Жақында Зеренді ауданының «Бұқпа» орман шаруашылығының аумағында оттың орман алқабына ауысуымен құрғақ шөптің жануы орын алғандығы туралы телефон хабарламасы келіп түсті.
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев пен төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Нұрлан Атығаевтың төрағалығымен өрт орнында штаб құрылды. Нұрлан Атығаевтың айтуынша, дереу оқиға орнына департаменттің қолда бар күштері мен құралдарынан 115 адам және тоғыз техника жіберілді.
«Қазавиақұтқару» мекемесінің екі авиациясы іске қосылды, су төгетін құрылғымен шамамен 27 су ағызу жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта жағдай бақылауда.
–Халықты табиғатқа ұқыпты қарауға шақыру керек. Бурабай, Зеренді курорттық аймақтарында туристер көп, астаналық «жасыл белдеу» және Көкшетаудың айналасында үлкен орман алқабы бар. Осының бәрі ерекше бақылауда ұсталуы тиіс, – деді Ермек Маржықпаев.
Айта кетейік, ауа температурасының жоғарылауына байланысты Ақмола облысында өрт қауіптілігінің жоғары класы сақталуда. Осыған байланысты Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға орман алқабында өрт қауіпсіздігін сақтау қажеттігі туралы ескертеді.
Ақмола облысының ТЖД баспасөз қызметі
Ақмола облысы әкімдігінің және төтенше жағдайлар
департаментінің баспасөз қызметкерлері.