Құралайдың салқыны туралы не білесіз?..

«Бес қонақ» өткен соң, мамыр айының шамамен он төрті және жиырма сегізі аралығында 2-3 күнге ғана созылатын қатты желді халық даналары «Құралайдың салқыны» дейді.

Ата-әжелеріміздің айтуынша, оның дәл бұлай аталу себебі, осы уақытта киіктер лақтап, құралайын суық жерден тұрғызып жүгіртеді. Киіктердің төлдер кезінде желге қарсы жүгірген жағдайда ғана төлдеуге қабілетті болады екен. Олардың төлдері аптап ыстыққа шыдамайды, сол үшін жылда көктемнің үшінші айы мамырдың аяғына қарай табиғаттың тылсым күшімен қатты суық жел тұрады. Киіктердің төлдеуі екі-үш күнге ғана созылады екен. Бір ғажабы киік қанша көп болсада, «құралайдың салқыны» кезеңінде төлдеп үлгереді. Сондықтан, одан әрі жаз толықтай күшіне енеді деген сөз.

Құралайдың салқынының тағы бір қызығы, етке сондай құмар дала жыртқышы дәл осы уақытта тәбеті қашып, етке жақындай алмай қалады екен. Ал,дәл осы сәтте ақбөкендер жаппай төлдеп, құралайлары аяғынан тұрып кеткен кезде ғана қасқырдың етке деген тәбеті қайта оралады.

Әлқисса. Адам ата жерге түскен соң барлық жан-жануар Ұлық Алланың орынбасарын көруге ынтық болыпты. Сол кезде ең алғаш Адам атаны көрген ақбөкен екен деседі. Ол «Алланың халифасы жерге түсті» дегенді естігенде қазақ даласынан Жидда тауына қарай желіп отырыпты. Ол кезде Адам ата мен Хауа ана Жидда тауының етегінде үй салып, тіршілік кешіп жатса керек.

Ақбөкен ұзақ жол жүріп, шаршап-шалдығып, Адам атаның тұрағына жеткенде құлап түседі. Адам оны көтеріп алып, үйіне әкеледі де оған інжірдің жапырағын беріп асырапты. Адам ата мейірленіп оның тұмсығынан сипағанды жақсы көреді екен. Пайғамбардың қолы тигендіктен, ақбөкеннің тұмсығы өзге аңдардан ерекше, сұлу болып бітіпті. Арқасынан сипағанда, денесінен хош иіс шығыпты. Аяғынан сипағанда тұяғына қасиет бітіпті. Қуса жеткізбейтін жүйрік жануарға айналыпты. Тұяғы мың бір ауруға ем болыпты. Көзінен өпкенде жанарына көрік бітіп, сұлу жануарға айналып шыға келіпті. Мүйізінен ұстағанда оған да шипалық қасиет дарыпты. Пайғамбардың алақаны беліне тигенде, буаз кезінде іштегі елігінің жынысын қалауына қарай өзгерте алатын болыпты.

Ақбөкеннің арнайы келісіне риза болған Адам ата:

– Жануарым, мен саған ризамын. Бұйымтайың болса айт. Мейірімді Алладан дұға етіп, бір мұқтаждығыңды өтейін, – дейді. Сонда ақбөкен:

– Төлдегенде құралайым шыбын-шіркейге жем болады. Одан қалса, қасқыр шабады. Даланың шөбі төлдерге ауырлық етіп, қоң жинай алмайды. Осы қиындықтан құтқарсаң, – депті. Адам ата Аллаға ақбөкеннің арызын жеткізіп, қиындықтан құтқарыпты. Содан бастап, Алланың әмірімен киіктер төлдейтін кезде Бетбақдалада шыбын-шіркейді шығартпайтын суық болады екен.

Мұны қазақта «Құралайдың салқыны» деп атайды. Ұлық Алла сол уақытта қасқырдың киікке деген тәбетін тыяды. Құралайлар көшке ілескенше қасқырлар оларға жақындай алмайды. Жас киікке арнап даладан түйетабан деген шөп шығарады. Ол тек ақбөкен төлдейтін кезде ғана көгеріп, көктеп, кішкене лақтарға азық болады екен.

Ақбөкен Ұлық Алланың халифасын көріп, қолынан жем жеп, мақсаты орындалған соң бетбақ далаға қайтпақшы болады. Сол кезде Адам ата оған:

Сахараға сән болып,
Құт пен кие, мән қонып.
Өсіп-өнсін нәсілің
Бір Құдайым жар болып,
Аллам өзі қолдасын,
Бар бәледен қорғасын.
Саған зауал келтірген
Ешқашан да оңбасын.
Сайын түзден тап мекен,
Басқа орнасын бақ бекем.
Қу медиен түздерге
Ырыс дарыт, ақбөкен! – деп батасын береді.

Содан бастап, киікке кие бітіп, қасиетті түз тағысы саналыпты. Оны нақақ өлтірген адам Адам атаның қарғысына ұшырайды деген түсінік бар.

Ықшамдап дайындаған Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар