Ұзап кеткен күндеріме қараймын!..

Сайлау БАЙБОСЫН, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Ерейментау және Баянауыл аудандарының Құрметті азаматы. Бірнеше республикалық, аймақтық әдеби байқаулар мен мүшәйралардың жүлдегері: 2006 жылы Жарасқан Әбдірашев атындағы республикалық мүшәйраның үшінші жүлдесін алған. 2008 жылы «Бір өлең – бір әлем» атты республикалық, 2009 жылы Үмбетей жырау Тілеуұлының 300 жылдығына арналған аймақтық мүшәйраның Бас жүлдесін алған.

2015 жылы Қазақ хандығының 500 жылдығына арналған «Алаш тарихының ақиқаты» атты республикалық әдеби байқауда «Баба байрақ» дастаны жүлделі бірінші орынған ие болған. 2017 жылы Алашорда үкіметінің 100 жылдығына арналған «Алаш арманы – Тәуелсіз Қазақстан» атты республикалық мүшәйрада «Жүсіпбек пен Сұлтанмахмұт» дастаны екінші жүлдеге ие болған.

2016 жылы «Асқазаныңыз ауырмай ма?», «Маска сатып алыңыз» атты сатиралық әңгімелері үшін дәстүрлі «Алтын қалам» сыйлығын алған. Шоң би Едігеұлының 265 жылдығына арналған Павлодардағы облыстық мүшәйрада «Шоң би» поэмасы екінші жүлдеге ие болды.

  Сайлау БАЙБОСЫН

 Жазылмайды!..

…Жазылмайды, жаза алмаймын күнде өлең,
Жылжуменен өтіп жатыр күн деген.
Жарысады жылдар келіп жылменен,
Ауысады күндер келіп түнменен.
Ән ұшады беймезгілдеу кеудеден,
Ауысады қаңтар келіп шілдемен.

Өмір мынау – өгізаяң ілбіген,

Көңіл мынау – сәл-сәл ғана кірлеген.
…Ұзап кеткен күндерімен  қараймын,
Ұмытылып қалғандайын бірдеңем..

 

Бақыт

Өмір деген ­– өкпешіл дос, себебі,
Өрі де емес, төрі де емес керегі.
Көбең-көбең күндерімнің келбетін,
Өлеңменен өрнектегім кеп еді.

Басымыздан өтіп бір кез сан дүбір,
Соңымызда талай белес, қалды қыр.
Бақ дейтұғын көрінбейтін бір құсты,
Қууменен өтіп кетті бар ғұмыр.

Кереметтей көктем ғой деп кіл алдым,
Қызықпенен кетті талай құмар күн.
Мүмкін сол құс қонған шығар маған да,
Мүмкін оны білмеген де шығармын.

Қара нөсер қарсы соғып бетімді,
Қызық та өтті, шыжық та өтті не түрлі.
Білмедім де бақыт құсы қонғанын,
Соның өзі дұрыс болған секілді.

Мінбедім деп біреу мінген тақытқа,
Өкпе артпадым кеткен анау уақытқа.
Білмегенім дұрыс болды, әйтпесе,
Құн бола ма қолға ұстаған бақытта.

Көктем өтіп, жетті міне тамыз кеп,
Өлең жаздық өткен арыз деп.
Таптырмайтын бақыт деген сол құсты,
Келатырмын, келатырмын әлі іздеп.

Тәңірге өтініш

Ойлағанның бола бермес бәрі ұдай,
Артық бақыт дәметпен.
Топастарға тәуелді еткен, Тәңір-ай,
Саған ғана бар өкпем!

Тағдырымды таразылап піштің бе,
Топастықты тым болмаса қи маған.
Сырты сасық, іші пасық мүскінге,
Ұқсай алмай қиналам!

Тәңірім-ай, бәрі өзіңнің күшіңде,
Қолдан келмес көп бірақ.
Тобырлардан шеттеу қалмас үшін де,
Топас болғым кеп тұрад!

Топ ішінде жалғыз болып сенделгем,
Олар көп қой,
Қалай тама көпке мін?
Ақымақтықты аяғаның пендеңнен,
Неткенің?

Туа алмаймын дүниеге қайта бір,
Оның қанша керегі?!
Маған көмек жасаңызшы, ей, Тәңір,
Топас болғым келеді!

Сарыарқа

(Қасым Аманжоловтың рухына)

                         Ақынның дарынын күндеген біреулер кезінде оны
                         «Сарыарқа» деп жазғаны үшін кінәлайды. Сонда Қасым:
                         «Апырмау, Сарыарқаны – Сарыарқа демегенде, «Көкарқа»
                         деймін бе?!», деп налыған екен.

Күн қонған күрең бұлттың қабағына,
Баяғы сол Сарыарқа – дала мына.
Заманның алай-дүлей амалында,
Бабамның тіреу болған табанына.

Сол дала, қоғалы көл – Сізге де ана,
Сол дала, молалы бел – бізге де ана.
Өлең бар қалып қойған Қасымнан деп,
Жұрнағын жүрміз бүгін іздеп, Аға.

Даңғаза құлақ тұнып дүбірлерден,
Сол заман – кеше келген, бүгін келген.
Сол дала – соқа салып ана бір кез,
Жазықсыз жон арқасы тілімделген.

Сол дала – қара қазақ халқым дедік,
Сол дала – дара ғажап салтым дедік.
…Анамның қол салғандай қойынына,
Ақтарған қазынасын әркім келіп.

Қаңбақтай өтіп кеткен түзден көшкін,
Сол жалған – қалып қойған сізден бес күн.
Жаздың деп Сарыарқаны өлең етіп,
Әйтеуір жазғырмайды біздерді ешкім.

Кәрі тау, көделі бел, қырсаң дала,
Алатын мұңға батсаң, мұршаңды, аға.
Қорықпай «Сарыарқа» деп жаза аламыз,
Әйтеуір мақтанарым – құр сол ғана!
…Әйтеуір мақтанарым – құр сол ғана!

 Жалған дүние

Бір асудан ұмтылып – бір асуға,
Жылдар келіп, жылдарға ұласуда.
«Дүние – жалған» – деуші еді кешегілер,
Жалған екен бұл өмір расында.

Бір қуанып жүргенде, бір жұбанып,
Жалған өмір жатады жылжып ағып.
Жалған күлкі, жалған сөз, жалған тірлік,
Жалғандықтан дүние тұр құралып.

Бір «досыма» өзінің «бастығы ұнап»,
Соған жағу ол үшін – басты мұрат.
Жаңа тағы бір «досым» келіп кетті,
Жалған күлкі жүзіне жапсырып ап.

Жалғын тірлік осынау бәрі-бәрі,
Әлсіз барып мықтыға табынады.
«Жағымпаздық» дейтұғын бір сырқат бар,
Ана жүрген ағамыз ауырады.

Қаша-қаша солардан жүгіруден,
Жығылудан шаршадым, сүрінуден.
Пайда қуған іні мен өз басы үшін,
Айла қуған ағадан түңілуден….

Есалаңнан болса да есің ада,
Сене алмайсың қасыңа, досыңа да.
Жалған атақ, жалған сөз, жалған мақтау,
Іздейтінің бәрінің осы ғана.

Бір өкініш жоғалмай өзегімнен,
Қиырымды қиялмен кеземін мен.
Бәрі жалған қарасам айналаның,
…Қашып кеткім келеді өз-өзімнен.

Жалғыздық

Құштарымның құрығын ала қашқан,
Бір жыр оқып берейін саған, Аспан.
Бір жыр оқып берейін, саған бүгін,
Қуанышы мұңымен араласқан.

Желқайықтай жанымнан күн зыр етіп,
Жеткізбейтін бір арман жүр жүдетіп.
Тұман кешіп түнеріп тұрған таулар,
Сендерге де берейін бір жыр оқып.

Сері самал асып кеп қырдан аман,
Сергітеді жанымды мұң қамаған.
Бір өлеңім бар еді сақтап жүрген,
Сонымды оқып берейін тыңда, Далам!

Жүрегімнің қаны мен тамған нәрі,
Бар байлығым осы еді жалғандағы.
Сендерге оқып берейін, себебі оны,
Ерейменде тыңдайтын жан қалмады…

 Ажы деген ауыл бар…

Ажы деген ауыл бар ана жақты,
Салт-дәстүрі әзірше саламатта.
Қадамдары басулы алғы күнге,
Адамдары бейілді қанағатқа.
Ажы деген ауыл бар ана жақта…

Ажы деген ауыл бар шағын ғана,
Айналасын қоршаған сағым дала.
Зиялы арман жетелеп жеткіншегін,
Ұя болған ару қыз, нар ұлға да,
Ажы деген ауыл бар шағын ғана…

Ажы деген ауыл бар маң далада,
Мекен болған ақылды ұл, арлы ағаға.
Кішілер келетін ізеттілеу,
Үлкендері беретін барға баға.
Ажы деген ауыл бар маң далада.

Дәуірлердің  дерегін ап сырласқан,
Тарихына қарасаң – нақ бір дастан.
Бесіктерін сәбидің Қыдыр тербеп,
Есік-төрін салт пенен дәстүрге ашқан.

Ажы деген ауыл бар ана жақта,
Аймауытов Жүсіпбек дәріс беріп,
Топырағын бір кезде Мәшһүр басқан.
…Ажы деген ауыл бар ана жақта…

Жас ақындарға

…Қымбат екен тірліктің несі маған?
Таңы тыныш, әйтеуір кеші де аман.
Үшеуіңе мен бүгін қараймын да,
Ұшып кеткен күндерді есіме алам.

Сол күндерді… қиналмай дос табатын,
Сол күндерді… қызыққа қосқан атын.
Тамақ ішпей, құрсағың тоқ жүретін,
Шарап ішпей, сезімге мас болатын!

Жаһанға ашып қақпасын жан-жүрегім,
Анау қырдан қарсы алып таңды керім.
…Жаутаң көзді бір қыздың жанарында,
Қайта оралмас сол күнім қалды менің…

Содан кейін… құйылмай арай қырға,
Құлаш ұрдық тірлікте сан айдынға.
Сол бір қимас шағымды есіме алам,
Үшеуіңе мен бүгін қараймын да!

 Көктем деген осы ма…

Шылбыр үзіп құлын-шабыт,
Құлдырайды қырымда.
Кекілді қыз, тұлымшағың,
Айналыпты-ау бұрымға!

Тентек бұлақ тасып аққан,
Көл болудан үміткер.
Тентек інім асық атқан,
Айналыпты жігітке!

Көк бояу боп ыршып сезім,
Қонға ба әлде терекке?
Түйір-түйір бүршіктерің,
Айналыпты желекке!

Үзілген жоқ аспанымнан,
Құс әуені тәулікке.
Оранып ап ақ сағымға,
Билеп кетті тау біткен!

Көктен жылу сұрап алып,
Қылтияды бір шыбық.
Еміп жатыр Күн-ананы,
Көзін ашқан тіршілік.

Дүниені дүр еткізген,
Дүбіріңе қосылам.
Табиғатты түлеткізген,
Көктем деген осы ма?

Есіл

Керімсал мынау кеші даланың,
Сергітсе кейде сезімді.
Елжіреп неге есіме аламын,
Ессіздеу сонау кезімді…

Ертеңге ғашық сол күнім қайда,
Толқитын сезім басылмай.
Есіл-ау, сенің толқының қайда,
Торылау қыздың шашындай?

Жыр жазам бүгін өртемейтұғын,
Өртемейтұғын енді мен.
Сол қыздар қайда еркелейтұғын,
Ұсынған шарап ернімен.

Ол-дағы мендей дамылдап па екен,
Талқыдан өтіп не түрлі.
Қай үйдің барып шамын жақты екен,
Сол бір қыз елік секілді?

Шықпайсың неге есімнен мүлде,
(Естелік басқа жоқ менде).
Есіл күндерім Есілмен бірге,
Алыстарға ағып кеткен бе?!

Бітті ме бүгін шертіліп өлең,
Бір белгі қалмай мың күннен.
Есілдің асау толқыныменен,
Кетерін ағып кім білген…

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар