Кәріз жүйесі өндірістік корпустардан, тұрғын және коммуналдық ғимараттардан, сондай-ақ, елді мекендердің аумақтарынан ағынды суларды бұруға, қабылдауға және тазартуға арналған жүйе.
Кәріздік тазарту қондырғылары (КТҚ) шаруашылық-тұрмыстық суларды және оларға жақын орналасқан ағынды суларды нормативтерге дейін тазартады. Типтік технологиялық сұлба мыналарды: механикалық, биологиялық тазартуларды, лай бөлу сатысын, толық тазартуды және дезинфекциялауды қамтиды.
Механикалық тазалауға арналған құрылыстар ретінде механикалық немесе қол торлары, құм тоқтатқыштары немесе торлар мен құм тоқтатқыштарының функцияларын біріктіретін механикалық тазалаудың аралас қондырғылары қолданылады. Биологиялық тазарту БТС станциясында жүргізіледі және микроорганизмдердің көмегімен ластаушы заттарды залалсыздандыруды қамтиды.
Ақмола облысында 13 кәріз тазарту қондырғысы (КТҚ) жұмыс істейді. Оның ішінде толық биологиялық тазартылған 7 КТҚ Көкшетау, Степногорск қалаларында, Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласында, Жарқайың ауданының орталығы Державинск қаласында, Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылында және Қосшы қаласында жұмыс істейді, оларға сарқынды суларды ағызуға экологиялық рұқсаттар берілді.
5 аудан орталықтарында (Ақкөл, Атбасар, Ерейментау, Макинск, Шортанды) сарқынды суларды ағызуға экологиялық рұқсаты бар, әрі бұл суларды механикалық тазартатын КТҚ жұмыс жасауда. Сондай-ақ, Сандықтау ауданының Шантөбе кентінде биотоғандарда одан әрі табиғи тазартумен бірге механикалық тазартулары бар КТҚ жұмыс істейді.
Сонымен қатар, Ақмола облысының 8 аудан орталығында (Астрахан, Біржан сал, Егіндікөл, Есіл, Жақсы, Зеренді, Сандықтау, Қорғалжын) КТҚ жоқ, бұл барлық аудан орталықтарының жалпы санының 50 пайызын құрайды, осыған байланысты олардың сарқынды суларды ағызуға экологиялық рұқсаттары жоқ.
Айта кету керек, облыс орталығы Көкшетау қаласында 90-жылдардың басында салынған КТҚ күрделі жөндеуді қажет етіп отыр. Қазіргі уақытта бұл КТҚ тәулігіне 32,0 мың текше метр қуатпен жұмыс істеуде. Су бұру мынадай сұлба бойынша жүзеге асырылады: шаруашылық-нәжіс және өндірістік ағындар өздігінен ағатын коллекторлар арқылы кәріз сорғы станцияларымен және қысым беру құбырлары жүйесімен №2 және №7 КНС бас кәріз сорғыш станцияларына келеді. Қалада барлығы 15 кәріз сорғы станциясы, оның ішінде Краснояр ауылында 2 және Станционный кентінде 1 станция бар.
Степногорск қаласында 2 КТҚ жұмыс істейді, оның ішінде біреуі «Степногорск водоканал» ШЖҚ МКК-іне тиесілі, яғни, Степногорск қаласына қызмет көрсетеді. Екінші КТҚ «Энерговодсервис» ЖШС балансында тұр және Степногорск қаласының өндірістік алаңына қызмет көрсетеді, бұлардың екеуі де қайта жаңартуды немесе жаңадан салуды қажет етуде. Осы уақытқа дейін Бурабай және Аршалы кенттерінде КТҚ-лар пайдалануға берілмеген. Оларға іске қосу-реттеу жұмыстары қажет.
Экология департаменті өз құзыретіне сәйкес су бұру және сарқынды суларды ағызу жөніндегі қызметтерді жүзеге асыратын барлық заңды тұлғалардың экологиялық заңнамада, Кәсіпкерлік кодексінде белгіленген талаптарды сақтауларына бақылау жүргізіп келеді.
Мәселен, 2022-2023 жылдары Ақмола облысының бірқатар коммуналдық кәсіпорындарының қызметін тексеру нәтижелері бойынша «Көкшетау Су Арнасы», «Ерейментау Су Арнасы» және «Макинск жылу» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарында кәріз тазарту қондырғыларынан ластаушы заттарды төгудің белгіленген нормативтерінің асып кетуі анықталды. Қазіргі уақытта «Көкшетау Су Арнасы» және «Ерейментау Су Арнасы» кәсіпорындары бойынша сот процестері өтуде.
Марат ШЛЫМОВ,
Облысы бойынша экология департаментінің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің басшысы.