Әкенің абзал бейнесі әрқашан жадымызда жүреді емес пе?!. Жан алып, жан беріскен алапат шайқастың бел ортасында болып, ерен ерлік көрсеткен әкеміз Қабдуақас Рахымбергенұлы туралы перзенттік пейілмен еске түсіргім келеді. Кейінгі толқынға үлгі, өз ұрпағына ұлағат болуы үшін.
Көне құжаттарға қарағанда, әкем Қабдуақас Рахымбергенұлы 1919 жылдың 10 мамыр күні бұрынғы Красноармейск ауданына қарасты Кеңес ауылында туыпты. Негізінде атажұртымыз Зеренді ауданының Раздольное селосының маңында. Осы селодан он шақырымдай жерде Есдәулет деп аталатын көл бар. Көл жанында арғы аталарымыздың бейіттері, сол замандағы қоныстарының көне жұрты бар. Көнекөз қариялардың айтуларына қарағанда, әкеміз Рахымберген Мұсаұлы мен әжеміз Күміс Жүсіпқызы игілік үйірілген бай адамдар болса керек. Арғы аталарымыз Мұса, Есдәулеттер осы өлкені жайлаған және төңірекке аты шыққан бай-бақуатты адамдар болған. Мұсаның әкесі Есдәулетке мыңдаған жылқы біткен. Абыройлы, атақты адам болғандықтан да осы бір жағасы құт, суы бал көлге аты берілген. Бұл жерде судың өте мол қоры бар. Геологияда оны «Есдаулетовские мульды» деп атайды.
Әкейдің айтуынша, өзі ата-анасының тұңғышы екен. Артынан жеті ұл, екі қыз дүниеге келіпті. Өзекті өртер өкініштісі сол, олардың барлығы шиеттей жас кезінде шетінеп кетсе керек. Сөйтіп, әкей отбасындағы жалғыз бала болып ер жеткен. Кеңес өкіметінің орнығып жатқан алғашқы жылдарында ілкі заманнан бері босағасынан байлық арылмаған біздің отбасымыз қуғындауға ұшыраса керек. «Кулак» деген жексұрын атақ жамылып, оның соңы қудалауға ұласып, атамыз Рахымберген Омбы жерінен бір-ақ шығыпты. Әкеміз сол кезде 7-8 жасар бала екен. Жарықтық кейде бір есіне алатын. Он екі-он үш жасында колхоздың малын баққан. Қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей жатып, аптал азаматтар атқаратын азабы мол шаруаның қай-қайсын болмасын арқалаған. Шаруаны ғана емес, тағдырдың тәлкегін де. Қайғының қара бұлты астасқан зілбатпан салмағы еңсені езетін зілмауыр болғанымен, табиғатынан қайратты жаратылған жан бордай үгілмеген. Соғысқа дейін жеті сыныпты бітіріп, білім алған. Қан майданға Омбы облысының Марьяновка аудандық әскери комиссариатынан аттанған. Гвардиялық атқыштар дивизиясының 195-ші гвардиялық атқыштар полкында қызмет еткен. Осы полкте танкіге қарсы күрес бөлімінде атқыш-көздеуші болса керек.
1943 жылғы Курск шайқасында Ивнянск ауданының Кочетковка селосы маңындағы ұрыста немістер қарсы шабуыл жасауға әрекет етіп, бірнеше танкісін кеңес жауынгерлерінің шебіне қарай беттетеді. Әкей бір танкіні өздерінің окоптарының үстінен өтеп бара жатқанында гранатамен талқандап, өртеп жібереді. Ал, күйген жау танкісінен жалма-жан атып шығып жатқан экипаж мүшелерін кеңес автоматшылары құртып үлгерген. Жан алып, жан беріскен сол қияпат майдандағы жауынгерлік ерлігі үшін әкейді Қызыл Ту орденімен марапаттайды.
Осы бір ерлігін білетінбіз, ал, егжей-тегжейлісі бертін ғана, онда да бірер аптаның жүзінде белгілі болды. Қазіргі ақпарат алмасудың жылдамдығы арқылы мүмкін болған ғажап іс бұл. Интернеттен Курск шайқасы туралы, сол шайқаста ерлік көрсеткен жауынгерлер туралы деректерді тауып алдық. Ішінде біздің әкей де бар. Сол сәтте өзіміздің әкеміздің соғыс кезіндегі тамаша ерлігі үшін біз, кейінгі ұрпақтары керемет қуандық. Шынтуайтында, ерлік іс арада қаншама жыл өтсе де ескірмейді екен. Сол шайқастағы ерлігі үшін Рахымбергеновты марапаттау туралы құжатты – бесінші гвардиялық армияның қолбасшысының №07818 бұйрығын тауып алдық. Бұл ұсыныс КСРО Жоғарғы Президиумы Кеңесінің атына жолданған екен. Оның ішінде бірнеше кеңес жауынгерлерінің аты-жөндері бар. Олардың арасында тайға таңба басылғандай етіліп жазылған әкеміздің аты-жөні жүр. Тек онда Рахимбергенов Абдуакас деп жазылған. Шын аты-жөні Рахымбергенов Қабдуақас. Шамасы әріп қатесі кеткен. Өзіңіз көз алдыңызға елестетіп қараңызшы. Ақ ажал бір түйір қорғасын оқ болып тынымсыз жауып тұрған шақта әлдебір әріп қатесіне кім қарады дейсіз. Бұл құжатта былай делінеді:
«Тов. Рахимбергенов находясь в боевых порядках нашей пехоты, занял огневой рубеж и несмотря на сильный пулеметный орудийный огонь противника он пропустил танк через окоп, а затем уничтожил его, а выскочивший экипаж уничтожил совместно с автоматчиками.
Горовей,
командир 195 ГП гвардий, подполковник.»
Әкей тағы бір естелігінде өзін жерлесі Өтеген Шәймерденовтың ажал аузынан алып қалғандығы туралы айтатын. Ол Чкалов ауданына қарасты Амандық ауылының тумасы екен. Кезекті бір қан-қасап шайқас аяқталған соң Өтеген атамыз жерлесі Қабдуақасты іздемей ме? Сөйтсе, жарылған бомбаның әсерінен окопты топырақ басып қалған екен. Топырақты аршып іздесе, жаралы әкей топырақпен көмілген окоптың ішінде. Ес-түсін білмей, жараның зардабынан ыңырсып жатқан әкейді қазып алып, әскери госпитальға аттандырады. Кейін соғыс біткен соң екеуі осы әңгімені ара-тұра естеріне алатын. Әкей сол шайқастан кейін мүгедек болып қалуы себепті әскер қатарынан босатылады. Бұл 1943 жыл болатын. Елге оралған соң Омбы облысындағы ХХ партсъезд атындағы колхоздың төрағасы болып сайланады. 1949 жылы алты айлық курсты оқып бітірді. 1956 жылы туған жері Көкшетауға көшіп келіп, Маленков атындағы колхоздың (Зеренді ауданына қарасты Игілік ауылы) төрағасы болып қызмет атқарды. Кейін 1957 жылы «Раздольный» кеңшары құрылған кезде кеңшар директорының орынбасары болып ауысты. Осы арада табаны күректей отыз жылдан артық абыройлы қызмет атқарды. Үлкен өмір мектебінен өткен, қан майданның қатал тезінде сыналған, өмірдің ащылы-тұщылы дәмін тегіс татқан әкей жасы жетпіске келгенше қызметтен қол үзген жоқ. Ұл өсірді, қыз өсірді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Немерелерін сүйді. Біз, балалары Мағауия, Сапия, Сапар үшеуіміз әке жолын қуып, әрқилы қызмет атқардық. Қай салада, қай жерде еңбек етсек те адал болуға, абыройлы болуға тырыстық. Өйткені, әкеміздің асқар тау бейнесі санамызда сағымдалып, бізге қарап тұратын тәрізді. Адал еңбек әке аманаты секілді. Енді сол асқар тау тұлғаның толайым текті бейнесі кейінгі ұрпағына үлгі-өнеге болса екен деп тілейміз.
Мағауия РАХЫМБЕРГЕНОВ,
Көкшетау қаласының тұрғыны