Майдангер жерлес жазушы Әскен Нәбиевтің туғанына – 100 жыл

Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі қаламгер Әскен Нәбиев 1923 жылы желтоқсанның 13 жұлдызында Ақмола облысының қазіргі Ақкөл ауданында туған.

1941 жылы орта мектепті бітіріп, сол жылдың желтоқсанында майданға аттанады. 62-армия құрамында Сталинград үшін болған ұрыстарға қатысып, ауыр жарақаттанған.

Әскерден оралғаннан кейін мектепте мұғалім, Макин аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып істейді. 1947 жылы біржола журналистік қызметке ауысады.

Ақмола облыстық «Сталин туы», «Есіл правдасы», өлкелік «Тың өлкесі», кейін бұл құрылым таратылып, облыс қайта құрылған кезде «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары») газеттерінде меншікті тілші, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарады. Баспасөзде жұмыс істей жүріп, көркем әңгіме, повестерін жаза бастайды. 1959 жылы «Перзент» атты тұңғыш әңгімелер жинағы «Жазушы» баспасынан жеке кітап болып жарық көреді.

Ұзақ уақыт Қазақстан Жазушылар одағының Целиноград облысаралық бөлімшесінің әдеби кеңесшісі қызметін атқарған. Осы жылдар ішінде жазушының «Гүлзи» (1965), «Шолпан» (1969), «Ауыр апталар» (1972), «Бейтаныс бойжеткен» (1977), «Қанат қаққанда» (1979), «Бел-белестер» (1981), «Шынығу шағы» (1984), «Алдыңғы толқын» (1987), «Қала ортасындағы қамал» (1992), «Алақайғы» (1993), «Майдан әңгімелері» (1998), «Шерулі жылдар» (2001), тағы басқа да жиырмадан астам повестер пен әңгімелер жинағы жарық көрді. Туғанына 85 жыл толуына орай, Астананың «Фолиант» баспасынан екі томдық таңдамалылар жинағы шықты.

Әскен ағамыз батыр ана, зайыбы Фарида апай екеуі он бір бүлдіршінді өсіріп, өкімет пен халықтың сый-құрметіне бөленді. Осы ұрпақтарының ішінен бұл күнде белгілі кәсіпкер, меценат Марат Әскенұлы Нәбиевтың есімі қалың көпшілікке жақсы таныс. Әскен ағамыз 19 — жылы қайтыс болды. Алайда, майдангер жазушының соңында қалған мол әдеби мұрасы халқына мәңгілік қызмет ете береді.

Солдат махаббаты

Қош бол, құт дарыған ежелгі Ереймен! Жазда басыңа бұлт үйелеп, кейде мұнарлана сағым атқан, қыста аппақ қар жамылған үшкір басыңа қызыға қарап көп тұрғанмын.

Қош бол, сені қоршай өскен ну ормандар! Сенің жұпар иісіңнен ләззат алып, көлеңкеңде сансыз рет асыр салғанмын.

Қош бол, айнадай жарқыраған күміс көлдер! Мөлдір суыңа сүңгіп, сансыз шомылғанмын.

Жәшікті арбаға жегілген қос торы бізді еңіске қарай ауылдан ала жөнелгенде, мені осынау ойлар баурап алған еді. Артыма тағы да жалт қарадым. Туған ауылымды қимай қарадым. Әне, дауыс қыла зарлаған апамды екі әйел сүйемелдей қалды. Әне, Гүлсімнің қара көздерінен шыпши шыққан ақ тамшылар ақшыл бетін жуып кетіп жатыр. Жөргекке шырылдай түсе қалған күнімнен білетін Кенебай шал сақалы селкілдеп жылап тұр. Мен осылардың бәрін де көріп барамын. Жүрегіме түйіп барамын. Иә, күні кеше ғана мен осынау жан қиыспас адамдардың ортасында едім-ау! Күні кеше ғана ауыл іргесіндегі шоқ қайыңның қойнауында Гүлсім қызға өз жүрегімнің лүпілін жайып салғамын. Бұл айтылар тәтті сырдың бастамасы ғана. Бұл сырдың барлық құпиясын өзіммен бірге алыс жолға алып бара жатқан «Көк дәптер» ғана біледі. Жиырма төрт беттік дәптердің бәрі де өлең. Жүрегімнің күйініші мен сүйініші, аңсаған арман осынау дәптер бетіне тегіс түсірілген.

Неліктен екенін білмеймін, апамның, қала берді, бүкіл ағайын-жұрттың жылауы да, қоштасар сәтте көздері қызарып кеткен кемпір-шалдардың «оң сапар» тілеуі де, дәл Гүлсіммен ақырғы рет дидарласып қалғандай мені аялы сезімге бөлей алған жоқ сияқты.

–Қош, Сабыржан! Ауылға аман-есен оралуға жазсын, – деп мұңға батқан бозғылт көздерін маған қадай қалған Гүлсімді енді көп уақыт көре алмаймын-ау деген ой тұла бойымды дір еткізген.

Басымды өзінің ыстық бауырынақұша егіле жылап тұрған апамның қолтығының астынан Гүлсім жүзіне сығалап қараймын. Иә, барлық ықылас-ниетім Гүлсімде. Мен бұл өмірде Гүлсім қыздың бар екеніне дән ризамын. Мен майданға тек Гүлсімді қорғау үшін бара жатқан сияқтымын. «Күбір етпес пе екен» дегендей, Гүлсімнің ақшыл жүзіне, жұқа еріндеріне тағы да көз сүзіп қаламын. Апамның қолтығынан сығалап тұрғанымда сол еріндер өзінен-өзі діріл қағып, күбірлеп кеткендей де болды. Шіркін, осынау оймақ еріндерінен құмар қандыра бір сүйсе! Шіркін, анау қолаң шаштарын тағы бір рет жайлап қана сипалап өтсем!

Иә, өзім кітаптан оқыған, жұрт аузынан көп естіген асыл армандар осылар болса керек. Махаббат дерті деген осы екен. Мен Гүлсімге ғашық екенмін. Қатал өмір – сен бізге неге қиянат жасадың? Гүлсім екеуіміз туған жердің топырағында неге бұрынғыдай ойнап-күліп, емін-еркін жүрмейміз? Өлеңтінің мөлдір суынан бірге неге сусындамаймыз? Көкшіл аспанға көз жіберіп, қалың шалғында рахаттана неге жатпаймыз? Жылы самалға бетімізді өпкізе, қатар неге отырмаймыз?

Өмір өзінің ауыр жүгі мен қаталдығын қатарластыра артып жіберген, «неге өйтпейміз, неге бүйтпейміз» деген сөздер бұйым емес екен. Мүмкін, мен енді Ереймен бөктерін, Гүлсім қызды қайтып көре де алмаспын.

Осындай жадау ойлар жүрегімді тулатып, тынысым тарылып кеткендей болды. Ал, кейде қайраттанып та кетемін. Жоқ, мен туған жердің топырағына қалайда қайта оралуға, Гүлсім үшін оралуға тиіспін. Қайдағы-жайдағы жаман ойлар жаныңды жегідей жемесін, Сабыржан!

Нақ сол жылғы жазда қаныпезер, қатыгез жау жүрген жерін өрт жалмағандай етіп келе жатқан. «Кеше ана қаланы, бүгін мына қаланы алыпты» деп еститінбіз. «Ай, мықтап соғыса алмай жатыр ғой. Шіркін, мені жіберсе!» деп ойлаймын. Егер, өзім бара қалсам, майданда күрт өзгерістер туып, жау топырлай қырылып жататын тәрізді. Адамның түнгі ойы әдетте ұшқыр келеді деседі ғой. Төсекте жатып алып, ой-қиялыма ерік беремін де, «жауды ойсырата» жеңе беремін. Шетінен «қыра» беремін. Танктері жандырғыш шөлмекпен от-жалынға бөгіп кетеді. Осы от-жалынның ортасында фашистермен қолма-қол найзаласып кетемін де, «анасын алай, мынасын былай» түйреп тастай беремін. Шыңғыра шетінен құлап жатады. «Бас идік» деп қол көтергендеріне қарамай, «уралап» алға тарта беремін.

Осындай ерлік ойлар бүкіл сезімімді шалқытып жіберетіні соншалық, түн ортасында «уралаған» үнім жаңғыра шығып кетеді. Апам шошып оянады. Дереу шам жағып жіберіп, менің жүзіме үңіледі. Ал, мен өз ойларыма сақылдап күліп жіберіп:

–Ештеме болған жоқ, апа. Жәй әшейін өзім ойланып жатып, – деп міңгірлеймін.

–Қалқам-ау, қандай ой? Бірдемеден шошынған шығарсың, – деп апам сабақ айтып, менің басымнан қолдары қалтырай сипап өтеді.

Сірә, он сегіз жастың өріндегі жас жігітке осындай ойлар үйір келеді білем. Бұл да бір махаббат сезімі тәрізденген уытты сезім екен.

Міне, біз ертеректе жайлау болған Шідерті өзенінің қою шалғынды жағасын орай жүретін шөптесін жолға түстік. Күз мезгілі болса да, өзен жағасын өрлеген қалың шалғын жасыл өңін әлі жоймаған, жайқалып тұр. Тек су бетінде тынымсыз діріл бар. Сол дірілдің бәрі қосыла келіп, асау толқын құрап жатқанға ұқсайды. «Қазіргі ел күйі де осындай-ау» деп ойлаймын. Бүкіл ел-жұрт болып, мынау асау толқындай жауға айбат шегіп жатқанымыз жоқ па?!

Менімен бірге орта мектепті бітіргендердің көбі қазір майданда жүр. Менің олардан бірер жас кішілігім себеп болып, «Шақыру қағазын» аудандық әскери комиссариаттан күні кеше ғана алғанмын. Апама айтпай алдымен Гүлсім үйіне жүгірдім. Бірақ, мені ол кезде бүгінгі қоштасар сәттегідей жүйем босап, әлсіздік сезімі билеген емес-ті. Мен «Шақыру қағазды» Гүлсімге мақтана көрсеттім. Менің жүрегімде «ер жетіп, Отан азаматы болдым» дегендей мақтаныш сезімі бар еді. Мен өз елім, өз жұртым, мына Гүлсім қыз үшін жауға қатты кекпен аттанбақшымын!

Ойлап тұрсам, жүрекке атой саларлық осынау үлкен сезім жалғыз мені ғана емес, құрбы-замандастарымның бәрін де баурап алған ортақ сезім екен. Біз қиын-қыстау кезеңдерде әкелеріміз бен ағаларымыздың күрес жолдарын жанұя мен мектепте де үлгі-өнеге ете өскен ұрпақ екенбіз.

«Шақыру қағазға» қиғаш әдемі кірпіктерін қақпай көз жүгіртіп өткен Гүлсімнің бозара қалған жүзі Шідерті өзенінің жанынан өте берген сәтте де көз алдыма елес беріп қалды. Ыстық  тамшыға айналған қыз көз жасы қағазға тамып-тамып кеткен. Бір тамшы емес, мөлдір шықтай бірнеше тамшы. Қызықпын ғой, «Су қылып, қағазды бүлдіреді-ау» деп қолынан қағазды алғанша асыққанмын. Ал, Гүлсім үнсіз егіле берген. Бұл көз жасқа бір жағынан қуанып та тұрмын. Гүлсім мені шын жүректен сүйеді. Сүйгенде оттай ыстық махаббатпен, адал да ақ  жүрегімді, ерлік сезімімді сүйеді. Менсіз өткен күн де, өмір де оған қараңғы түнмен тең!

Гүлсім жайында мен елден осындай ыстық ойлармен, толғанумен кеткен едім.

Соғыстың өзіне ғана тән қатал заңдары бар. Кезең қыспағынан әскерге жаңа алынған жастар қауырттыққа, асығыс қимылға бойымызды тезбе-тез үйреткендей едік. Соғыс өнерін меңгеруге барымызды сала жанталаса қимылдадық. Жауға қырғидай тиетін қару-жарақтың жаңа түрлерін игеруге тырысып-ақ бақтық. Мен әу бастан-ақ өзіміздің атқыштар полкындағы кіші командирлер даярлайтын мектепте  курсант болып, сержант атағын алып шығысымен Севастопольді қорғауға аттандым. Ежелгі қорған қаладағы ең соңғы қырғын шайқаста оң жақ жамбасымның қоң етін жырынды оқ тесіп өтіп, әскери емханаға түсіп қалдым.

–Ештеме етпейді. Әрі асқанда жарты айдан соң өз әскери бөлімшеңе барасың, – деп мені медбикелер мен дәрігерлер қауымы жұбатып та қояды.

Шығардан дәл бір күн бұрын мені әскери емхананың бас дәрігері шұғыл түрде шақыртып алды.

–Сержант Сайдалин, сен «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталдың. Құттықтаймын! – дей келіп, сонда бас дәрігер менің тұңғыш орденімді өз қолымен қадап берген.

Әрине, қуанышымда шек болған жоқ. Қансыраған қала бірнеше рет қолдан-қолға көшкенде мен басқаратын бөлімшенің жауынгерлері табан тірей, ерлікпен соғысқан. Қорған биігіне өрмелеген жаудың талай танкілерін жандырғыш шөлмекпен өртеп, граната бумаларымен шынжыр табандарын үзіп жіберіп, істен шығарып-ақ баққанбыз. Ал, танктерінің тағдыры әлгіндей бола берген соң да жаудың жаяу әскерлері табан тіресе соғыса алмаған. Жаудың жүні жығылғандай болған осындай сәтті пайдаланып, рота командирі бізді атакаға көтеріп, найзалы ұрысқа кірісіп кеткен кездеріміз көп болды. Сонда мен өз ауылымда, өзімнің туған үйімде ойға батқандай фашистерді найзамен сұлатып салуға барлық ерлігімді жұмсағандай едім. Жасыратыны жоқ, жау әскерлері найзалы ұрысқа шорқақтау келеді. Ақырғы күнгі шешуші шайқаста біздің полк жауды қаланың темір жол вокзалынан қуып шығып, теңізге қарай тықсыра түскен еді.

Бұл «Қызыл Жұлдыз» ордені сондағы жауынгерлік ерліктің жемісі екенін ішім сезе қалды. Бірақ, жантүршігерлік сол айқастарда бірталай жауынгер жолдастарымның құрбан болып кете барғаны есіме түсіп, еңсем де түсе қалған.

«Қызыл Жұлдызды» кеудеме қадаған нақ сол күні Гүлсімнен хат алдым. Қыздар өздерінің жүрек сырын бәрін айтып, жайып салмай, сабыр сақтауға келгенде жігіттерден көп берік бола ма деймін. Алайда, Гүлсім өзінің бұл хатында маған деген ыстық махаббатын, жүрек лүпілін жасыра алмаған сияқты. Менің аузымнан ғана шығуға лайығы бар аса бір асыл сөздерді, менің жан дүниемді тебірентерлік сөздерді тізіп жаза беріпті. Мені «жаным, күнім» деп те, «ардагерім», «ақша бұлтым» деп те атапты. «Аңсай сағындым, ыстық құшағымыз қашан қауышар екен?» депті. Бұл сөздердің төркіні тереңде жатыр ғой. Сонда майдан шайқасына қайтып бара жатқан Гүлсімнің дуалы аузынан шыққан бұл сөздер маған да жігер, қуат бергендей еді. Мен Гүлсімге сол үшін ризамын, сол үшін табынамын. Кіршіксіз, шынайы махаббат бойына қуат, ойына кең өріс берсе керек.

Харьков түбіндегі, Украина мен Польша жеріндегі шайқастарда да Гүлсімнің осынау хатын жүрегімнің тұсындағы төс қалтамда сақтап жүрдім. Өйткені, Гүлсім қыздың аузынан бұрынғыдай «Сабыржан» демей, «Қымбаттым, ардагерім» деген қасиетті лебіздер шыққан бұл тұңғыш хат. Мен бұл хатты әрбір ірі шайқастардан кейін, жауды жеңуге арналған салтанатты жиын кештерде өзімнің жауынгер жолдастарыма мақтана оқып беріп жүрдім. Чехославакия жерінде маған лейтенант деген әскери атақ беріліп, взвод командирі етіп тағайындаған болатын. Праганы азат еткен күнгі кеште полк офицерлерінің бас қосқан қуанышты жиынында да Гүлсім хатын оқып бергенмін. Әрине, қыз өз хатын қазақша жазды ғой. Мен жаттап алған Гүлсім хатының балама сөздерін орысшаға қолма-қол аударып, бөгеліссіз оқығанмын. Жақсы аудармашы болмасам да, Гүлсім хатын аударуға келгенде ақ мылтық болып шықтым.

–Ай да, лейтенант Сайдалин, қыз тамаша екен! Сені шын жүректен сүйеді екен. Мұндай қалыңдығы бар батыр жігітті жау оғы ешқашан да ала алмайды. Осынау тост лейтенант Сайдалиннің сонау қазақ жеріндегі сүйген қызы Гүлсімнің сау-саламаттығы үшін алынсын, – деп батальон командирі, капитан Симаков сыра құйылған стақанын бәрімізбен кезек соғыстырып жібергенде төбем көкке аз-ақ жетпей қалғандай болдым.

…Енді міне, батыр бабам Бөгенбайдың аруағы, Гүлсімнің шексіз махаббаты қолдағандай болған өз басым Берлинді алғаннан кейін туған елге беттедім. Жер-көкті бірдей құлпыртқан мына мамыр айы не деген керемет еді. Гүлсімге деген менің  махаббатым қандай шексіз еді?!.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар