Жаңа инвестордың қадамы қарымды екені байқалады

Диқандар қауымы үшін қарбалас тірлік – көктемгі егіс науқаны басталуға жақын. Болашақ өнімнің қамы үшін биыл да қолдан келген барлық жағдай бар мүмкіндік жасалады.

– Егіс алқаптарының құнарлылығын арттыру, оны сақтау – біздің ұжымымыздың алдында тұрған басты міндет. Сондықтан, көктемгі ылғал жабу жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтауды межелеп отырмыз, – дейді «Шалқар» ЖШС-нің жас агрономы Александр Толкачев.

Солтүстіктен соққан ызғарлы желге қарамай, механизаторлар науқан алдындағы жер өңдеу жұмыстарын, жылдар бойы игерілмей жатқан жерлерді  жыртуды қарымды түрде жүргізіп жатыр.

– Біз екінші маусым қатарынан шаруашылықтың бос жатқан жерлерімен жұмыс істеудеміз. Алдағы мерзімде тағы қосымша 14 мың гектар жер өңделеді. Жалпы, былтырғы жылы жаңа кәсіпорын сондай жұмыстарға қомақты қаржы жұмсады, – деді әңгіме барысында А.Н.Толкачев.

Қазір ауыл шаруашылығы кәсіпорнының егістік алқабы 6 мың гектарды құрайды. Негізінен, қуаңшылыққа бейім «Шортанды-20-12» тұқымына басымдық берілген. Соғыс жылдары вавиловтық мектептің өкілі В.П.Кузьминнің күш салуымен өсірілген шортандылық бидай өнімділігі бойынша барлық белгілі сорттарды артқа тастап, майдан мен тылды толық асырағандығын айта кету керек.

Осы сапарымызда біз жөндеу шеберханасында бас директордың өндіріс ісі жөніндегі орынбасары Болат Хасенұлы Оспановпен кездестік. Бір байқағанымыз, мұнда қызу еңбек ырғағы толастар емес. Жас мамандар техника жөндеумен айналысып жатты. Механикаландырылған қырман басында да біз үлкен дайындықты көрдік. Сондықтан, барлық тазарту құрылғылары, агрегаттық және токарьлық цехтар жұмысты тиісті жолға қойған.

«Шалқар» ЖШС-нің егістік алқаптарын аралаған кезде жаңа инвестордың кәсіби әлеуетін аңғарғандай болдық, ең бастысы, еңбек сапасы тұрғысындағы мәселе оң шешімін тапқан. Қысқа мерзім ішінде механикаландырылған қырман толық жаңарып, қосымша заманауи астық сақтайтын қоймалар салынуда. Бір сөзбен айтқанда, қолда бар техникалар: ауыр жүк тракторлары  мен автомашиналар, тұқым себу агрегаттары егіс науқанына дайын.

– Бүгінде адамдардың бәрі жұмыспен қамтылған, жалақылары да жоғары, – дейді Болат Хасенұлы. – Ортақ іске жұмылғандардың барлығына тегін тамақ беріледі. Өткен жылы күзде ардагерлер мен аз қамтылған отбасыларға шаруашылық басшылығы тарапынан ақысыз шөп берілді.

Мұнда жайлы жағдай жасап отырған жаңа инвестордың арқасында іргелі істердің қолға алынғанын аңғару қиын емес. Кез-келген кісі ауылдық округтегі оң өзгерістерді өз көздерімен көріп отырғаны белгілі. Сондықтан болар, ауыл адамдарының талпынысы, ең бастысы еңбекке деген ынтасы артқан.

Ж. СӘЛКЕНҰЛЫ.

Целиноград ауданы.

Суретте: К.Оразалинов, Т.Қасымов, С.Ешмағамбетов, С.Ахметов және Ж.Мусин.

Суретті түсірген автор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар