Ауған соғысының қарапайым да ержүрек сарбазы

Күнделікті өмір ағымында атқарып жүрген ісімен көпшілік назарына түсе бермейтін жандар жеткілікті. Солардың ішінде интернационалдық азаматтық борышын атқарғандарды патриоттар қатарына толығынан қосуға болады.

Қай соғыстың да құпиясы көп, шытырман оқиғаларға толы болып келеді. Шын мәнінде бұл соғыстар шежіресінің сарғайған парақтары біз үшін әлі күнге дейін «белгісіз соғыс» күйінде қалып отыр. Оның соңғы ақиқаты әлі ашылған жоқ, зұлмат соғыс туралы бар шындық әзірге айтылмасы да анық. Десе де бір нәрсе анық. Ұлы Отан соғысында, кешегі Ауғанстандағы, тәжік-шешен шекарасындағы қақтығыстарда қазақтар шын мәнінде жаратылысы батыр, ерлік дәстүрі қалыптасқан ержүрек халық екенін дәлелдей білді.

Тарихи деректерге сүйенсек, Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін Кеңес Одағының  Батыры атанғандар жалпы Одақ бойынша 11695 адам деп жазылатын да,әрі қарай КСРО-ға кіретін республикалар бойынша жеке-жеке сандары көрсетілетін.Осы тізім бойынша қазақстандықтар Ресей, Украина, Белорусиядан кейін  төртінші орында тұратын. Әрі олардың жалпы саны 96 деп көрсетілетін. Қазіргі зерттеушілердің мәліметіне сүйенсек, олардың саны 106, енді бірде 103 деп жазылып жүр, яғни, Кеңес уақытындағыдан 10 немесе 7 Батырға  көбейген. Айта кететіні, олардың қайсыбірі Кеңес Одағы Батыры атағы мен Алтын Жұлдыз орденін сонау Ұлы Отан соғысында жасаған ерлігі үшін өздері қайтыс болған соң ондаған жылдар өткеннен кейін алса, қайсыбірі бұл абыройлы атаққа бейбіт заманда азаматтық борышын өтеу кезінде көрсеткен ерлігі мен өжеттігі үшін ие болды. Зерттеуге үңілсек, берілу уақыты бойынша есептегенде Кеңес Одағы Батыры атанған 97-ші қазақ Николай (Қайырболат) Майданов. Оған бұл атақ өткен ғасырдың сексенінші жылдары Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеу кезінде көрсеткен ерлігі үшін берілді. Сондай-ақ, ерліктері үшін Ресей Федерациясының Батыры атанған қазақтар біздіңше төрт адам. Ең алдымен Ұлы Отан соғысында алғашқы күндері-ақ ерен ерлік жасаған ұшқыш, қазақ арасынан шыққан 100-ші Батыр Бақтыораз Бейсекбаев. Ол өртенген ұшақты танк колоннасына саналы түрде арнайы құлатқан капитан А.Масловтың экипажынан екен.Сосын ғарышкер Талғат Мұсабаев, ал үшінші адам – тікұшақшы Қайырболат (Николай) Майданов. Қайырболат бұл атаққа орыс-шешен соғысында көрсеткен ерлігі үшін ие болды. Әрине, қайтыс болған соң. Қ.Майданов әрі Кеңес Одағының Батыры, әрі Ресей Федерациясының Батыры атанған осы елдегі бірден-бір тұлға. Сондай-ақ, әскери жаттығуда қолынан гранатасы түсіп кеткен сарбазды денесімен жауып, қаншама әскерилердің өмірін сақтап қалған тағы бір ержүрек қазағымыз, Бауыржан Момышұлына тартқан қайсар сардар Серік Ғазизұлы Сұлтанғабиев та ана бір жылы осы ерлігі үшін Ресей Федерациясының Батыры жоғары атағын алды.

Ал енді, адамдардың жүрегіне қанды сызатын салған  ауған жеріндегі соғыстың ауыр күндері естен бір кетпейді. Оның қайғы-қасіретін көрген жандардың да біздің арамызда жүргені және олардың сол бір қиын-қыстау күндерді ұмыта алмайтыны еш жасырын емес. Жас өрім жігіттердің қолына қару алып, Отан жұмсағасын, сан ұрыстарға қатысып, құрбан болғаны да тарихи шындық. Ал, бүгінде сол қайғылы соғыстардан аман оралған интернационалист жауынгерлер біздің арамызда да бар.

Сәрсен Рахманқұловауған соғысының ардагерлері аудандық ұйымының төрағасы,аудандық ақсақалдар Кеңесінің мүшесі. Ол 1967 жылы бұрынғы Целиноград облысына қарасты Қорғалжын ауылында дүниеге келген. Қорғалжын №21 кәсіптік-техникалық училищесін механизатор мамандығы бойынша бітіріп, одан әскерге шақырылып,ауған соғысына жіберілетін әскери бөлімге түседі. Алдымен бес айлық әскери жаттығудан өтіп, 1988 жылы мамыр айында Ауғанстан жерінің астанасы Кабул қаласына аттанады, сөйтіп, ол жақта 130-ммзеңбірегінің нысанашысы болады. Адам  қанша батыр болып туайын десе де, жан-жағынан қорқыныш қысталағанда еріксіз көңілі де босап жүре береді екен, – деп еске алады сол күндерді ауған соғысының ардагерінің өзі. –Ауған жеріне алғаш түскен сәтте-ақ мұндағы соғыстың оңай болмайтынын сезіндік. Өйткені, мұнда күн санап қаншама жауынгерлер опат болып жатты. Ал,өлім мен өмір белдескен мұндай қырғыннан аман қалу, тек Алланың бұйрығымен болатын іс қой. Ол зеңбірекшілік мамандықты игергендіктен Қандығар қаласының маңында талай әскери ұрыстардың куәсі болды.1989 жылы ақпан айының 15-ші жұлдызында Ауғанстан жерінен КСРО әскері шығарылды, С.С.Рахманқұлов Өзбекстан мемлекетінің Термез қаласында 2 ай әскери борышын жалғастырып, 1989 жылы мамыр айында Украинаның Виницкая облысының Гульчин қаласында әскери борышын сәтті аяқтап, қазан айында елге оралды.

– Сол ауған жерінде жерлестерім Дәурен Рспаев, тікұшақшы Сайлау Қасенов сынды жауынгерлер ерлікпен қаза тапты. Олардың ешқайсысыда бейбіт күндері әскерге аттанғанда  қанды қырғынға қатысамын деп еш ойламаған болар, – деп еске алады Сәрсен Смағұлұлы.

Бұл – Ауғанстанның жан сыздауы. Бүгіндері Сәрсен Смағұлұлы аудан орталығындағы Ақтан Төлебаев атындағы жалпы орта мектебінің алғашқы әскери  және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады.

Бір ерекшелігі, өз қатарлары елден кетіп жатқанда,ол ауылында қалды, Отанына қалай адал болса еліне,жеріне деген сүйіспеншілігін сақтай білді. Соңынан ұрпақ өрбітіп, аталары салған сара жолды орынды жалғастырып келеді. Оның ауған соғысындағы ерлік істері де ескерусіз қалған жоқ. Бүгінде кеудесінде «Қызыл Жұлдыз» ордені және басқа да медальдар жарқырайды. Ол өзінің Ауған жерінде өтеген әскери борышын ешқашан мақтанып айтып көрген емес. Ең басты тілегім елімнің аман, жұртымның тыныш болғаны дейді. Қазір жан жары екеуі үш бала өсіріп,тәрбиелеп отыр. Сондықтан, біз де ауған ардагері Сәрсен Смағұлұлы Рахманқұловқа шын жүрегімізден өмірінің баянды болуына өз тілегімізді білдірдік.

Қалай десек те, сол тұстағы Кеңес жастарының бойындағы отансүйгіштік рух Отан алдындағы өз борыштарын өтеп шығуға деген күш-қуаттарының күштілігінде деп ойлаймын. Ешбір жас Отан қорғау сияқты ортақ мүддеден сырт қалмауы керек. Сондықтан, ел басына күн туған қиын-қыстау күндері туған жерін қорғап қалған ардагерлерімізге,интернационалдық борыштарын абыроймен өтеген жауынгерлерімізге құрмет көрсетіп, тағзым ету біздің ортақ парызымыз болса керек.

Мұхит ШЕРМҰХАНҰЛЫ,
Қорғалжын аудандық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар