Балаларымның  анасы

                                                 Мінезді болса алғаның, одан артық жар бар ма?!
Ақтамберді жырау.

  Адам дүниеден озғанда «қайтты, қайтыс болды» дейді. Қайда қайтты? Осы сөздің түпкі мән-мағынасына тереңірек зерделеп қарасаң, оның о дүниенің ақиқаттығына деген сенім шынайлығынан туған ой екенін анық аңғарамыз. Адам үмітпен өмір сүреді емес пе?!  Игі ислам дінін ұстанған қауым «үмітсіз шайтан» деп бақилық ғұмырдың нұр-шапағатынан да күдер үзбеген.

Иә, өмір құпиясы тылсым. Қытайдың ұлы ойшылы Конфуцийдің шәкірттері «өлім деген не?» деп сұрағанда, ол «ей, шырақтарым-ай, өлім жайлы білгілерің келеді, ал біз болсақ өмірдің өзін танып біліп болдық па?» деп қарсы сауал қойған екен. Өмір болған соң толассыз тіршілік, сан түрлі ой-мақсаттарға толы іс-әрекет бар. Соның бірі – жар таңдап, шаңырақ көтеру. Ол шаңырақтың ошақ оты маздап, үй-іші  ырысқа толы болса, адам баласы үшін одан өткен бақыт та, бақ-дәулет те жоқ.

Зайыбым Хадиша Қожабайқызымен бас қосып, жұбайлық өмір кешкенімізде 9 жылдан аса уақытта 6 бала – екі ұл, төрт қыз дүниеге келген болатын. Өзі балаларын қатты жақсы көруші еді, үйге жұмысынан келген кезде балалары жан-жақтан мазалап жатса да, еш қарсылық көрсетпеуші еді.  Балаларымыздың үлкені 8 жаста, кішкентайы емшекте 8 айлық болатын…  «Бір кем дүние» дейді мұндайда.

Иә, бұл фәниде төрт құбыласы түгел сай адамды кездестіру екіталай болар. Аяқасты келген ажал жан жарым Хадишаны о дүниелік сапарға алып әкетті. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген осы. Артында қалған балаларымды қарау маған оңай болған жоқ. Тірі тіршілігін жасайды. «Жалғыздың жары – Құдай» деген сөз бар. Тәубе, жалғыз қалғаным жоқ.  Абай Хакім айтқанындай, «Атадан алтау, анадан төртеу жалғыздық көрер жерім жоқ». Бұл күнде ұл-қызым мен немере-шөберемнің ортасындамын. Тек өзекті өртер бір өкініш, ортамызда бір орын бос тұрғандай… Ол орын жұбайлық жұбымызды жазбай, өткінші өмірдің ыстық-суығын бірге өткізген Құдай қосқан қосағым Хадишаның киелі орны. «Мінезі ұқсастар ұғысады» деген даналық сөз бар. Ақиқаттың айнасындай шынайы сөз емес пе?! Оның төзімділігі мен сабырлы мінезі мені қайран қалдыратын. Қиындыққа бой бермейтін. Екеуара берік сеніміміз жұбайлық отбасымыздың нық ұстанымына айналған еді.

Сол кездерде әке-шешемнің бар болғандары қандай жақсы еді. Олар болмағанда балаларымды қалай асырап жеткізер едім деген ойға қаламын. Менің қымбатты ата-аналарымның жатқан жерлері жайлы болып, жұмақтан орын бұйырсын деп тілеймін. Мен үшін қымбатты ата-анамен бірдей жандарым – балаларым. Бейітінің басына барғанымда балаларымды еш уақытта да жылатпай, бақытты болуларына өз өмірімді арнаймын деп өзіме іштей уәде бергенмін. Ең бірінші міндет балаларымды оқытып, аяққа тұрғызу болатын. Содан бері аз ба, көп пе, жарты ғасырдай уақыт зымырап өтіпті. Балаларымның төртеуі жоғары білім алып, әр салада алған мамандықтары бойынша жұмыстарын абыроймен атқарып жүр. Үлкен ұлым мемлекеттік қызметте, қыздарым тұрмыс құрып, еліміздің әр қалаларында  тұрып жатыр. Немеремнің үшеуі Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетін грантпен бітіріп, алған мамандықтары бойынша жұмыстарын жалғастыруда. Бір немерем жастайынан спортқа жақын болатын. Мектепте оқып жүріп боксқа қатысып, қызығушылығының арқасында талай жарыстарға қатысып, Ресейдің бірнеше облыстарына барып, жүлделі 1-ші орындарды алып жүрді. Ақмола облысының чемпионы, спорт шебері атанды. Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің дене шынықтыру факультетін бітіріп, Қажымұқан спорт кешенінде жаттықтырушы болып, өз міндетін абыроймен атқаруда.

Тәңірге тәубе, осы уақытта ұл-қыз өсіріп, немере-шөбере сүйіп, қызығын көріп отырмыз. Жаратқаннан ұзағынан берсін деп тілейміз. Балаларым, немере-шөберелерім менің асты-үстіме түсіп дегендей, қасымнан кетпейді. Жылда туған күндерімді өздері ұйымдастырып, 80 жасқа толған мерейтойымды да тойханада атап өтті. Жердің тайғақ болғанын мұздан көрдім,

Еттің ащы болғанын тұздан көрдім.

Жас күнімде қыз бала деп менсінбеп ем,

Қартайғанда рахатты қыздан көрдім, –

деп жазыпты Шернияз ақын. Қыздарымызды қадірлейік. Кейде зайыбым Хадиша балалары мен немере-шөберелерінің осындай қызықты сәттерін көргенде ғой деген ой келеді. Осындайда Сыр өңірінің сүлейі Тұрмағанбет Ізтілеуұлының мына бір өлең сөзі еске түседі.

Дүниеден өмір бітіп, өтсем де өзім,

Аралап жердің жүзін жүрер сөзім.

Көре алмай кейінгіні кеттім ау, деп

Арманда болмай ақ қой екі көзім.

Өмір өз кезегімен өтіп барады. Оған еш тоқтау жоқ. Дана халқым «өткен күнде белгі жоқ» деп айтқанда, өткеннің енді қайтып өнбейтінін, өлгеннің қайта айналып келмейтінін меңзеген болар. Артта ұрпақ қалады. Өлмейтін өмір осылайша жалғаса бермек. Осынау сағынышқа толы шағын естелігімді ескі жырларда айтылатын бір шумақ өлеңмен қайырғанды жөн көрдім.

Береке берсін артына-ай,

Сабыр берсін халқына-ай,

Жасаған ие жар болып,

Жәннатта нұры шалқығай.

Балаларым немере-шөберелерім және келіндерімнің барлығының да маған деген ыстық ықыластары осы ризашылығымды білдіріп, мақала жазуыма әсерін тигізді.

                                             Роман САХИҰЛЫ,
ардагер ұстаз.

                                                                                                                                 

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар