Қолпаштау да, қамқорлық мол

Жақсы ауданында өнер өрістеп, мәдениеттің оты маздап тұр десек, жарасымды болар еді. Ауданда 11 клуб жұмыс істейді. Замандастарымызға рухани нәр беріп, жақсылыққа жұмылдырып, өнердің отымен жылытып, ұйымшылдықты ұйыту бағытында қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Атап айтатын болсақ, ауылдық клубтарда әртүрлі бағытта жетпіске жуық құрылым өз міндеттерін мінсіз атқаруға тырысуда. Олардың ішінде хор және вокал, фольклорлық ұжым, халық аспаптар ансамблі тұрақты жұмыс істейді. Сондай-ақ, спорттық бағыттағы үйірмелерге де қызығушылық басым.

Бір жақсысы, жыл өткен сайын мәдениет ұжымдары материалдық-техникалық жағынан жанашырлықтың лебін сезініп отыр. Мәселен, өткен жылы Жаңа-Қима ауылында мәдениет үйінің ғимаратына 123 миллион теңгенің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Үстіміздегі жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы құны 238 миллион теңге болатын қаржыға Запорожье ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу межеленуде. Қазіргі уақытта бұл жұмыс басталып та кетті. Жөндеу жұмысы барысында мәдениет үйінің едені ауыстырылып, ішкі қабырғалары әрлендірілмек. Сондай-ақ, сыртқы кейпі де көркейе түсетін болады. Бұрынғы көнетоз есік-терезелер алмастырылып, шатыры жаңартылады. Осының барлығы жергілікті жердегі мәдениет ошағына мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлық деп түйсінуіміз керек. Құрылысшының қалағынан жаңа шыққандай болып ажарланатын мәдениет үйі өз жұмысын бұрынғыдан да өрістете түседі деген сенім мол.

Үстіміздегі жылы жергілікті бюджеттің есебінен Кировское және Жақсы ауылдық мәдениет үйлеріне жалпы құны 65 миллион теңге болатын қазандықтар сатылып алынды. Подгорный ауылдық клубына 17 миллион 865 мың теңгенің модульдік қазандығы орнатылды. Жаңа экран алынды. Өнерпаздарға қажетті концерттік костюмдер тігілді, орындықтары да жаңартылды.

Аудандық мәдениет үйінің өнерлі де ұйымшыл ұжымы жыл сайын «Ақмола жұлдыздары» көркемөнерпаздар халық шығармашылығының облыстық байқауында жүлделі орындарға ие болып жүр. Аудан өнерпаздары өзге жерлердегі киелі сахнада аудан намысын қорғап, табиғат сыйлаған тамаша таланттарымен танылуда. Мәселен, сәуір айында Орал қаласында өткен «Биле, Ақжайық» үшінші республикалық байқауында Белағаш ауылының «Карнавал» би ұжымы «Халық биі» аталымы бойынша үздік өнер көрсетіп, бас жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, осы би ұжымы «Әлем халықтарының фестивалі» тақырыбы аясында облыс орталығында өткен байқауда жүлделі орынды еншіледі.

Көкшетау қаласында облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткізілген «Бұрымды қыз-2023» байқауында біздің ауданның өкілі Гүлнұр Нұрлан айрықша сәтті өнер көрсетті. Гүлнұр «Гүлдер-ай»  би ұжымының мүшесі. Бұл үйірме Жаңа-Қима ауылының мәдениет үйінің жанында құрылған. Өткен наурыз айында Степняк қаласында ұйымдастырылған «Бала ақын – жас дарын» байқауында біздің ауданның өнерпазы Ұлан Қазымбек лауреат атанды.

Шалғайдағы Жақсы ауданының мәдени өмірі мәнді ісімен ерекшеленуде. Осының барлығы жалпақ жұрттың рухани сұранысын өтеп, көп көңілін көктем етуге бағытталған ілкімді істер.

Әсел ЖАҢАБЕРГЕНОВА,
Жақсы ауданы әкімінің баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар