Ерте есейіп, жан сезімімен гүлденген азамат

Арман – адам бойындағы ең қанатты сезім. Әрбір жан балдәурен шақтан бастап азаматтық жасқа дейін ойдан шықпайтын, одан әрі де келешектің қиял-ғажайыбын болжайтын осы ерекше бір қасиетпен жетілетіні анық қой.

Мамыр айында жасы 70-ке толатын Серікбай Ығылманұлы Қалиев арманшыл жастардың бірі болды. Бала күнінен еңбекке берілген ол сол сезімдерін салған суреттерінде, жазған өлеңдерінде анық білдіріп отырды. Өмірдің жолы тарам-тарам болса, адам да тағдыр байламына байланысты соның біреуін таңдайды.

1971 жылы Ерейментау қазақ мектебін үздік бағалармен аяқтаған жас жігіт Целиноград қаласында жаңадан ашылған инженерлік-құрылыс институтына бірден оқуға түсіп, өзінің өмірлік мамандығына жол ашады. Құрылыс қай кезде болсын, тоқтамайтын жұмыс. Жоғары білімді маман ол кезде Ерейменнен бөлініп шыққан жаңа аудан – Сілетіге арнайы жолдама алады. Өзінің іскерлік қабілеті осы жерде жан-жақты танылды. Жас прорабтың қатысуымен қаншама ғимараттар, көп қабатты үйлер бой көтерді. Ойлап көрсе, сол жерде 20 жылдан астам жұмыс істепті.

Серікбай Қалиев мектепте жүріп әдеби шығармашылықпен айналысатын-ды. Оның өлеңдері Ерейментау ауданының газетінде жиі жарияланып, тіпті қаламақы алған кездері де аз емес.

Ұлы Абай хакім: «Әркімнің өлеңге бар таласы» деп бекер айтпаған ғой. Көркем әдебиетті өзінің сырласы, жақын досына айналдырған Серікбай жас күнінен жанынан өлеңдер шығарып, түрлі-түсті суреттер салуға әуестенген. Мектепте оқып жүрген кезімізде оның салған портреттік суреттері оқу ордасының қабырғасында ілулі тұратын. Ұлы бабасы Қанжығалы қарт Бөгенбай баһадүрдің өмірі, түрлі жорықтары оның творчестволық ойына медеу болды. Жоңғармен алысқан жаужүрек қазақ батырлары Серікбайдың қыл қаламына, түрлі-түсті суреттеріне ерекше бір рең берді. Бабадан балаға жеткен аңыз-әңгімелер ақынжанды азаматтың ойына түрткі де болды.

Көп ойлаймын, оймен өтер күндерім,

Жақсылыққа сәттілікке мен сенемін.

Болашақтан күдерімді ешбір үзбедім,

Сол сеніммен өмір сүріп келемін.

Осындай жыр жолдарына көңіл қойып, келер ұрпаққа үлгі болатын сөздерін қағаз бетіне үнемі түсіріп келеді. Шабыты келген кезде ол түрлі тақырыптарға бой алдырады.

Әкесі Ығылман Ұлы Отан соғысының бел ортасында болған кісі. Талай ауыр жарақаттар алса да, өмірде өзінің сабырлы мінезі, көпке үлгі болатын еңбекқорлығы арқасында үлкен шаңырақтың иесі атанды. Анасы Қыздан тұрмыстың ауыртпалығын көрсе де, көп балалы ана, ақылман жан ретінде жұрт есінде қалды.

– Біздің отбасының үлкені Қарлығаш, – дейді Серікбай Ығылманұлы. – Сол кісінің талапшылдығы, оқудағы үлгерімі бізге шынайы үлгі болды. Мектепті күміс медальмен бітірген апайым өз қалауымен Алматының  мемлекеттік медициналық институтына оқуға түсті. Бұл біз үшін ерекше бір мақтаныш болғаны анық.

Сондықтан болар, соңынан ерген  інілерінің бәрі өмірде өз жолдарынан жаңылған жоқ. Бүгіндері Серікбай аға Степногорск қаласында тұрып жатыр. Екі ер баласынан ұрпақ сүйіп отырған еңбек ардагерінің шаңырағын қазір немерелері шаттыққа бөлеуде. Аяулы жары Гүлжиян екеуінің қуанышы, ертеңгі күндерінің жалғасы да – солар.

Өшер кейін жүрген ізім кешегі,

Ұмыт болар күйбең тұрмыс күндегі.

Жол үзілсе де, сынып арба жетегі,

Бұзылмасын бабалар салған сүрлеуі.

«Ұрпаққа аманат» өлеңінің бір шумағында ақынжанды азаматтың аталық тілегі былай өрілген екен.

Мен айтамын: Сабыр сақта, налыма!

Өмір көші тоқтамасын бұл ғаламда.

Ұшқыр қиял жетектесін бәріңді,

Бақ жұлдызы жолдас болсын қашанда.

Қазақстан егемендігін жариялаған тұста Астананың үлкен құрылыс алаңдарында Серікбай Қалиев аянбай тер төкті. «Астанажилстрой», «Промтехмонтаж», «Ишимстрой» және «Астанаэнергопромстрой» кәсіпорындарында ұзақ уақыт жұмыс істеді. Бас-аяғы 40 жыл құрылыс саласында еңбек еткен Серікбай Ығылманұлы Қалиев бүгіндері бейнетінің зейнетін көріп отырған биік шаңырақтың отағасы.

Өмірінің мәні мен сәніне айналған немерелеріне ол уақыт тауып, өлеңдер жазады, ұлы бабаларының ерлік істері жөнінен ғибратты сөздер айтады. Осындай ізгілігі мол жанның әулетіне біз де шын жүректен ұзақ ғұмыр, таусылмас несібе, баянды бақыт тілейміз.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар