«Семсер сөзді жанына серік еткен…»

Көкшетау қалалық қазақ үлгілі кітапханасында өткен «Семсер сөзді жанына серік еткен» атты еске алу кеші Көкшенің талантты ұлы Ерназар Ыбыраевтың өмірі мен шығармашылығына арналды. 

Қобызшы, журналист, сатирик жазушы Ерназар Советұлы Ыбыраевты еске алу кешіне қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру мен спорт бөлімінің басшысы Күнім Оразбаева және әдебиеттанушы ғалымдар – филология ғылымдарының профессоры Сәбит Жәмбек, ақын-жазушы, философия докторы Ерболат Баят бастап келген Көкшетау қаласының зиялы қауым өкілдері, көзкөрген жолдастары – әдебиет және өнер музейінің директоры Нұрбек Нұралин, Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының белді актері, мәдениет қайраткері Төлеубек Көңбай мен туған-туыстары, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті мен Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінің студенттері қатысты. Іс-шараны ақын-жазушы, Көкшетау қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесінің директоры Серік Жетпісқалиев жүргізіп отырды.

Кеш барысында зиялы қауым өкілдері Ерназар Советұлының шығармашылығы жолындағы өзіне тән ерекше қабілеті мен өзіндік болмысы туралы, аз ғана ғұмырында қалдырған мәңгі өшпес мұрасы жайында  әңгімелесе, бірге қызметтес болған достары марқұмның жарқын бейнесі хақында ұмытылмас естеліктерімен бөлісті. Сонымен бірге, кеш барысында жиналған қауым келесі жылы Ерназар Ыбыраевтың 65 жылдық мерейтойын атап өтуге қатысты ұсыныстарын ортаға салып, талқылады. Актер Төлеубек Көңбай өз кезегінде Ерназар Советұлының «Сүндет» атты сатиралық шығармасын оқып, жиналған қауымды бір күлдіріп алды. Ал, Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінің студенті Дариға Қадырбай қобызбен күй тартып, кештің  мәнін аша түсті.

–Іс-шараның басты мақсаты – «Туған өлке» жоба аясында Ерназар Ыбыраевтың өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттау, оның сан қырлы өнерін үлгі-өнеге ету арқылы жастарды ұлттық құндылықтарды сүюге баулу, олардың бойына патриоттық сезімдерді ұялату, –дейді қалалық қазақ кітапханасының меңгерушісі Жанар Айтқожина.

–Ол Көкшетауға қоныс аударған соң Көкшетау облыстық мәдениет басқармасында қызмет атқарды, Ақмола облыстық филармониясының қазақ халық аспаптары оркестрінде қобызшы, облыстық телерадиокомпаниясында, кейін республикалық «Алаш үні» газетінде журналист, бас редактордың орынбасары болып жұмыс істеді. Ерназар алуан түрлі аспаптарда ойнай беретін орындаушы музыкант, асқан талантты қобызшы, сан қырлы дарын иесі еді. 2006 жылы ұлттық өнерімізді насихаттау мақсатымен ол екі рет АҚШ-тың Голливуд, Аризона қалаларында гастрольдік сапарларда болып, ондағы оқу орындары, мәдени орталықтардың залдарында қазақтың қасиетті қара қобызын тартып, таң-тамаша қалдырды. Қастерлі ұлттық аспабымыз ─ қыл қобызды американдықтарға алғаш таныстырған осы Ерназар бауырымыз еді. Әзіл әңгімелері «Қазақ әдебиеті», «Ара-КZ», «Алаш үні», «Арқа ажары», «Бұқпа!» сияқты газет-журналдарда жарияланып тұрды, – деді ақын-жазушы Серік Жетпісқалиев.

Мазмұнды да тағылымға толы кеш барысында Ерназар Советұлы Ыбыраевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Жарқ еткен ғұмыр…» атты көрме ұсынылып, отбасылық мұрағаттан алынған бейнефильм көрсетілді, марқұмның қарындасы Әсем Советқызы да ұйымдастырушыларға  алғысын білдіріп, естен кетпес естеліктерін ортаға салды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар