Көне түркі жазуларында ортақ атаулар көп

Облыс орталығы Көкшетау қаласында Түркі тілдес халықтардың жазбалары күніне арналған халықаралық конференция өтті. Жиында түркі жазбалары мен қазіргі жер-су атауларының байланысы, ономастика саласындағы мәселелер талқыланды. Іс-шараға зиялы қауым, БАҚ өкілдері және студент жастар қатысты.

Конференцияда өңірдің тарихшыларынан бөлек, елордалық және өзбекстандық ғалымдар да көпшілік назарына баяндамаларын ұсынды. Жиынның мақсаты – түркі этностарының мәдениеті мен өркениетін дәріптеу. Сондай-ақ, көне жазбалардың тарихын айқындап, зерттеу еңбектерінің нәтижесімен бөлісу болып табылады.

−Махмұд Қашқари сөздігінде айтылатын толып жатқан тапонимдер, ономастикалық атаулар біздің жерімізде де кездеседі. Мысалы, Дамса деген атау. Мұндай атау Түркияда да бар. Бұл бізді ойландыратын мәселе болып табылады. Сондай-ақ, Қорғалжын деген жерді алсақ, оның жанында Бытығай деген жер бар. Дәл осындай атаулар Ресей Федерациясныың Якутия жерінде де қайталанады. Оларда «қорғалжын» сөзі «қалайы» деген мағынаны білдіреді,−деді тарих ғылымдарының докторы, професоссор Жамбыл Артықбаев.

Конференция барысында аймақтағы ономастика саласындағы жұмыстар талқыланды. Өңірде идеологиялық тұрғыдан ескірген елді мекендер мен көшелерге жаңадан атаулар беріліп жатыр. Осы мақсатта арнайы ономастикалық комиссия құрылып, құрамына бірқатар тарихшы ғалымдар кірді.  Түркі халықтарының тілі мен ономастика саласының арасында тығыз байланыс бар. Тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Зәкенұлы өз баяндамасында жер атауларының қалыптасуының үш кезеңіне тоқталды. Ол орта ғасырлық кезеңдегі жер атаулары, қазақ хандығы дәуіріндегі жер атаулары мен отарландыру саясаты жүргізілген кезеңдегі жер-су атаулары екенін атап өтті.

−Бүгінгі іс-шара осындай атаумен өтіп жатқан бірінші конференция болып табылдаы. Оның маңызы өте жоғары. Себебі, осы аймақта көне түркі ескерткіштеріне көңіл бөлу және ономастика мәселелерін қарау алдағы жер атауларына және жергілікті жердің тарихына байланысты көптеген ізденістерге түрткі болады деген ойдамын. Мемлекеттілігіміздің негізі – көне түркі жазбалары.

Оны бүкіл Қазақстанмен бүкіл түркі әлемінде насихаттауымыз керек. Түркі елдерімен және сыртқы әлеммен қарым-қатынасымыз да өзіміздің мемлекеттілігімізді дәлелдеп, жазу мәдениетіміздің бар екеніне таптырмас дәлел,−деді бұл орайда профессор.

Ономастика саласы дегеніміз елді мекендердің тарихи атауын жаңғырту. Қазіргі уақытта Омбы архивінен табылған көне карталардағы ауыл-аймақ атаулары зерттелуде. Өткен жылы облыстық ономастикалық комиссия 27 елді мекеннің тарихи атауын қайтаруға келісім берді. Биыл идеологиялық тұрғыдан ескірген 60 елдімекеннің атауын өзгерту жоспарлануда.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар