Қуатты әрі жаңа Қазақстанды құрудың жаңа кезеңінің тарихи зор мүмкіндігі

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:

 Қазақстан үшін Қытай Халық Республикасының орны – ерекше. Біздің ынтымақтастығымыз мызғымас достыққа және өзара қолдауға негізделген. Екіжақты қарым-қатынасты жандандыру жолындағы мақсатымыз – ортақ. Аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті, өзара ықпалдастықты нығайтуды көздейтін мұратымыз да – бір. Біз үшін Қытаймен мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту өте маңызды.

 Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың жаңа тарихи кезеңі басталып отырған осы бір сәтте үрейленуді қоя тұрып, бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып,  үмітпен алға басайық!

 Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы мамырдың 17-19 аралығындағы Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары сәтті аяқталды. Екі мемлекет арасында  құны 22 миллиард доллар болатын 47 құжатқа қол қойылды. Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңі басталды.

Алайда… иә, алайда қазақ қоғамының Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың осыншалықты жаңа деңгейге шығуына байланысты үміттен де күдігі басымдау жатқаны да анық. Үрей бар. Сол баяғы бабаларымыздан қалған «қара қытай қаптаса…» деген сарында жеткен қаупі мен қатерін әлі де  алға тарта береміз.

Адамзат тарихында 1939-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыстың нәтижесінде бөліске түскен дүниенің және де халықаралық нормалар бойынша орныққан тәртіптің қазір бұрмаланып жатқаны да анық.

Әлемдегі соңғы жиырма-отыз жылғы өзгерістер және қазіргі қарулы-қақтығыстар жағдайынан дүние  мемлекеттері ендігі арада қарым-қатынастың және де байланыстың тың жолын іздеумен әуре болып жатқандай. Тіпті жан таласып жатыр десе де болғандай.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 20 қыркүйегінде Біріккен Ұлттар Ұйымы  Бас Ассамблеясының  77-сессиясының жалпы дебатында сөйлеген сөзінде: «Тәртіп пен жауапкершілікке негізделген әрі бұрын қалыптасқан халықаралық жүйенің орнын хаос пен болжауға келмейтін жағдай басып отыр. Тежемелік және тепе-теңдіктің жаһандық жүйесі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап қала алмады. Қауіпсіздік архитектурасы келмеске кетіп барады. Әлемдік алпауыттар арасындағы өзара сенімсіздік жылдам арта түсті. Әлем жаңа әскери қақтығыс ошақтарының құрбанына айналды. Біз екі буыннан кейін алғаш рет ядролық қарудың қолданылу қаупімен бетпе-бет келдік, – деп  бүгінгі күннің әлем дамуының тыныс-тіршілігінің қауіпті деңгейде тұрғанын, тығырыққа тірелгендігін осылайша  дәл айқындап берген еді.

Расында да, мемлекеттердің өзара текетірестері мен  жасанды кедергілері экономикалық оқшаулануға әкеліп соқтырып отырғандығын айта келіп, Қасым-Жомарт Тоқаев  сонымен бірге экономикалық және саяси санкциялар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қалыптасқан бұрынғы жолын  жойып, миллиондаған адамдарға, әсіресе, қоғамның осал топтарына қауіп төндіретін «жаңа нормаға» айналғандығын да  жасырмады.

Міне, осындай қолдан жасалып отырған осы қиыншылықтардың кесірінен әлем бойынша инфляция өсе түсуде, барған сайын жұмыс орындары қысқарып,  дамушы елдердің әлемдік экономиканың құлдырауына орай қазіргі сын-қатерлер күшейген үстіне  күшейіп келеді.

«Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан аламын» деген өктем  саясаттың да  салқыны қылаң беріп тұрғандығы да жасырын емес. Қазіргі Ресей мен Украина арасындағы жағдай осыны айғақтағандай.

Бір сөзбен түйіп айтқанда, дүние тарылып келе жатыр. Сол дүниенің тарылуына байланысты  адам баласының күн-көрісі мен тұрмысы да ауырлап бара жатқаны анық. Бұған соңғы жылдардағы климаттық өзгерістер мен катаклизмдер, табиғат апаттары, Таяу Шығыс Азиядағы қарулы қақтығыстар, Африка құрлығынан Еуропаға ағылған босқындар, жер ресурстарының азайып бара жатқаны, қазіргі дамыған мемлекеттердің біріне бірі салып отырған экономикалық санкциялары да жалпы дүниенің даму тепе-теңдігін бұзып, Адамзат тіршілігіне қауіп пен қатер төндіріп отырғаны да байқалып отыр.

Жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында тұрған және қазба байлықтары әлі де мол Қазақстанмен қазір дүние жүзінің кез-келген мемлекеті қарым-қатынас орнықтыруға ынталы болып отырғаны да бола берері де   анық.

Cоның ішінде, әсіресе, Қытайдың ынтасы орасан болып отырғандығы және де бар. Қытаймен еліміз тәуелсіздік алған кезеңнен бері қарым-қатынас жасаудың жаңа қақпасының ашылғаны да анық. «Шын мәнінде, бұл сапар қазақ-қытай ықпалдастығының «30 жылдық алтын дәуірін» бастады деуге болады. Әрине, бұл сапардың мән-мағынасы ерекше» деген сөзінде Президентіміз осы күндері ұзақ мерзімді мақсаттарға қол жеткізуді көздеген Қытай XI-ші ғасыр үлгісіндегі жаңа мемлекеттің негізін қалап алғандығын  және де әлемнің ең бір дамыған мемлекетінің бірі ретінде сол әлемде өзінің үстемдігін де қамтамасыз ету ойы бар екендігін де аңдап, терең зерделеп алғанына  да сенімдімін.

Қазір Қытай  экономикасының дамуы жағынан әлемде төртінші орында тұр.  – Қытай – әлемдегі ірі инвестор және жаһандық экономиканың көшін бастап тұрған мемлекеттердің бірі. Сондықтан, Қытаймен жан-жақты ынтымақтастықты нығайту Қазақстанның орнықты дамуына мүмкіндік береді. Орталық Азия елдерінің әлеуетін Қытайдың орасан зор экономикалық қуатымен ұштастыру біздің көп қырлы серіктeстігімізге тың серпін береді. Қазақстан осы мақсатқа жету үшін бар күш-жігерін жұмсауға дайын. Қазіргі таңда елімізде ұлттық экономикамызды әртараптандыру үшін ауқымды әрі жан-жақты реформа жүргізіп жатырмыз. Шетел инвесторларына қолайлы жағдай жасауға және кедергілерді жоюға бағытталған жұмыстар атқарылып жатыр, – деп Қасым-Жомарт Тоқаев біздің еліміздің іргемізде жатқан Қытаймен қарым-қатынас жасауға неге мүдделіміз, неге осы қадамға барып отырғанымызға анық та қанық жауап беріп отыр.

Қазір кейде Мемлекет басшысы Ресейге барса да, Ресей мемлекетімен қарым-қатынасты нығайтуға  әрекет жаса да, «Ресей бізге қауіп төндіріп отыр, байланысты үзу керек» деп байбалам салатындар шығып жүр. Енді Қытай қаупі жөнінен де сөз көбейіп, кей жағдайда наразылықтар да  болып жатыр.

Ежелден қонсы қонған және де  Ресеймен 7591 километр,  Қытаймен 1783 километр  шекарасы бар Қазақстан енді қайда барады?

2023 жылғы 19 мамырда Қытайдың Сиань қаласында өткенбірінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінде сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі күні «Қытайдың әлемдік держава ретіндегі өзінің мәртебесін нығайтып келе жатқанын және жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқаратынын, экономикалық және технологиялық дамудың қозғаушы күші екенін» атап көрсетіп, тәуелсіздік жылдарында елімізге 350 миллиард доллардан астам инвестиция тартылғанын алға тарты. Міне, осы 350 миллиардтың 23 миллиард доллардан астамы Қытайдың инвестициясы!

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің  2023 жылғы 17 мамырдағы жүргізген келіссөздері барысында тараптар екі елдің сауда-экономика, мұнай-газ,  мұнай химиясы, энергетика, білім және ғылым, қаржы салаларындағы жан-жақты ынтымақтастығын дамыту, көлік-транзит әлеуетін арттыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, олар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.  Және де Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясында маңызды  құжаттарға қол қойылды.

Қазақстан мен Қытай арасындағы келісім-шарттың осы құжаттарының әрқайсысы біздің еліміз үшін өте маңызды екендігіне тоқтағанымыз абзал. Өйткені, тәуелсіз ел болған отыз жылғы кезеңде «Қазақстан әлемнің дамыған мемлекеттерінің отыздығының қатарына кірді» деген жалған ұранмен, жалған мақтанмен өмір сүргеніміз, мұның соңы халқымызды қайыршылықтың ар жағы мен бер жағына әкеліп ұрынғандығын енді көріп отырмыз.

Дұрыс экономика құра алмағанымыз да анық, тек шикізаттық  өнімдерімізді сыртқа шығарумен ғана айналыстық. Сол шикізатымыздың майлы жілігінің басын кеміргендер шексіз байып, ойларына келгенін жасап бақты. Қазақстанның табиғи байлықтарынан түскен қаржыны шет елдерге асырып,  әлемнің бай адамдарының қатарында «Форбос» журналына енуді мақтаныш пен мақсат тұтқан олар мемлекет пен халық алдындағы жауапкершілікті аяқтарына басты.

Кезінде әр жыл сайын кемінде алпыс пен жетпістің аралығында жаңа өндіріс орындарын салтанатты жағдайда «ашып» отырған Қазақстан ақыр соңында өзінің 18 милионнан асар-аспас халқын тіпті күнделікті тұтыну заттарымен де қамтамасыз ете алмады. «Планшет шығарамыз, «вертолет пен шағын ұшақ жасаймыз», «жылына алпыс мың тонна ет экспорттаймыз», «бірер жылда қазақстандықтардың тұрмысы Кувейттің халқынан да артық болады» деп әлемге жар салғанымыз құр бос сөз болып қалғаны да бар.

Қазір Қазақстанды қойып, дүние жүзі мемлекеттерінің рыногы Қытай өнімдері, Қытай тауарларынсыз кей жағдайда қаңырап бос қалары да айдан анық мәселе. Сондықтан да, Қазақстан Республикасы және Қытай Халық Республикасы басшыларының Бірлескен мәлімдемесінің Қытайдың тап іргесінде отырған Қазақстан үшін  аса маңызды деп санаймыз.

Екі елдің Үкіметтерінің арасындағы «Транскаспий» халықаралық көлік бағытын дамыту,  техникалық-экономикалық ынтымақтастықты орнықтыру, индустрияландыру және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту жайының  ақиқатын айтар болсақ, экономикасы әлі де әлсіз, тіпті дімкәс және жаңа өндіріс орындарына зәру болып отырған Қазақстан үшін зор маңызы бар екендігін ескергеніміз абзал.

Президентіміздің атап көрсеткеніндей, соңғы жылдары Орталық Азия елдерінің экономикалық қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. «Қазақстан шикізатқа жатпайтын 135  түрлі тауардың Қытайға экспортын көбейте алады. Қазақ-қытай шекарасындағы «Қорғас» халықаралық сауда орталығы пандемияға байланысты үш жыл тоқтап тұрды. Өткен айда оның жұмысы қайта жанданды. Орталық Азия мемлекеттерін осы сауда-логистика хабының әлеуетін бірге пайдалануға шақырамын. Бұл – әсіресе, Қытаймен ортақ шекарасы жоқ мемлекеттер үшін аса маңызды. Біз қытайлық инвестициялық серіктестермен бірлесіп, шекарада екінші құрғақ порт салуды жоспарлап отырмыз. Осы саладағы тәжірибені ескере отырып, бұл портты жаңа талапқа сай жасаймыз», – деп Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының болашағын әріден ойлап, шикізатқа жатпайтын 135 түрлі тауарды Қытайға экспорттау мәселесін алға тарта отырып, Қазақстан үшін өз өнімдерін өткізе алатын жаңа рынокқа   жол салып, әлемдегі ең үлкен тұтынушысы бар елдің базарының қақпасын ашып беріп отыр.

Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта әлемнің кез келген мемлекеттері үшін өндіріп жатқан өз өнімдерін  өткізу өзекті мәселенің бірі болып отырғаны да анық. Осы рыноктық алаңдар үшін де кей жағдайда мемлекеттердің өзара келіспеушіліктері де болып тұрады. Сондықтан да, біз алдағы уақытта «Қазақстанда жасалған» өнімдерімізді молайту бағытын ұстана отырып, сол өнімдерімізді шығарып, сататын рыногымызды да қатар ойлауымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда іргеміздегі Қытай біздің еліміз үшін ең тиімді және ең қолайлы рынок екендігінің маңызын жете ұғынғанымыз керек. Президентіміз Қытаймен екі арадағы қарым-қатынастың осы бір аса маңызды жағын да терең ойластырып отырғандығына да мән бергеніміз абзал.

Біз бүгін қимылдамасақ, ертең кеш болуы әбден мүмкін. Сол үшін Қазақстанның дамуын, экономикалық жағынан қуатты болуын және де сауда-саттығымызды жүргізетін рыногымызды бүгін ойластырып, әлемнің Қытай сияқты дамып бара жатқан мемлекетімен өз қарым-қатынасымыз бен байланысымызды тап бүгін бір жүйеге түсірмесек, мемлекетіміздің экономикасы әлсіреп, тіпті құлдырап, ел күйзелісі онан әрі күшейіп кетуі мүмкін. Өйткені, арқа сүйеп, сенейік деген Америка құрылығы шалғай, сеніп келген Еуропаның дамыған мемлекеттерінің экономикалары да тәлтіректей бастады, қашаннан бері бізді өз уысында ұстап келген Ресейдің қазіргі жағдайы да мәз емес, болашағы да бұлыңғыр, беймәлім.

Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыстың әйтеуір бір күні тоқталары да анық. Алайда, сол қарулы қақтығыстың зардаптарын қалпына келтірудің өзі қыруар шығындар жұмсауды, қыруар күшті  талап етері де анық.

Еуропа және де Ресей осы бір қақтығыс нәтижесіндегі санкциялардың зардаптарын, біраздан бері үзіліп қалған бұрынғы қалыпты байланыстарды, бүлінген, қираған дүниелерін қалпына келтіру үшін ұзақ… тіпті де ұзақ уақыттың да, қыруар қаржының да  кетері  анық.

Міне, осы жағдайда Қазақстанның ежелгі көршіміз және экономикасы жыл сайын дамып келе жатқан Қытай сияқты мемлекетпен бейбіт келісіммен және де өзара түсіністік жағдайында екі елге де тиімді қарым-қатынас орнатудың мүмкіндігін жіберіп алмай, пайдалана білуінің тарихи маңызы барлығын жоққа шығара алмас едік.

Өйткені, ендігі дүниенің қалай дамырын да, Еуропа мемлекеттері мен Ресейдің ара-қатынастарының қалай боларын да болжап біліп болмайтын өліра тұста Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ елін нығайтудың, экономикасын дамытып, бейтараптандырудың, инвестиция мен жаңа технологияларды тарту, білім мен ғылымның соңғы жетістіктерін пайдалану арқылы Тәуелсіздігімізді сақтаудың ғана емес, оны баянды етудің жаңа бір мүмкіндігі мол бағытына бетбұрыс жасап отыр.

Екі қолымызды жүрегімізге қойып мойындар ақиқат бар! Айтып, айтпай не керек, Қытай халқы еңбекқор, Қытай мемлекетінің   ғылымы дамып барады, жаңа технологияларды өздері жасап, өз өндірістерінде игерудің нәтижесінде қарқынды дамып, әйтеуір не керек әлемді не бір ғажайып жетістіктерімен таң қалдырып отырғандықтары да ақиқат.

Тереңінен зерделей білсек, ендігі арада үйренісіп қалған Ресейге жалтақтап, солардың ығына жығылумен ғана отыра беруге болмайтындығын әлемдік интеграцияның қазіргі жағдайы анық көз жеткізіп отыр. Әрине, Қазақстанның да Ресеймен  қарым-қатынасының маңызын ешқашан да жоққа шығара алмас едік.

Соған қарамастан қазіргі кезде әлемнің дамыған мемлекеттері Ресеймен барлық қарым-қатынастарын шектеп, тіпті тоқтатып тастап отырған жағдайда Қазақстанның өз мүддесі үшін, өз болашағы үшін қарым-қатынас жасайтын Қытайдан өзге тиімді ел болмай отырғаны да анық.

«Қазақстан – Қытайдың жақын көршісі әрі сенімді серіктесі», – екендігін атап көрсеткен Қасым-Жомарт Тоқаев біздің еліміздің қазіргі экономикалық күрделі жағдайдан, елімізде белең ала бастаған жұмыссыздықтан арылу және тез әрі шапшаң қарқынмен өркендеп кетуіміздің мүмкіндігін Қытаймен байланыстыруы әбден орынды.

«Барар жер, басар тау қалмай» отырған қазіргі геосаяси жағдайда бұл таңдау дұрыс таңдау, болашағы зор таңдау! Ендігі арада  Қытайды қауіп көріп, құр байбалам салуды қоя тұрып, үйренерімізді үйреніп, игеретінімізді игеріп, осы бір бейбіт те ынтымақты ниетпен жасалып отырған қарым-қатынастың тарихи мүмкіндігін барынша тиімді пайдаланып қалуға жұмылып, алға ұмтылғанымыз абзал.

Қытаймен арадағы қарым-қатынастың жаңа мүмкіндіктерін ақылмен, сабырмен тиімді пайдалана білсек, аз уақыттың ішінде қазақ халқы Президентіміз айтқанындай «үйренуші ұлттан да үйретуші ұлтқа айналып» шыға келері де анық.

Және де Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан мен Қытай арасындағымызғымас достыққа және өзара сенім мен қолдауға негізделген ынтымақтастық байланысын орнықтыруға күш салып, соншалықты ынталы болуының  бар мақсаты мен бар мұратықуатты әрі жаңа Қазақстанды құрудың ой-мүддесімен тығыз ұштасып жатқанын жоғары бағалаймыз.

Дүрбелеңі көбейіп тұрған бүгінгі дүбірлі дүниенің күрделі шағында  Қазақстанның дамуының да және еліміздің бүгіні сенімді, келешегі кемел болуын айқындайтын да жаңа кезеңнің тарихи зор мүмкіндігін пайдалана білудің  жауапты тұсы да осы, міне!

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Сенаторлар кеңесінің мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар