған кезде сонда тығады екен… Ал, біздің сүмелек тұмсығымызға ескі шүберек тығып қойған. Бос жерімізге… Бес жыл болды ғой, киіліп жүргенімізге. Қартайып кеттік тегі… Тастамайды бізді… Қаржы полициясы бастығының аяғындағы төплиді көрші, апта сайын демалысқа шығады.

Басқа төпли ауыстырып киеді. Ал бізді иеміздің інісі екі жыл киді тепкілеп. Одан кейін арт жағымызды қырқып тастап, шешесі есік алдына киетін сүйретпе етіп алды, сау-тамтығымыз қалмаса да… Көшеге шықпаймыз. Қашып кетейік десек, қаша алмаймыз, қайтейік, қара жерді дақа-дақа баса алмаймыз… Сорлымыз… Бейшарамыз…

Мұхтар ШЕРІМ.

БАД

–Дәрігер, басы ауырып,
Мына шалың әбігер.
–Е, ата, басыңыз ба,
Әлде мешайт жасыңыз ба?
Міне, мынау БАД-ым,
Көмектеспесе егер,
Басқа болсын атым.
Мұндай дәрі жоқ әлі,
Бағасы да шамалы.
… Енді қайттің, көнесің,
Дәрі ішпей гөр,
Өлесің.
Шал да алды аларын,
Пайдасы көп дегесін.
Күнде үзбей ішіп жатыр,
Бірақ, бастың аты бас емес пе,
Керегінде қысып жатыр.
Содан…
Содан дерің бар ма,
Барлық БАД-ын өткізіп,
Отпускіге Дубайға,
Тартып кетті біздің батыр…

Жұмыртқа

Тауықтың осы жұмыртқасы
Алтын ба?
Қашан табады өзі,
Жылыда, әлде салқында.
Түнде, күндіз
Әйтеуір, он данасын,
Бес жүз теңгеден алып жүрміз.
Оның есебі енді былай ғой,
Тауық баяғы бізді сыйлайтын,
Тауық емес пе,
Оған да жұмыртқасының,
Қымбат екені ауыр емес пе?!
Тілі жоқ,
Соны айта алмайды.
Ал, біздің қулар,
Жем қымбат деп айқайлайды.
Сөйтіп, үсті-үстіне қоса береді,
Халыққа алсаң да аласың,
Алмасаң да аласың деп
Тоса береді.
Шіркін, сол тауыққа
Тіл бітсе ғой,
Жемсауыма менің кішкентай,
Қанша азық сияр деп,
Әй, жарандар ұял деп,
Тежер ме еді, бағаны.
Әттең, әттең, сөйлейтін,
Ондай тауық жоқ әлі…

Шекісу

Теңге мен рубль
Шекісіп қалды.
Әлгі былай ғой…
Тым әріге кетісіп қалды.
–Сен менің жолымды,
Бөгейсің, –
Деп теңге сөкті.
Анау да қоқаң етіп,
Бір рубльге әлі,
Жеті теңгеден төлейсің, –
Деп зәрін төкті.
Бірақ, теңге,
Шіркін, қайтсін,
Басылып тұрды.
Анау болса,
Өктемсіп, тасынып тұрды.
Мұндайда теңге алмай ма,
Бірінші болып ударды.
Көрмей жүр дейсің бе,
Доллар, евро, рубль дейтін,
Бізге мығым қуларды.
Жә, әлгі жерде,
Теңгеме көмектескім келді.
Қалай қарап тұрармын,
Өзгелер өктемсісе енді.
Бірақ, аналар мықты еді,
Бірден бойларын тіктеді.
Қолдап сөйлей бастап ем,
Жеңісіммен бітпеді.

***

Теңге ғой бір тірегім,
Содан ауырып жүрегім,
Әлгілер ертең күндейтін,
50 мың теңге банкнот,
Шықпаса екен деп тіледім…

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар