Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Темірбек Жүргеновтің  туыстары  «АЛЖИР»-де болып кетті - АРҚА АЖАРЫ

Темірбек Жүргеновтің  туыстары  «АЛЖИР»-де болып кетті

Өткен аптада Ақмол ауылындағы «АЛЖИР» республикалық-мемориалдық кешенінде қоғамдық өкілдері, мәдениет және БАҚ қызметкерлерінің бас қосуымен «Дөңгелек үстел» өткізілді.

Аталған мәдени шараның Астана бірлескен мұражайлар дирекциясы мен Қызылорда қаласының тарихи-өлкетану мұражайы қызметкерлері  тарапынан ұйымдастырылғанын айта кету керек. Баршамызға тарихтан белгілісі, саяси қуғын-сүргін жылдарында «Карлгтың» 26-нүктесі аталған Ақмола өңірінің «АЛЖИР» лагерінде «Отанын сатқандар» санатында болған ел азаматтарының жұбайлары мен апа-қарындастары тар қапаста отырды.

Кінәсі болмаса да жазықты атанған әйелдердің арасында Қазақстанның Халық ағарту саласының комиссары Темірбек Жүргеновтің зайыбы Дәмеш Ермекова-Жүргенова да көппен бірге азап шекті. Дәмештің ата-тегі — Арқаның айтулы өңірі Қарқаралыдан. Әлімхан Ермековке туыс адамдар. Темірбек Жүргенов Ақтөбеде туғанымен, көршілес Қызылордада өзінің жан-жақты білімі арқылы алдыңғы қатарда жүрді.

Сондықтан, Қызылордадан Ақмола өңіріне арнайы келген делегация мүшелері жиі ойға алынбайтын тарихи деректерге мән беріп, тарқата айтып берді. Республикалық мәні бар бұл сапарды Қызылорда қаласының мұражай директоры С.А.Көзейбаев бастап келді. Меймандар арасында жазушылар, тарихшылар, ғылыми қызметкерлер мен Темірбек Жүргеновтің жақын туыстары да болды.

Тарихшы Саби Әбдіқадырұлы Аңсат өз сөзінде ХХ ғасырдың 30-50 жылдардың зұлматын  егжей-тегжейлі баяндап, сол зобалаң күндердің аталарымыз бен әкелеріміздің, аналарымыздың жүректеріне өшпес сызат қалдырғандығын айрықша атап өтті. Сол бір үрейге толы аңду мен өтірік жала жабу кезеңінде НКВД-нің арнайы қызметінің құрығына Темірбектің әкесі Қара мен оның ұлдары Қосжан, Досжан және Ысқақ ілінеді. Еш кінәсі жоқ жас жігіттер тұтқынға алынып, ең ауыр  жазаға   кесіледі. Оқиға мұнымен тынбапты, көп кешікпей Жүргенов отбасыларының бас иесі Қара ақсақал да атылып кетеді. «Үштіктің» теріс шешімімен бір шаңырақта қалған әйелдері мен жақын туыстары да арнайы лагерьлерге аттандырылды.

Алаш ардақтысы Темірбек Жүргеновтің зайыбы Дәмеш бейбіт кезеңде Алматының  ауруханасында бас дәрігер болып қызмет істеген еді. Сонымен қатар, білікті маман ретінде жоғары оқу орнында сабақ та берген. Ақталып шыққан соң ол Алматы мемлекеттік медицина институтына профессор болып тағайындалады. Жазықсыз жары Темірбек Жүргеновтің ақталуына, халқымыз үшін  атқарған жұмыстарының қыр-сыры том-том кітап болып шығуына көп күш жұмсаған кісі.

Асыл жұбайы Темірбек Жүргенов шын мәнінде танымал мемлекет қайраткері болатын, арқалы азамат қазақ мәдениеті мен әдебиетінің, ғылымы мен білімінің  дамуына зор үлес қосты. Оның есімі тек қазақ халқына ғана емес, бүкіл түркі әлеміне танымал. Сталиндік қудалауға түспегенге дейін ол Өзбекстан мен Тәжікстанда Білім және мәдениет министрі болғанын көпшілік біле бермес. Қазақ мәдениетінің өрлеуіне ерекше күш жұмсаған қоғам қайраткерлерінің бірі. Т.Жүргенов көптеген тілдерді  меңгерді, соның ішінде қазақ пен орыс тілдерін қалай жетік меңгерсе, парсы тілін де толыққанды біліпті. Ол Қазақстанда Халық ағарту комиссары болып тұрғанда оұжымдастыру кезеңінде жіберілген өрескел қателіктерді  түзетуге  көп күш-жігерін жұмсады. Халық ағарту жұмысына барынша ден қойып, бастауыш білімді алға тартып, қараңғылықты жою тұрғысында өзінің ерекше ұйымдастырушылық қабілетін таныта білді.

Темірбек Жүргенов Қазақстан мен Орталық Азияның статистикалық және демографиялық мәліметтерін жинастырып, мұрағаттар бойынша көршілес мемлекеттердің тарихи материалдарын зерттеумен жан-жақты айналысты. Оның тікелей ат салысуымен оқырмандар үшін Пушкин, Лермонтов, Гоголь, басқа да КСРО ақын-жазушыларының шығармалары қазақ тіліне тәржімаланды.

Қызылордалық қонақтар, Темірбек Жүргеновтің жақын туыстары Марита Қуанова, Гүлбаһрам Ысқақова мемлекеттік мұражайда болған кездесуде ардақты азаматтың өміріне қатысты көптеген белгісіз жайттарды ортаға салды. Жиында философия ғылымдарының докторы Дәулет Омаров та салиқалы пікірін айтты. Сол күні «АЛЖИР» мұражайының қаралы қабырғасына алқызыл гүл шоқтары қойылып, марқұм болған ағалар мен апалар құрметіне дұға бағышталды.

Алыстан ат арытып келген меймандарға деректі әңгімелері үшін «АЛЖИР» мемориалдық кешенінің директоры Самат Тергенбаев зор ризашылығын білдіріп, өзінің арнайы сый-жоралғысын табыс етсе, Қызылорда мұражайының басшысы С.А. Көзейбаев Темірбек Жүргеновтің майлы бояумен салынған портретін сыйға тартты.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.

Целиноград ауданы.

Суреттерді түсірген автор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар