Орман көптеген пайдалы өнімдердің маңызды және алмастырылмайтын көзі болып табылады, сонымен қатар экологиялық, емдік және санитарлық маңызы зор. Ауаны қажетті химиялық элементтермен қанықтырады, оны өнеркәсіптік шығарындылардан тазартады.
Адамның жауапсыз қарым-қатынасы, табиғи апаттар орман алқаптары санының азаюына әкеліп соғуда. Бірнеше сағат ішінде орман екпелерін жоятын ең қорқынышты қауіп – өрт.
Жылы, шуақты күндердің келуімен ең өзекті мәселенің бірі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Өйткені, кез-келген от ұшқыны табиғатта бақыланбайтын өртке әкелуі мүмкін және өсімдіктер мен жануарлар, жақын маңдағы елді мекендер мен адамдарға зақымын тигізуі мүмкін. Себебі, өрт жалыны жоғары жылдамдықпен таралады. Ормандағы өрт үлкен аумақтарды қамтыса айналаға келтірер залалы көп.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 07.02.2023 жылғы №27-5/14-НҚ бұйрығына сәйкес, наурыз-сәуір айларында Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары мемлекеттік орман қоры аумағында 2022 жылғы өрт қауіпі көп маусымға дайындық бойынша мемлекеттік орманды иеленушілерге тексеру жүргізді.
Тексеру барысында облыстың орман шаруашылығы мекемелері қолда бар өрт сөндіру техникасы мен құралдарын осы маңызды кезеңге ойдағыдай дайындағаны анықталды.
Өрттің алдын алу мақсатында мемлекеттік орман иеленушілер құрғақ шөпті өсімдіктерді күйдіру бойынша жұмыстар жүргізеді. Минералданған жолақтар мен өртке қарсы басқа да іс-шараларды жоспарлайды. Бұқаралық ақпарат құралдарында өртке қарсы тақырыпта мақалалар жариялау жоспарланған, мұндағы мақсат тұрғындар арасында ормандарға ұқыпты қарауды насихаттау болып табылады.
Өрт қаупі бар маусым ішінде облыс ормандарын күзетуді «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-інің 3 тікұшағы жүзеге асырады, олар күн сайын облыс ормандарында әуе патрульдеуді жүргізеді. Біздің әуе және жердегі патрульдеу қызметтеріміздің басты міндеті, – оттың орманда таралуына жол бермеу және оны жедел сөндіру.
Барлық өткізілген іс-шаралар біздің әсем өлкеміздің ормандарын сақтауға, адамдардың өмірі мен демалысы үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған. Облыстың әрбір тұрғыны туған жердің табиғат алдында өзінің жауапкершілігін сезініп, оны сақтауға және көбейтуге үлесін қосуы керек. Ормандарды, табиғи байлықтарды өрттен қорғау, бұл табиғат қорғау мекемелері қызметкерлерінің кәсіби борышы ғана емес, сонымен бірге, әрқайсымыздың парызымыз.
Асқар БАТЫРХАНОВ,
Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар
дүниесі аумақтық инспекциясы орман және ЕҚТА бөлімінің бас маманы.