Тұрғындарды толғандырған мәселелер біртіндеп шешіліп келеді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Целиноград ауданының әкімі Бахыдбек Оспанбеков өңірдің жетістіктері мен алдағы жоспарларды цифрлар тілімен өрнектеп, жеткізе айтып берді.

Целиноград ауданы Ақмола облысының халық ең тығыз қоныстанған және қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі болып табылады. Аудан басшысының айтуынша, әлеуметтік-экономикалық дамудың бұрын қолжеткізген көрсеткіштері сақталуымен қатар, әрі қарай баянды етіле түскен. Экономикалық өсімнің тұрақты қарқынын қамтамасыз етуге барлық салалар елеулі үлес қосты.

−Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, шағын және орта бизнес бағытында белсенді жұмыс жүргізілуде. Халықпен тұрақты байланыс сақталып, әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Жыл басынан бері аудан экономикасын дамытуға 9 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. Қазіргі уақытта өнеркәсіптік және индустриялық сектор белсенді дамып келеді. Өнеркәсіптің тау кен өндіру секторы көлемінің өсуі байқалады. Шағын және орта бизнесті дамыту шеңберінде ағымдағы жылы 100-ден астам жұмыс орнын құра отырып, 14 инвестициялық жобаны қолға алдық. Мәншүк ауылында 1000 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын салу солардың бірі болып табылады. Сонымен қатар, Қызылжар ауылында құрылыс, клинингтік компаниялар, күзет құрылымдары мен медициналық орталықтардың қызметкерлері үшін арнайы киім тігетін цех ашылды. Балық өнеркәсібі де дамып келеді. Былтыр жобалық қуатылығы жылына 100 тоннаға дейін баратын форель және бекіре тұқымдас балықтарды өсіру, өндіру және өңдеу бойынша балық фермасы іске қосылды, −деді спикер.

Ауданда ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 2,5 мың гектарға ұлғайды. Құрылыс жұмыстарының көлемі де өсті. Жыл басынан бері 38 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Аудан орталығы Ақмол ауылында он кредиттік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Брифинг барысында спикер халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Қараөткел, Нұресіл, Софиевка, Родина, Арайлы, Төңкеріс, Аққайың ауылдарында сумен жабдықтау желілерін қайта жаңарту және салу жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.

−Бүгінгі таңда ауданды орталықтандырылған сумен жабдықтау мүмкіндігі артты. Орталықтандырылмаған сумен 21 елді мекен қамтылып, онда 31 кешенді блок-модуль орнатылды. Газбен жабдықтау жүйесін дамыту шеңберінде Талапкер, Ыбырай Алтынсарин ауылдарында газ құбыры мен газ тарату желілерін салу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарына алғы шарттар жасалды. Ал, Қоянды, Шұбар, Аққайың ауылдарында бұл жұмыстар аяқталуда. Сондай-ақ, Қаражар, Қоянды, Қараөткел ауылдарында электрмен жабдықтау желілерінің құрылысы жалғасуда. Азаматтарды әлеуметтік қолдау мен жұмыспен қамту – басты назарда. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде 205 адамға көмек көрсетілді,−деді Бахыдбек Оспанбеков.

Білім беру саласында Жаңажол, Өтеміс, Шұбар ауылында үш мектептің құрылысы жүргізілуде. Мектептердің автокөліктер саны жыл сайын жаңартылып, толықтырылады.  «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2025 жылға дейін тоғыз елді мекенде 10 400 оқушыға арналған 9 мектеп салу жоспарлануда. Бүгінгі таңда ауданда 160 спорт нысаны жұмыс істейді. Бұқаралық спорт қарқынды дамып келеді. Жыл сайын спортпен және дене шынықтырумен айналысатындардың саны арта түсуде. Денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында да жұмыстар жоқ емес, бар.Барлық медициналық ұйымдар міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне көшкен. Аудандық денсаулық сақтауды жаңғырту жобасы шеңберінде ауылдарда 16 медициналық мекеме салу жоспарлануда. Бұл халықтың осы қызметке қолжетімділігін жақсартуға едәуір септігін тигізбекші.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар