Өнер – халықта!

Біреулер интернеттің, жаңа технологияның, жасанды интеллекттің пайда болуымен адамдардың мәдениетке деген қызығушылығы бәсеңдеп, шығармашылықпен айналысуы төмендеді деп айтуы мүмкін. Облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы бұл пікірмен келісе алмасы сөзсіз.Кез-келген адам қалада не болмаса ауылдық жерде тұрса да, мәдени қажеттіліктті сезініп, шығармашылықпен айналысуды қажет етеді.

Байырғы мәдениет мекемесі 60 жылдан астам уақыт бұрын құрылған, осы жылдар ішінде оның басты бағыты халық шығармашылығы, оны сақтау және дамыту болып қала береді. Біз әрқашан жаңа тенденциялар мен халықтың сұраныстарын ескере отырып жұмыс істейміз.

Шығармашылық жобаларды іске асыру және мәдени-демалыс іс- шараларын өткізу – бұл, ең алдымен, клубтық ұйымдармен үйлесімді командалық жұмыс.Орталық мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар үшін әдістемелік орталық болып табылады. Біз олардың қызметіне үнемі мониторинг жүргіземіз. «Ауылдық клубқа – біздің қамқорлығымыз» көпжылдық инфрақұрылымдық жобасы әлсіз тұстарды анықтауға, оң жұмыс тәжірибесін таратуға және енгізуге мүмкіндік береді. «Үздік мәдени ұйымдастырушы», «Үздік маман» кәсіби шеберлік байқаулары қызметкерлердің өз ісіне деген керемет адалдығын, олардың ынта-жігері мен шығармашылық ізденістерін көрсетеді. Біздің мамандар режиссураға, концерттік бағдарлама жасауға және тағы басқа көмек көрсету үшін аудандарға жиі шығып тұрады.

Соңғы екі жылда орталықтың іс-шараларының көпшілігі аудандық мәдениет үйлерінің базасында өткізіледі. Макинск және Степняк қалаларында өткен «Бала ақын – жас дарын» оқушылар айтысы, Целиноград ауданындағы «Ғасырлардан жеткен үн» қобызшылар байқауы және Степногорск қаласында өткен «Арқаның ән дариясы» дәстүрлі әншілер бақ сынасқан байқау. Мұның оң нәтижесі жергілікті жерлерде іс-шаралардың ұйымдастырушылық деңгейі артады, тәжірибе алмасады, кәсіби байланыстар орнатылады.

Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласының көркемөнерпаздар ұжымдары мен орындаушылары үлкен қызығушылық танытып, «Бурабай толқындары», «Бұрымды қыз» байқауларына қатысты. Олардың ақмолалық көрермендердің жылы қабылдауын әрдайым атап өтетіні көңіл қуантады.

Халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы қызметінің маңызды құрамдас бөлігі – халықтың барлық санаттарын қамту. Мәселен, «Өнерлі өрге жүзер» байқауы талантты бүлдіршіндер үшін ұйымдастырылса, «Атам мен әжем» және «Қазыналы қария» фестивальдерінде аға буын өкілдері қатысты.

Жыл сайын өтетін «Ән аға – Шәмші аға» вокалдық байқауы және «Толғауы тоқсан Төлеген» республикалық мүшәйрасыОтанға, туған өлкеге деген сүйіспеншілікті тәрбиелеуге, көрнекті жерлестердің шығармашылық мұрасымен таныстыруға бағытталған. Мұндай іс-шараларда ерекше атмосфераны сезінуге болады.

«Ақмола жұлдыздары» облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы байқауын орталықтың бренді деп атауға әбден болады. Бұл жоба шынымен халықтық байқауға айналды. Жиырма жылдан астам уақыт бойы өткізіліп келе жатқан өнер додасынкөрермендер мен көркемөнерпаздар ұжымдарының әртістері асыға күтеді, өйткені, дарынды орындаушылар мен жанрлардың жан-жақтылығын көрсетуге мүмкіндік беріледі. Байқау жас таланттарды, жаңа ұжымдарды анықтауға және оның көпжылдық қатысушыларын қолдауға бағытталған мәдени  күшке айналды.

Талай өнерпазға үлкен сахнаға жолдама берген шығармашылық орталығында қай кезде де «жұмыс қайнап» жатады, алдымызға қойған жоспар көп.

Қазіргі кезде біз жазғы маусымның сәніне айналатын, Ақмола облысының қонақтары мен тұрғындарына ұмытылмас әсер қалдыратын, өзіндік ерекшелігімен және әсемдігімен таң қалдыратын «Қымызмұрындық» және «Жігіт сұлтаны»шараларына дайындалып жатырмыз.

Асхат МАГАВИН,
Ақмола облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы директорының міндетін атқарушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар