Жеңістің жемісті жылдары

Жеңіс Мұқаншәріпов – құқыққорғау саласының жарқын өкілдерінің бірі, Амандық аймағының, Жаңадәуір ауылының абыройлы азаматы. Ол туған елінің тәуелсіздік туының ту биіктен желбірей түскеніне әрдайым тілеуқор болып, соған өз әлінше үлес қосып жүрген жанашыр жандардың қатарынан. Дос-жарандарға да ақ тілеуін арнап, елгезек көңілімен елпілдей құрақ ұшып, олардың қызық-қуанышын, қиындыққа тап болған сын сағаттарын да бірге бөлісіп жүретін жігіттердің санатында. Жеңіс Рақымжанұлының құдай қосқан қосағы, асыл жары, білікті педагог болған Қуаныш Дәуренқызы екеуі өз ағайын-жұртының ішінде де, құда-жекжаттарының арасында да сыйласып, сыр алысқан сырбаз қалыптарын сақтап, олармен байыпты байланысын, барыс-келісін үзбей, үнемі хабар алысып, жағдайын білісіп жүретін бауырмал жандар. Олар отбасының үлкені болып, он саусақтай оп-оңай үйлесе қалған іні-қарындастарына да тілеуқор болып, ақыл-кеңесін аямай, қамқорлық құшағын айқара аша біледі. Жасы кішілер декіршіксіз көңілмен аға-жеңгесін жарқын ағамыз, алтын жағамыз деп сыйлап жүреді. Жәкеңнің, көзіміз көріп, көңіліміз үйлескен ата-анасы 4 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасы еді, өзінің қайын бике, бажалары да еңбекқор, ақкөңіл жандар болды.

Жеңіс Рақымжанұлымен сол кездегі еліміздің астанасы Алматы қаласында кеңірек танысып, бауыр басқан едік. Қарағанды жоғары мектебін жаңада бітіріп келген, иықтағы жұлдыздары жарқыл қаққан, жан-жүрегі жалын атқан, жұмыс десе жанып тұрған жас лейтенант, жерлес жігітіміз өз ортасын баурап алған еді. Ол сол жерде Кәрібай, Мұқамедия, Өтеген, Табылды Кенжетаев және басқа азаматтармен жақын табысып, жақсы бір өмір белеңін бастап кетті. Сол үлкен жерде Қуаныш екеуі бас қосып, қызметінде жақсы көрініп, үлкен өмірге еркін аттап, бала сүйіп, бақыт баспалдақтарына қадам басты. Кейін олар қызмет бабымен ел жаққа оралып, Жәкең Қызылту, Ленинград, Тайынша секілді бірнеше аудандарда өз саласы бойынша басшылық қызметтерде болып, абыройлы еңбек етті. Үміт еткен іні-қарындастары да өсіп-өніп, екі бірдей бауыры мектеп директоры, ауыл әкімі атанып, басқалары да жақсы маман болып, түрлі мекемелерде қызмет жасады. Екі қарындасы біздің елге келін болып түсіп, бауырларымыздың көсегесін көгертіп, ауылымыздың ажарын аша түсті. Алтынай Кіндікқарағайдағы орта мектептің тізгінін ұстап, жақсы істерімен көпке таныла білді.

Атақ-мансапқа онша үйір болмаған Жәкең де барға қанағат тұтып, байсалды ісімен байыпты тірлік кешті. Ара-тұра баяғы курстастарын да еске алып қояды. Олардың алды генерал да болған екен, біреуі Ресейде, екіншісі өзбек азаматы. Сол азаматтардың өзі оқып жүргенде топбасы болып, қолұшын берген Жәкеңді де ұмытпай, хабарласып жүретін көрінеді. Бұл да болсын адамның жақсы қырлары емес пе. Жаңа Астанамыздың іргесі қалана бере, Жеңіс те атқа қонып, ел ордасына қайта оралды. Кездескен қиындықтарды еңсере отырып, Ақмола іргесінен үй тұрғызып, өз ордасын сайлап алды. Астанаға алдымен тәжірибелі, жауапкершілігі жоғары азаматтар керек екені белгілі. Ол да өз саласы бойынша жоғары білікті маман болғандықтан, ер көңілді азаматтар да бірден қолдап,маңызды деген күзет қызметіне кіріп, қазір де аттан түскен жоқ. Құқық қорғау саласының және білім ошағының екі бірдей ардагері бұл күнде жас ұрпақпен жарасым тауып, жарқын күндерге қадам басқан, құда-жекжаттармен құрмаласқан, сүйікті немерелерге әже болған, ата болған, жастарға бергені бата болған жақсы күндерді бастан кешіруде. Жетпіс жастың биігінен жалауын желбіреткен Жәкең мен Қуанышқа, жеткен жеңісі мен жемісіне құтты болсын айта отырып, осынау бақуатты күндер оларды ұзағынан сүйіндіре берсе екен деп тілейміз.

 

Көңілің алып-ұшып дос дегенде,

Сен де бір керуен сынды көшкен өрге.

Жанашыр болған едің дос-жаранға,

Тілектес болып жүрсің өскен елге!..

 

Жаныңда жайраң қағып Қуанышың,

Оған да жаның ашып тұрады шын.

Жүресің сый көрсін деп құдағилар,

Аямай құрметіңді құдаң үшін!..

 

Бұл да бір бақытпенен табысқан күн,

Жастарға берсін енді намыс, дарын.

Қуантып немерелер өздеріңді,

Атаның ұлы болсын «Атұстарың»!..

 

Жарасып бауырларың құрақ ұшқан,

Той көп боп, жоламасын, сірә дұшпан.

Қуантып жақсы күндер келе берсін,

Сыйласып дос-жаранмен, сыр алысқан!..

 Т. Қуанышбаев.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар