Көп көңілінен шыққан Елена

Облыс орталығының көркіне айналған Қопа көлінің шет жағындағы 2020 жылы салынған «Болашақ» сарайында атақты әншілер, жұлдызды жұптардың өнер кештері жиі болып тұрады. Соның бірі – танымал әнші-композитор Елена Әбдіхалықованың да ән кеші. «Қасиетті Рамазан айы қабыл болсын» деп өз концертін «Құс қанат көктем» әнімен бастады әнші.

«Әр адамның бір жұлдызы бар, жұлдыздарыңыз жарық болсын» дей келіп, «Менің жұлдызым» әнін де шырқады. Жалпы, Елена Әбдіхалықова шығармашылық жолын мектеп қабырғасында жүргенде бастапты. 1986 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданында өткен аудандық айтысқа қатысып, жүлдегер атанған. Мектеп қабырғасында жүріп, аудандық «Алтын-Арай» ән би ансамблінің құрамында аудандық, облыстық байқауларда өнер көрсетіп, 1987 жылы ақындар айтысында топ жарған көрінеді.

Концерт барысында әнші өзінің көп концерт бере бермейтінін айтып, «Өмір әні» де өмірдің кездесуі мен қоштасуы, жарық күнмен достасу, армандардың тоғысуы екенін ұмытпады. Әрине, Елена бұл кешке жалғыз келген жоқ, өнер бәйгесінің Гран-При иегері, шебер қыл қобызшы Шолпан да бірге келді. Ол халық әндері «Бүлдірген», «Гүлдариға» әндерін шырқағанда көрермен қауым риза болып, гүл шоқтарын сыйлады. Кеш барысында құрмамен су ішіп, көрермендер кешкі ауыздарын да ашты. «Қарты бар үй қазына» демекші, өзінің талантын домбырамен көрсетіп, «Қарттарым аман болыңдар» әнін шырқағанда, әсіресе, залда отырған жасы үлкен көрермендер  дән риза болды. Сонымен қатар, өзінің сырларын айтып, махаббат тақырыбына «Көздеріңе ғашықпын» әнін шырқады.

Одан бөлек, «Ойлан балам», «Сағыныш ғұмыр» әндері де халықты тамсантты. Ақындар айтысына қатысумен бірге, жазба поэзияның өкілі ретінде де танымал Елена 2000 жылы «Қарашық» атты өлеңдер мен әндер жинағы, 2004 жылы «Бақыт құсы», 2008 жылы «Шынар көлі» атты жыр жинағын жарыққа шығарған.

Елена Әбдіхалықова алпысқа тарта әннің авторы әрі орындаушысы. Оның әндерін Мәдина Ералиева, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Майра Ілиясова, Рамазан Стамғазиев, Тамара Асар, Жұбаныш Жексенұлы сияқты белгілі әншілер ғана емес, жалпы халық сүйіп айтады. 1995 жылғы Таразда өткен Ш.Қалдаяқов атындағы ән байқауының лауреаты, 2000 жылы Алматыда өткен «Жаңа ғасырға – жаңа ән» байқауында да лауреат атанды. Айта берсек, Елена Әбдіхалықованың бойындағы таланты өте керемет. 2003 жылғы І Ұлттық «Астана-Бәйтерек» республикалық байқауында «Астана туралы» әні үшін дипломант атағын алды. 2012 жылы «Шырайлы Шығысым» әні 2 орынды жеңіп алды. «Сыр сүлейлерінің жазба айтысы» деген тақырыпта зерттеу еңбегі де жарық көрді. Осы тақырыпта филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғады. 1996 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді.

Кеш соңында әнші-композитор қазақ әндерінен попурри  шырқады. Тамылжыған ән кешінде жастарға арнап сөз сөйледі. Еліміз аман, жұртымыз тыныш  болуын қалайтынын айта келіп, күміс көмей әнші кешті «Есіңе мені алғайсың» әнімен аяқтады. Халық дән риза болып, әншіге тек жақсылық тіледі.

Қарлығаш ҚАРПЫҚБАЕВА.   

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар