– Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Щучье қаласының 63 жастағы тұрғынына қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінен мәлім еткендей, күдікті 22 жылдың наурыз айында жалпы салмағы 16 келіден асатын «кептірілген марихуана» есірткі затын заңсыз өткізу кезінде ұсталған. Ол есірткі сатқаны үшін бұған дейін де істі болған.
«Зейнеткер жедел-іздестіру іс-қимылдарының әдістері туралы өте жақсы білді. Сол себепті, өте сақ болды, жалдамалы пәтерлерді пайдаланды, есірткі сатып алушылармен әңгімелесу кезінде жаргон қолданды», — деді ведомстводан.
Сот отырысында айыпталушы жасаған қылмысын мойындамады. Бірақ оның кінәсі сот отырысында зерттелген дәлелдер арқылы толық расталды.
«Сот үкімімен 63 жастағы сотталушы Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, қауіпсіздігі ең жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды», — деп толықтырды ведомстводан.
Ер адам сот үкіміне апелляциялық шағым берген. Алайда шешім өзгеріссіз қалды.