Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Күй құдіреті - АРҚА АЖАРЫ

Күй құдіреті

Домбыраның қос ішегінен төгілген, тыңдаған сәтте жан-дүниеңді баурайтын, ерлік пен өрлікті аңсаған толқын-толқын күй тұла бойын қорғасындай балқытып, айрықша күш бітірген. Ат жалын тартып мінгелі көп күні елдің елдігін сақтап қалар ерлікпен өтіп келе жатқан Махамбет сынды тарлан мәрттік пен батырлықты адам бойындағы өзге қасиеттен артық көретін.

Ине шаншар орын жоқ. Залға жиналған қауым күй құдіретіне еріксіз мойынсұнғандай. Домбырашы жігіт те қапысыз шеберлікпен түпсіз терең күй иіріміне дүйім көпшілікті сыйдырып, әр көңілді иітіп отыр. Түйсінген жұрттың бәрі туған жерді қорғаған, білегі жуан озбырға басын имеген ерлікті мұрат тұтқандай. Әділдікке жақ болғандай.

Домбырашы жігіт Тілек Рысбеков жалаулы жасыл дүниедегі бар жайды ұмытқан. Зейіні күй ағынымен астасып, қым-қуыт оқиғаның ортасында жүргендей. Өнерлі жанның жан жүрегінің қалауы да осы шығар. Әуел баста әкеден тәлім алған, әкеге қарап бой түзеген, ой түзеген талапкер еді. Әкесі Тайшыкәрін баритон дауысты, тамаша әнші. Заманында Ескендір Хасанғалиевтармен қатар ән салған өнерпаз. Бала Тілек өнерді ғана емес, кісілікті де, адамгершілікті де ақкөңілді әкеден ұқты, тұла бойына жұқтырды. Сонау Қостанай облысының Жанкелді ауданының Жаркөл ауылында кіндік қаны тамған Тілек осылайша ұлттық өнердің құндағында тербеліп, нәрімен сусындап, бар болмысын бойына сіңіріп өсті. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, уызына жарыды. Өзі де өнер атты шын жүйріктің жалынан ұстамақ болып талпынды. Бала арман жетектеп Арқалық қаласындағы Нәзипа Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжіне әкелген. Жаңа ортаны жатсынған жоқ. Өзіндей өнер десе ішер асын жерге қоятын жастар. Оқуда еш қиналмады десе де болады. Алғашқы өнер әліппесін шаттыққа бөленіп тұратын, ұлттық өнердің айбынды жалауы тігілген шаңырақта ашқан. Алғашқы ұстазы өнерпаз әкенің өміршең тәрбиесін көрген. 2009 жылы колледжді аяқтағаннан кейін Астанадағы «Шабыт» ұлттық өнер университетінің дайындық бөліміне түскен. Одан соң мемлекет тарапынан ауылға қолдау жасалып жатқандығын естіді. Тіпті, тамаша бағдарлама екен. «Дипломмен – ауылға!» деп аталады. Тілек те осы жанашырлық шарапатын көріп отыр. Астананың іргесіндегі Бозайғыр ауылының мәдениет үйінде төрт жыл қызмет еткеннен кейін осы өнер ошағының директоры болып тағайындалды. Бүгінгі күні ауылдастарына рухани нәр беру бағытында белсене жұмыс істеуде.

–Ауыл адамдарының қазір өнерге деген ықыласы тамаша, – дейді Тілек Рысбеков, – әсіресе, жастар. Мәселен, мен мәдениет үйінің жанында домбыра үйірмесін аштым. Екі топқа бөлінеді. Біріншісі балдырған, екіншісі жасөспірімдер топтары. Ұзын-ырғасы қырыққа жуық домбырашы. Шәкірттерім республикалық, облыстық өнер додаларына қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.

Бозайғыр ауылының ойын-сауық орталығының өнерпаз балалары өткен жылы қазан айында Астана қаласында Балалар жылына орай ұйымдастырылған «Gold autum» онлайн байқауына қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Домбыра үйірмесінен 10-12 жастағы балалар аспапта орындаудан НұрисламЕгінбай, ДанаКенжеғара,МаяМұрсабекова, ҚыдырәліСүндетбай квартеті бірінші орынға ие болды. 8-10 жас аралығында АсанСүндетбай, ЕңсарҚадыр, ЗереЕгінбай триосы да өміршең өнерлерімен танылып, бірінші орынды еншіледі. Ал, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» демекші, айрықша өнерімен топ жарған Нұрғази Сержанұлыжеке орындауда Гран-Приді иеленді, эстрада вокалынан АйдарБайділдиннің жетекшілігімен өнер көрсеткен әнші  НұртілеуСержанұлы екінші орынға көтерілсе, НазНұрлан үшінші орын алды. Бұл дәулескер домбырашы Тілектің талапкер шәкірттерінің бір парасы ғана.

Бар даланың болмысын, төл тарихын домбыраның шанағына сыйғызған күй құдіретін өскелең ұрпақ санасына сіңіріп, тәлімді тәрбие алып ер жетсе ғажап емес пе?! Ауылдағы дәулескер домбырашы Тілек те өзінен кейінгі өнерге құштар өрендерді жетелеп жеткізіп, биікке беттетіп, көкіректеріне ажарлы өнер гүлін көктетіп келе жатқан ұстаз.

Б.ҚАЙЫРЛИН.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар