Аяусыз зұлматтың белгісіз құрбаны Нұрғали Нұрсейітұлы

Кешегі Кеңес үкіметі тұсында отыз жылдан астам уақытқа созылған сталиндік дәуірде еліміздің талай мыңдаған алдыңғы қатарлы, озық ойлы  ұлдары мен қыздары бірнеше дүркін қудалауға ұшырап, жазықсыз жапа шекті. Халық басына түскен қасіретті нәубеттің ең үлкені – өткен ғасырдың 30-шы жылдарының аяғындағы репрессия еді. Осы кезеңде ойдан шығарылған жалған айыппен ұлт кадрларына да қара семсер сілтелді.

Солардың бірі бұрынғы Атбасар ауданы, қазіргі Жақсы ауданының Алғабас (Бозкемер) елді мекенінде 1903 жылы дүниеге келген жалындап тұрған жерлесіміз Нұрғали Нұрсейітұлы болатын. Жасынан пысық, өткір, алғыр, өжет болып өскен оны үлкендер нағашысына тартып туған бала дейді екен. Нұрғалидің анасы Рабиға шұбыртпалы Ағыбай батырдың туған қарындасы. Архив деректерінен табылған мәліметтер бойынша сол уақытта ауылымызда үш бастауыш мектеп болыпты.

Нұрғали 1914-1918 жылдары Атбасар қаласындағы екі кластық училищені, одан кейін екі жылдық мұғалімдер курсын бітіреді. Жасынан еті тірі, сауатты азаматтың есейген жылдары Октябрь революциясының ұлы өзгерістерімен орайлас келеді. Саясатты терең түсінетін және екі тілде сауаттылығымен көзге түскен Нұрғали Нұрсейтұлы 1921 жылы большевиктер партиясының мүшелігіне қабылданады. (Петропавл қаласының архивінен алынған құжат дерегі). 1923-1925 жылдары Ақмола уездік партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінде қызмет істейді. 1925 жылы арнаулы жолдамамен Ленинград қаласындағы коммунистік университетке оқуға жіберіледі.

Оқып жүрген кездерінде өзінің ерекше іскерлігімен көзге түсіп, Ленинград аудандық партия ұйымының тапсыруымен заводтардағы партия мектептерін тексеру жұмыстарына қатысады. 1928 жылы университетті жақсы аяқтап, сол кездегі ел астанасы Қызылордада орталық аппаратта жұмыс атқара жүріп, Голощекин саясатына ашықтан-ашық қарсы шығады. Өр мінезді, ұлт жанашырының болашақ тағдыры осы кезеңнен бастап Орталық комитет басшылығының қатаң бақылауында болды деп айтуға негіз бар.

Осы саяси көзқарасы үшін 1930 жылы Ақтөбе округтік партия ұйымына ауыстырылады. 1933 жылы Л.И.Мирзоян мемлекет басшылығына келгеннен кейін ғана Қазақстан өлкелік партия комитеті аппаратына қызметке шақырылады. 1934 жылы Қарқаралы округіне бірінші хатшы болып сайланады. 1936 жылы округтер таратылып Қарағанды облыстық партия комитетінің 2-ші хатшысы болып сайланады. Көп ұзамай жалған жаланың жазықсыз құрбаны болған халқымыздың бір топ ардақты ұлдарымен Нұрғали да ұсталып, түрмеге қамалады.

«Из всего явствовало, что контрреволюционная организация была создана А.Асылбековым, Н.Нурсейтовым, М.Гатауллиным по дерективам разоблаченных врагов народа Н.Нурмакова,С.Сейфуллина, Д.Садвокасова, У.Кулумбетова». («Казахстанская правда») газеті, 8.09.1988 жыл. Атбасарлық өлкетанушы-тарихшы Клара Әмірқызының «Ауылым-атамекенім» кітабынан.

Қайран, арыстар ақ-қарасын айырып жатпастан, бірінен кейін бірі ұсталып, ату жазасына кесіледі. Айналада болып жатқан қара түнек қасіреттің залалын анық түсінген көзі ашық, саналы азамат жастай қосылған жұбайы Шәрбанға шұғыл хабар жеткізеді. Жұбайы Шәрбан Рүстемқызы да Алғабас ауылының тумасы, осы ауылдағы Сәрке қажы ұрпағы болатын. Өзінің енді қайтіп бұл жерден аман шықпасын түсініп, әйелінің тез арада айрылысуын талап етеді. Уақыт өткізбей біреудің етегінен ұстап, көзінің қарашығындай қос сәбиі Ақас пен Раушанның тегін өзгертуді өтінеді. Сүйген жарынан тірідей айырылған Шәрбан жылай-жылай Нұрғалидың соңғы тілегін орындап, екі баласымен бірге (өз әкесінің тегіне ауыстырып) Рүстемовтар атанып, Қырғызстанға көшіп кетеді.

Ал, елінің қамын ойлағаны үшін ғана жазықсыздан жазықсыз жапа шеккен Нұрғали Нұрсейтұлы 1957 жылы еш кінәсі жоқ болуы себепті ақталады. (дәлелденген құжат Қарағанды мұражай қорынан табылды) 1970 жылдары Шәрбан апай Алғабас ауылына туыстарына келіп кетіпті. Осы күні ұрпақтары Қырғыз елінде тұрып жатыр. Іздестіріп телефон арқылы байланысқа шыққанымызбен  өкінішке орай, қызығушылық танытпады.

Биыл Нұрғали Нұрсейітұлының туғанына – 120 жыл. Елі, халқы үшін шыбын жанын шүберекке түйген, өр мінезді қайсар ер қатыгез ел басшысы Голощекинге қарсы шыққаны үшін 1937 жылы қарашаның 22-сі күні ату жазасына кесіліп, 1957 жылы шілде айының 19-ы күні қылмысы дәлелденбеген соң ақталады. Сол бір зұлмат кездері Алғабас ауылында тұратын бір аяғы жерде, бір аяғы көрде дегендей, 71 жастағы әкесі Биғарин Нұрсейіт те 1937 жылы 28 қараша күні ұсталып, «халық жауының» әкесі болғаны үшін 10 жылға сотталып кете барды. Ол да кейін 1989 жылдың 16 қаңтар күні еш кінәсіз екені дәлелденіп ақталды.

Ұрпақтары жатжұрттық болып кетіп, елде іздеушісі болмаған соң  Нұрғали Нұрсейітұлын республика тұрмақ, туған елі, жері, қызмет істеген аудан, облыс орталықтары ешқашан еске алып, қандай да бір шара өткізу рәсімі болып көрмегені өкінішті-ақ.

Ұлт жанашыры, халқының адал ұлы, партия және қоғам қайраткері Нұрғали Нұрсейітұлы сияқты асыл азаматтың өнегелі өмірі қазақ елі тарихында мәңгілік сақталып қалуы үшін міндетті түрде биылғы 120 жылдық мерейтойында осындай іс-шаралар өткізіліп, Жақсы, Атбасар аудандарының орталықтарында және облыс орталығы Көкшетау қаласында мектеп, көшеге аты берілсе, егемен еліміздің, қазақ халқының болашағы үшін жазықсыз жапа шеккен қайраткердің алдындағы бір парызымыз орындалған болар еді.

                                                                              Талғат ҚҰРМАНҰЛЫ,
                                                              «Астана қалалық Билер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар