Қауіпті кезеңге қапысыз қамданайық

Көктемгі егіс және күзгі егін орағы кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету өте маңызды. Дала жұмыстарын жүргізу кезінде қауіп еселеніп, арта түсетіндігі белгілі.   

Өрт қауіпсіздігін сақтау үшін көктемгі дала жұмыстарын бастар алдында дала еңбеккерлеріне, барлық тұлғаларға мәселенің мән-жайын жете түсіндіріп, ұғындыру өте маңызды. Өйткені, өрттен келер шығын қисапсыз. Қызыл жалынның баға жетпес байлығымыз – орман-тоғайды жалмап кететіні жасырын емес қой. Сондықтан да, ауыл шаруашылығы техникаларының әрқайсысында кемінде бес литрлік өрт сөндіру сұйығы, жарамды ұшқын сөндіргіштер болуы міндетті. Өрт қаупі жоғары кезде меншік нысанына қарамастан, ауыл шаруашылығының құрылымдарына қойылатын негізгі талап бар. Бірінші, құрғақ шөпті, өсімдік қалдықтарын ережеге сай күйдіру, екінші ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді өрттен қорғау. Сондай-ақ, қамысты және құрғақ шөпті шабу барысында белгіленген ережені сақтау қажет. Бұл жай өрттің шығу қаупін төмендетуге септігін тигізеді.

Ауыл шаруашылығы алқаптары мен өрістерде қау шөпті, ескі сабандарды өртеу жұмыстарын жүргізген кезде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау керек. Мәселен, өртеу жұмысын бастамас бұрын еңбеккерлерге қауіпсіздік талаптарын мүлтіксіз сақтау керектігін еске салған жөн. Бұл тарапта өрт сөндіру тәсілдері туралы нұсқаулық берілуі шарт. Ауыл шаруашылығы алқаптарында қау шөптерді өртеу жұмыстарын жүргізген кезде жауапты адамдар тағайындалады. Жұмыс барысында әр өрт сөндіру арнайы су толтырылған көлік немесе қажетті техника, соқалы трактор, өрт сөндіргіштер және өзге де құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген патрульдік бекеттер қойылады. Жұмыс аумағы ең кемінде 8 метрлік жолақпен жыртылады және көлемі 25 гектардан аспайтын телімдерге бөлінеді. Орман алқаптары, егістікті қорғау жолақтары, қалдықтарды өртейтін телімдер жасыл аймаққа шейін ең кемінде аумағы 8 метрге дейін жыртылуға тиісті. Мұндай жұмыстарды жүргізген кезде желдің екпіні секундына үш метрден аспайтын болуы керек. Жалынның тез таралуын болдырмау үшін өрттеу жұмыстары желдің ық жағынан басталады. Ауыл шаруашылығындағы қалдықтарды өртеу жұмыстары аяқталғаннан кейін өртелген аумақтың көлемін мұқият тексеріп, әлі де сөнбей, бықсып жатқан жерлерді анықтап, олар қайта жанып, өрт қаупін тудырмас үшін әбден сөніп біткенше шамамен үш сағаттай күзет қойылуы керек.

Қайрат БАЗАРБАЕВ,
Көкшетау қаласы төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар