Облыс орталығындағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі халқымыздың біртуар перзенті, ақын, әнші-композитор Ақан сері Қорамсаұлының туғанына 180 жыл толуына орай, республикалық дәстүрлі әншілер байқауын өткізді.
Сарыарқаның сайын даласы. Масатыдай құлпырған далада жан жүрегіңді ғажайып сезімге бөлейтін әуелеген ән есіп тұр. Кейінгі ұрпағына өлмес-өшпес рухани мұра қалдырған Арқаның әншілік мектебінің жарық жұлдыздары Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақтардың ғажайып әндері Көкшенің биігін көктей өтіп, бар қазақтың даласына тарап жатқандай. Сахнадағы Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Гүлмира Ордабаева жетекшілік ететін «Жарқын» халық би ансамблінің орындауындағы «Қоштасу» биі осы бір салтанатты сәтті көз алдыңа әкелгендей. Шет-шегі жоқ дархан дала өнер құдіретімен тебіреніп, теңіздей толқып тұр. Арыдағы төл өнеріміздің теңдесі жоқ алыптары рухымен жебеп, махаббатымен демеп, ән бесігінде тербетіп, әр көңілді көктем етіп, сусындатып тұр.
Ақан сері Қорамсаұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық дәстүрлі әншілер байқауына қазақ даласының бар қиырынан дәмелі әншілер жиналды. Олар жас ерекшелігіне қарай үш топқа бөлінді. Әр топтың үздіктері арнайы марапаттарға ие болса, сонымен бірге, «Құлагер», «Маңмаңгер», «Майда қоңыр», «Балқадиша» сынды арнайы жүлделер тағайындалды.
Облыстық мәдениет және білім басқармаларының демеуімен өткен республикалық ән додасы дәстүрлі ән өнерін дамытуды, арыдағы аруақты аталарымыздың ұлттық өнерімізге қосқан өлшеусіз еңбегін насихаттауды мұрат тұтқандығын сөз арасында сыналап айта кеткен жөн. Әрине, жауапты жұмыстың түпқазығын ұстаған Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі. Ұжымның ұйымшылдығын, іскерлігін осы байқау барысында тағы бір көріп, тәнті болды жұрт. Бүгінгі асқаралы, абыройлы шаруа ғана емес, өнер шырағын жағуға үлкен үлесін қосып келе жатқан колледж Серінің бар мұрасын жылдар бойы насихаттап, уақыт шымылдығы тұмшалаған ғажайып асыл мұрасын аршып алып, халқымен табыстыруда үлкен іс атқаруда. Әне бір жылдары оқушы балалар арасында республикалық айтыс ұйымдастырса, облыстық деңгейде мұндай мәнді де мазмұнды шараларды талай мәрте жүзеге асырған. Жинақтап айтқанда, Ақан серінің есімі берілген оқу орны мен Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, колледж директоры, ұлт мұрасының үлкен жанашыры, Көкшенің қайраткер қызы Құралай Ыдырысованың еңбегі зор.
Әсіресе, 12-15 жас аралығындағы жас талапкерлердің ән додасына деген дайындығы ерекше болғандығын айта кеткен жөн. Киелі сахна төріне енді ғана көтеріліп, жаратқан ие бойларына сыйлаған тамаша таланттарын енді ғана ұштап жүрген жас балалардың алғашқы бетте түрлері момақан болып көрінгенімен, жарыс жолына шыққанда айрықша қуат бітіп, іштей ширығып, құлшыныстары артып, жайнап тұрғанын көріп, көз алдымызға Серінің жел жетпес жүйрігі Құлагердің кейпі оралғаны бар емес пе? Жарықтық алдына қылқұйрықты салмаған шын тұлпар әншейінде дәл осы бүлдіршіндер тәрізді беймарал болып көрінгенімен, бәйге жолына табаны тиген кезде өзгеше өршіл, айрықша жігерлі кейіпке енеді екен. Дәл осы көріністен қай бәйгенің болсын жаратылыс иесіне сарқылмас күш-жігер сыйлайтын құдіреті бар екендігін мойындайсыз.
– «Достар» мәдениет сарайында Ақан серінің 180 жылдығына арналған «Ақаннан әуелеген әсем ән» атты республикалық дәстүрлі әншілер байқауының гала-концертін көріп отырып менің ойыма қазақтың қабырғалы жазушысы Жанайдар Мусиннің сырлы қаламынан туған:«Ұлан-ғайыр Сарыарқаның ортасында әдемі аралдай көрінетін Көкшенің бау-бағына біткен бұлбұл құстар әлі де ұшып кеткен жоқ, аққу сазды,гәкку назды әуендер әлі де үзілген жоқ» деген аталы сөзі оралды. Байтақ еліміздің тұс-тұсынан Ақанның әнін әуелетіп жеткен өрімдей жастар көңілге қуаныш сыйлап, өлмес әннің ертеңін елестетті. Он екіге енді толған жас әншілердің балғын дауыстары бабына жеткен жиырма бестегі әншілердің залды кернеген дауыстарымен біртіндеп баурап алды. Әрине, Арқаның асқақ әнін, иірімі мол, мың құбылған Ақанның әнін шебер орындау жас әнші үшін оңай емес. Дегенмен, байқауға түскен қырық шақты әншінің ішінен озық шығып, гала-концертке қатысқан өрімдей жастардың талабы таудай екен, – деді қоғам қайраткері Марал Жақыпова, – Серінің әнін майталман кәсіби әншілердің орындауында құлақ құрышын қандыра тыңдап үйренген көрермен ретінде мені кешегі жастардың салған әні сол аққу сазды, гәкку назды әуендердің үзілмегенімен, жасампаздығымен қуантты. «Асыл – тастан,өнер – жастан» демекші, Ақан әнін ардақтаған, асқақтатқан өнерлі жастар баршылық екен. Сол жастарды асыл тастай екшей теріп, Көкше жерінде, Ақанның елінде, сахна төрінде топ жаруға мүмкіндік берген Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің ұжымына, басшысы Құралай Ғазизқызына мың алғыс. Бір жылдық өмірді ойлаған егін егеді, көп жылдық өмірді ойлаған ағаш өсіреді, ал мәңгілік өмірді ойлаған жастарды білім мен өнерге баулиды емес пе?! Ендеше, колледждің атқарып отырғаны – ұлттық өнерімізді сақтаудағы ең ұлағатты іс.
Ән байқауы айрықша тартысты өтті. Ең бастысы, өнер иелеріне, киелі соқпаққа түскен жастарға қиянат жасалған жоқ. Барынша әділ баға берілді. Сондықтан да, өкпелеген ешкім болмады. Бұл да үлкен жетістік. Әншейінде өнерлі ортада аракідік кездесіп қалатын жат көрініс орын алмады.
12-15 жастағы талапкерлер арасында бас жүлдеге Астана қаласындағы қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы колледждің білім алушысы Іңкәр Нүптеке ие болды. Бірінші орын Астана қаласындағы Роза Бағланова атындағы №2 білім ошағының оқушысы Томирис Рамазанға бұйырды. 16-19 жастағы жасөспірімдер арасындағы додада бас жүлдені Астана қаласындағы қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы колледждің білім алушысы Мадетхан Айдын алды. Бірінші орынға Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің өкілі Әлбосын Таңнұр көтерілді.
Келесі топта бас жүлдеге Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданынан келген жас әнші Қуандық Төкенов лайықты деп танылды. «Маңмаңгер» аталымына Алматы қаласындағы П.И.Чайковский атындағы музыкалық колледждің білім алушысы Данияр Нұрмолдаев, «Балқадиша» аталымына Астана қаласындағықазақ ұлттық өнер университеті жанындағы колледждің білім алушысы Гаухар Халық, «Майда қоңыр» аталымына Ұлытау облысының Жезқазған музыкалық колледжінің білім алушысы Азамат Нұрғалиұлы, «Мақпал» аталымына Павлодар облысы Екібастұз қаласындағы Естай атындағы балалар музыкалық мектебінің өкілі Агиля Тавлетеева, «Құлагер» аталымы бойынша Солтүстік Қазақстан облысындағы Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжінің білім алушысы Мұрат Қажкен ие болды.
Екі күн бойы көгілдір Көкшенің аспанын әдемі рәуішті әнмен әрлеген байқау өз мәресіне жетті. Дүбірлі думанды көріп, көзайым болған көкшелік көрермен осы бір ұлт мұратын діттеген, мерейін үстем ететін әдемі байқауға куә болғандары үшін ақжарылқап алғысын жолдауда. Осы бір елдің жақсы бағасына колледж ұжымы әбден лайық.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.