– Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев балалар қауіпсіздігі мәселесіне қатысты үндеу жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін сіздермен елімізде кейінгі уақытта жасөспірімдер арасында болған резонансты оқиғалар бойынша жиналып отырмыз. Баршаңыз Қызылорда, Түркістан, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарындағы жағдайды естідіңіздер. Енді міне, Алматы облысында жантүршігерлік оқиға болды. Министрлік бұл жағдайды кейбір жасөспірімдер арасындағы шектен тыс зұлымдықтың, қатыгездікдің көрінісі деп есептейді. Мұндай оқиғалар ешбір жерде, ешбір уақытта болмауы тиіс, қайталанбауы қажет! Бұл жағдайға қатысты қылмыс жасағандар заң тәртібінде қатаң жауапкершілікке тартылуы керек! Біз мұны қадағалаймыз
, — деді Ғани Бейсембаев балалардың қауіпсіздігі мәселесіне арналған жиында.
Бүгінгі жиналысқа барлық аймақтардың білім беру басқармаларының, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің, аумақтық сапаны қамтамасыз ету департаменттерінің басшылары, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау саласының өкілдері қатысты.
Жиын барасында министр Алматы және Түркістан облыстарында мерт болған оқушылардың ата-аналарына, туған-туыстарына көңіл айтты.
Министрлік бірден балалардың құқығын қорғау уәкілдері, аймақтық сапаны қамтамасыз ету департаменттері, психологтер, полиция және денсаулық сақтау саласының өкілдерінің қатысуымен арнайы комиссия құрып, жедел әрекеттер жасады. Қазіргі кезде комиссия өзінің жұмысын жалғастырып жатыр. Ішкі істер министрімен сөйлестім, құқық құрғау органдары жағынан да жедел әрекет ету жұмыстары жүргізіледі
, — деді ведомство басшысы.
Осы орайда ол, білім беру саласындағы негізгі міндет балаларға қауіпсіз және қолайлы ортаны құру үшін қажет әрекеттерді қамтамасыз ету екенін айтты.
Бала құқығының бұзылуына жол бермеуіміз керек. Осыған орай, білім басқармасы, аудандық және қалалық білім беру бөлімдері басшылары тәрбие жұмысы бойынша жеке жауапкершіліктерін күшейтуі тиіс. Барлық білім беру ұйымдарында сабақ уақытында, сабақтан тыс уақытта оқушыларды мейірімділікке, адамгершілікке, қамқоршылыққа, бірлікке, бірін-бірі қолдауға шақыратын іс-шаралар өтуі қажет. Барлық өңірлерде ата-аналармен жұмысты жүйелі түрде күшейтуді, сондай-ақ балалар арасында қандай да құқықбұзушылықты алдын алуда ведомствоаралық, оның ішінше құқық қорғау, халықты әлеуметтік қорғау органдары, денсаулық сақтау ұйымдары арасында өзара байланысты нығайтуды тапсырамын
, — деді Ғани Бейсембаев.
Мұнымен қоса министр ата-аналарға, балаларға қатысты үндеу жасады.
Құрметті балалар, келесі сөзімді сендерге арнағым келеді. Барлығыңды ата-аналарың әлпештеп өсіріп жатыр. Бір-бірлеріңе қатыгездік жасауға жол бермеу керек. Егер жәбір көріп немесе жәбірлеудің куәгері болсаңдар, бірден көмекке шақырындар. Әр өңірде біз бала құқықтарын қорғайтын өкілдерді тағайындадық. Министрліктің Бала құқықтарын қорғау комитеті тәулік бойы сендерге қызмет атқарады. Тиісті байланыс нөмерлерін білесіңдер
, — деді ведомство басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова Кеген ауданында оқушылар арасындағы әлімжеттік салдарынан көз жұмған екі балаға қатысты мәліметті жариялады.
Фото: shutterstock.com