— Ақмола облысында 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «XX ғасыр қасіреті – күштеп ұжымдастыру, ашаршылық, қуғын-сүргін, депортация» атты ғылыми-тəжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шортанды ауданында өткен шараға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тарих ғалымдары, әдебиетші ғалымдар, тарихшылар, депутаттар, жергілікті зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.
Конференцияда Шортанды ауданының әкімі Сағындық Шабаров, Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбесұлы, Astana IT University кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Нұрбек Шаяхметов, Астана халықаралық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Өскембаев, «Білім өркениет» ұлттық иновациялық ғылыми зерттеу орталығы қоғамдық ұйымының басшысы, тарих магистрі Әзірет Сатылғанов, Еуразия университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы, тарих магистрі Саят Нәбиев, «Мемлекет тарихы инситуты» қызметкері Ғиззат Табылдин, Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Самат Есқалиевтің ашаршылық, қуғын-сүргін және депортация жылдарының ауыр кезеңі, сталинизмнің озбырлығы, қазақ ұлтының ауыр тағдыры және оның трагедиясы туралы баяндамалары тыңдалды.
Тарихшылар негізінен архивтік құжаттарға сүйене отырып, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық зардаптары жайында келелі әңгіме өрбітіп, бұл зұлматтан сабақ алу керектігін алға тартты.
«Облыс әкімінің қолдауымен өңірде саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау шаралары дәйекті ұйымдастырылып келеді. Қазіргі уақытта әкімнің қолдауымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қаншама тарихтың ақтаңдақ беттері ашылып жатыр»,- деді Жабал Ерғалиев.
Шара соңында жиналғандар «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне барып, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арнап Құран оқыды.
Айта кетсек, саяси қуғын-сүргін жылдары Қазақстанға Кеңес одағының түкпір-түкпірінен 5 миллионнан астам адам жер аударылды.
1930-1940 жылдары халықтарды Қазақстанға жаппай жер аудару жүргізілді.
Ресми мәліметке сәйкес, 1921-1954 жылдар аралығында Қазақстанда 100 мың адам жазықсыз ұсталып, оның 25 мыңына ең жоғары жаза – ату шарасы қолданылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Көкшетауда Мағжан Жұмабаевтың Алаш руханиятындағы рөлі» тақырыбында конференция өткенін жазған едік.