2022 жылдың мамыр айында Ресейдің Смоленск облысының Духовщинский ауданында неміс-фашист басқыншыларымен болған шайқас орындарын қазып, кезінде Ақмола облысының Ерейментау ауданынан Отан қорғауға аттанған аға сержант Қайыргелді Әубәкіровтің мүрдесі табылды.
Бір шағын траншеяның ішінде 5 жауынгер қаза тапқан екен. Аға сержант Қайыргелді Әубәкіровтің шинелінен «Отличный снайпер» төсбелгісі және «Қызыл жұлдыз» ордені табылды. Қаза тапқан жылы мен ай-күні 1943 жылдың 19 қыркүйегі.
Майдангер жауынгерлерді іздейтін арнайы топ мүшелері марқұм Қайыргелдіге шөбере болып келетін Рүстем Шахаймен байланысқа шығып, барлық мәліметтерді жеткізген. Сол себептен, Рүстемнің әкесі, 73 жасар Егінбай, оның інісі Жәнібек, келіні Роза, қарындасы Дариға туған жерінен бір уыс топырақ алып, мамыр айының 3 жұлдызында Смоленск облысына жүріп кетті.
Негізі, Қайыргелді Әубәкіров 1921 жылы Еркіншілік ауданының 8-ші ауылында дүниеге келген. Бірақ, тұрмыстың ауыртпашылық кезінде әкесі Ахмет пен анасы Шәрбән Омбы жағына қоныс аударады. Есейген жас жігіттің сол Омбының Марьянов ауданынан әскерге шақырылғанын біреу білер, біреу білмес.
1942 жылы сұрапыл соғыстың алғы шебінде болған сұр мерген Қайыргелді Әубәкіров ерекше спайперлер бөлімінде қызмет атқарады. 79 жаудың көзін жойған жерлесімізге «Қызыл жұлдыз» ордені тапсырылған. Оққа ұшқан жаудың 47-сі үлкенді-кішілі неміс офицерлері.
Егінбай Шахаев Ерейментау ауданына белгілі азамат. Бала күнінен еңбекке араласып, өнегелі отбасының отағасы атанды. Егінбайдың анасы Мәшәкәр мен әжесі Шәрбән өмірбойы Қайыргелдіден үміттерін үзген жоқ. Батырдың Ерейментаудағы қарындастары Күләй мен Қайша, туған інісі Төлеутай оның жолын үнемі тосумен болды.
Бірақ, араға 80 жылға жуық уақыт салып, қаралы хабар келіп жеткенін қайтесіз. Мұны батырдың әкесі Ахмет, анасы Шәрбән мен қарындасы Мәшәкәр естіп білген жоқ. Шахай әулетінің бүгінгі үлкені Егінбай шүберекке туған жерінің бір уыс топырағын түйіп, қасына бауырларын алып, Ресейдің шалғайдағы сонау Смоленск облысына аттанып кетті. Жолың болсын, абзал ел азаматы! Тағдыр туған жерге оралуға жазбаған есіл ердің рухына аман-есен тағзым етіп кел!..
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Астана.