– Биылғы жыл басынан 4,5 мың астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды. ҚазАқпарат бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 4 575 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 111,1 мың этникалық қазақ оралды.
Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың тең жартысы (52,4%) – Өзбекстаннан, 19,3% – Қытайдан, 6,3% – Түрікменстаннан, 5,3% – Моңғолиядан, 13% – Ресейден және 3,7% басқа елдерден келді.
Олар негізінен Алматы (27,9%), Маңғыстау (13,9%), Түркістан (6,8%) және Жамбыл (5%) облыстарына, сондай-ақ Алматы (9,0%), Астана (11%) және Шымкент (6,5%) қалаларына қоныстанды.
Осы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны – 69,1%, еңбекке қабілетті жастан кішілер – 22,3% және зейнеткерлер 8,6% құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінде білім деңгейі бойынша 18,5% — жоғары білімді, 39,9% — орта кәсіби білімді, 36,7% — жалпы орта білімді және 4,8% білімі жоқ.