Үздіктердің көшін бастап, алда жүру – іскер басшылықтың кепілі

Ақмола облысының әкімі Ермек Боранбайұлы МАРЖЫҚПАЕВ биылғы жылдың  8 маусым күні  Астанадағы  Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баспасөз конференциясын өткізді.

Міне, соңғы үш жыл бойы Ақмола облысы әлеуметтік-экономикалық даму бойынша алдыңғы қатарда, үздік  келеді. Әуелгі сөз басын  облыс әкімі Ермек Маржықпаев  осыдан бастады.

Журналистер тарапынан қойылған көптеген сауалдарға әкім «мәселе шешіліп жатыр», «қаржы бөлінді», «құжаттар әзірлену үстінде, мәселе екі-үш жылдың қарауында шешіледі» деп нақтылы жауап бере отырып, өңірдің ең бір өзекті деген мәселелері назарда екендігін, бар жағдай жіті бақылауда екендігін анық аңдатып отырды.

Өңір басшысы нәтижелі көрсеткіштер өңірдің соңғы бірнеше жылында шынымен де алға серпіліс жасағанын растады. Мәселен, өнеркәсіпті дамытуда кезінде аграрлық аймақ саналған облыс индустриялық секторы қарқынды дамып келе жатқан аймақ мәртебесін нық жеңіп алды. Тек биылғы жылдың өзінде өнеркәсіп саласының өсімі 115,1 пайызды құрады. Комбайндар өндірісінің көлемі 2,5 есеге, тракторлар бір жарым есеге, өңделмеген алтын 37 пайызға, көкөніс пен сары май бір жарым еседен астамға, ет және ішкі өнімдер 14 пайызға өскен. 3,5 мың жаңа жұмыс орнын ашумен 163 жоба жүзеге асырылған. Басқа салалар да өркендеп келеді. Мәселен, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 19 пайызға өскен. Осы көрсеткішке сәйкесөңіріміз республика бойынша екінші орында.

Аймақ басшысы атап өткеніндей, инвестиция өңірдегі экономикалық белсенділіктің драйвері болып табылады. Күрделі салымдардың өсуі іс жүзінде экономиканың барлық салаларында байқалады. Ал, бұл жаңа жұмыс орындары ашылып, бюджет салықпен толығып, сауда көлемі артып келе жатыр деген сөз.Ауыл шаруашылығында да 5,4 пайыз көрсеткішпен айтарлықтай өсімге қол жеткізілген.

Облыс дәстүрлі түрде астық өндіру бойынша көшбасшылығын сақтап қалды. Өткен жылы біз 5,4 миллион тонна астық жинадық, бұл республика астық көлемінің төрттен бірі. Жыл сайын жақын және алыс шетелдерге 2,2 миллион тоннадан астам астық экспорттаймыз. Құс етінің үштен бірі, еліміздегі тауық жұмыртқасының 15 пайызы біздің облыста өндіріледі. Өңделген ет өндіруден екінші орында, өңделген сүт өндіруден үшінші орында, ұн мен май бойынша төртінші орындамыз, – деп атап көрсетті Ермек Маржықпаев.

Өңір басшысының айтуынша, облыс өзінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, елорданы да сапалы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуде. Астананың ірі сауда желілеріне облыстың 130-ға жуық кәсіпорны өз тауарларын жеткізіп, жыл сайын өндіріс көлемі артып келеді.

Ыңғайлы өмір сүру үшін

Аймақ басшысы өңір тұрғындарымен тұрақты түрде есеп беру кездесулері көрсетіп отырған маңызды мәселелердің бірі – жайлы өмір сүру екенін атап өтті. Пайдалануға берілген тұрғын үйлер бойынша біз Қазақстан Республикасы бойынша ең жақсы көрсеткішке ие болдық. Облыстың барлық аймақтарында құрылыстар жүріп жатыр. Биылдың өзінде 212 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 1920 ақмолалық отбасы жаңа қоныс тойын тойлаған. Жол саласында да ауқымды жұмыстар атқарылуда, биылдың өзінде 1000 шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарланған, бұл саланы қаржыландыру екі есеге, яғни, 38-ден 73 миллиард теңгеге дейін өскен.

– Жалпы, жолдарды жақсартуда айтарлықтай жетістіктерге жеттік. Мысалы, жеті жылдық кезеңді салыстыратын болсақ, өсім 6 еседен астам болды: 2016 жылы біз 150 шақырымға жуық жолды жөндедік, – деп жалғастырды өз сөзін облыс әкімі.

Сондай-ақ, Ермек Маржықпаев басқа да мәселелерді қамтыды. Ол биылғы жылы 70-тен астам жоба жүзеге асырылып жатқан сумен қамту саласындағы жобаларға тоқталды. Жоспар бойынша 2025 жылға дейін облыс тұрғындарын сапалы әрі таза сумен жүз пайыз қамтамасыз ету көзделген.

– Әлеуметтік салада ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыстың 38 ауылында дәрігерлік амбулаториялар салу жоспарланса, Көкшетау қаласында 630 төсек-орындық заманауи көпсалалы аурухана құрылысын салу үлкен жоба болмақ. Денсаулық сақтау ұйымдарына жаңа құрал-жабдықтар сатып алу жұмыстары жүргізілуде, саладағы білікті кадрлардың тапшылығы жүйелі түрде жойылуда. «Соңғы үш жылда облыста медицина кадрларының тапшылығы екі есеге жуық қысқарды», – деді облыс әкіміөз сөзінде.

Балабақшалар мен мектептердегі орын тапшылығын жою бағытында да осындай жұмыстар атқарылуда. Биыл екі балабақша ашылып, тағы алтауының құрылысы жүріп жатыр. Аршалы, Сандықтау, Целиноград аудандарында, Көкшетау, Қосшы, Степногорск қалаларында 5,5 мың орындық 14 мектептің құрылысы жалғасуда. Ал, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 2025 жылға қарай тағы 20 жаңа мектеп ашу жоспарлануда.

Сонымен қатар, брифингте туризмді дамыту тақырыбы да қозғалды. Ермек Маржықпаевтың айтуынша, өткен жылы Ақмола облысы Қазақстандағы туризмді дамытудың жетекші бестігіне енген. Өңірде Щучинск-Бурабай курорттық аймағы көшбасшы ретінде саналады, оған облысқа келген мыңдаған туристердің көпшілігі барып, дем алады.

– Биыл Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытуға 4,6 миллиард теңге бөлінді. Курорттық аймақтың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін көліктік инфрақұрылымның 5 жобасы жүзеге асырылуда, 100 шақырым жол бөлігі салынып, жөнделеді. Маусым кезінде туристердің жүріп-тұруына кедергі келтірмеу, қолайсыздық туғызбау үшін барлық жұмыстарды ертерек атқаруға тырысамыз, – деп нақтылады облыс әкімі.

Сонымен қатар, облыс басшысы, өңірімізге туристердің келуі жыл сайын артып келе жатқанын, биылғы жылы бір миллион екі жүз мыңға жуық адам келеді деп күтілуде екенін және қонақтарды қабылдауға барлығы дайын екенін де атап өтті.

Облыс орталығының мәселелері туралы

Республикалық және облыстық БАҚ журналистерінің облыс әкіміне қойған сауалдарының ішінде, әрине, жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан түйткілді мәселелер де болды. Мәселен, облыс орталығындағы жылу электр орталығы мен су тазарту құрылысы туралы.

Облыс әкімі атап өткеніндей, шынында да, Көкшетау – жеке жылу және қуат өндіретін ЖЭО-сы жоқ жалғыз облыс орталығы. Соңғы жылдары қала екі қазандықпен жылытылады, егер көмірмен жұмыс істейтін қазандықтар жылуды қолжетімді бағамен қамтамасыз етсе, газ-мазут қазандықтарын пайдалану бюджетке әжептәуір жүк болса, тарифтердің өсуі адамдарға қиындық әкеледі. Сондай-ақ, қала үздіксіз өркендеп, жаңа тұрғын үйлер бой көтеруде, осыдан келіп, жылу жүйесінің қуатын арттыру қажеттілігі туындайды.

– Жылу электр орталығының құрылысы – өте маңызды жоба, – деп атап өтті Ермек Маржықпаев. –Біз техникалық-экономикалық негіздемесін жасап, Энергетика министрлігіне тапсырдық. Энергетика министрлігі құрылысқа конкурсты екі рет өткізді, бірақ, өкінішке орай, ешкім жобаны жүзеге асырғысы келмейді…

Сондай-ақ, облыс әкімі қазір жоба түзетіліп жатқанын, кейін жаңа байқау өткізілетінін атап өтті. Осы аралықта Үкімет резервінен бөлінген 2 миллиард теңгеге жуық қаржыға қаладағы қазандықтарда ауқымды жөндеу жұмыстары басталып кетті.

Көкшетаудағы су тазарту құрылыстарына келетін болсақ, олардың құрылысы бірнеше рет кейінге қалдырылып, жобаға түзетулер енгізілгеннен кейін, ақыры оны жүзеге асыру басталды. «Бүгінде жұмыс жүріп жатыр», – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, журналистер Краснояр тас жолы бойындағы білім беру кешені құрылысының аяқталу мерзімі туралы сұрақ берді, оны «өңірдегі ең танымал ұзақ мерзімді құрылыс», – деп атаған Ермек Маржықпаев жұмыс 1 қазанға дейін аяқталады деп сендірді.

Тағы бір сұрақ Көкшетаудағы Қопа көлі жағалауын сапасыз салған мердігерлерге қатысты болды. Бұл сұраққа жауап берген облыс әкімі мердігерлермен сот ісі оң шешімін тапты, жағалау жобасы түзетіледі, содан кейін конкурс қайта өткізіледі деп айтты.

– Бұл орын азаматтардың сүйікті орнына айналды, ол жерде әрқашан серуендеп жүрген адамдар қатары көп, әрине, жұмыс аяқталуы керек. Оның үстіне келесі жыл Көкшетау үшін ерекше – облыс орталығына 200 жыл толады, –деп атап өтті.

 

Қосшының мәселелері кезең-кезеңімен шешіледі

Журналистер жас қала – Қосшының даму перспективалары туралы да сұрақ қоймай қала алмады. Облыс әкімі бұл елді мекенге ұдайы көңіл бөлініп отырғандығын атап өтті.

– Егер 2016 жылы біз Қосшының инфрақұрылымына 1 миллиард теңге шамасында қаржы бөлсек, биылғы жылы 12 миллиард теңге қаражат бөлініп отыр. Алайда, қала халқы жылдан-жылға көбейіп келе жатқандығын да түсінуіміз керек. Болашақта мұнда 130 мың адам тұратын болады. Қаланың дамуы үшін қазірдің өзінде көп жұмыс атқарылуда. Қосшыны бүгінде үлкен құрылыс алаңы десек артық емес. Бұл – сумен және электр қуатымен жабдықтау, жолдарды жөндеу және жаңаларын салу… Бүгінгі таңда 2012 жылы салынған қазандықтың қуаттылығы да жетіспейді. Оған қосылатын қосымша қазандықтың жобасы қуаттылықты екі еседей арттыруы тиіс, – деді Ермек Маржықпаев.

Әкім сондай-ақ, қалада оқушылардың үш ауысыммен оқу мәселесін  шешу үшін 1200 орындық жаңа мектептің салынғандығын, мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің есебінен тағы бір үлкен мектептің іске қосылғандығын атап өтті. Бұған қоса, барлық қажетті керек-жарақпен жабдықталатын екі мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында тағы бір оқу орнының құрылысы жоспарлануда.

– Осының бәрі үш ауысыммен оқыту мәселесін күн тәртібінен алғызады деп үміттенеміз, – деді облыс әкімі.

Астананың іргесіндегі қалада бұқаралық спортты дамыту туралы айта келе, Ермек Маржықпаев жақын арада Қосшыда спорт мектебі ашылатындығын, қазір ол қызметкерлермен толықтырылып жатқандығын атап өтті. Сондай-ақ, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы көзделуде. Қала бойынша алты ойын және спорт алаңы ашылатын болады. Мұнымен бірге, қалада бірнеше жекеменшік спорт мекемелері бар.

–Тұтастай алғанда облыста спортқа зор көңіл бөлінуде. Соңғы уақытта біз бірнеше дене шынықтыру-сауықтыру орталықтарын іске қостық. Бұл мәселеде жеке бизнес субъектілері де қол ұшын созуда. Мәселен, «Шуйское» серіктестігі жоғары деңгейдегі спорт кешенін салды. Ал, «ТНК» агрофирмасының арқасында Жақсы ауданында үлкен спорт кешені пайда болды.

– Астананың іргесіндегі елді мекендерде өрт депосы жоқ. Жергілікті тұрғындар оның қажет екенін айтуда. Осындай жоба іске асырыла ма? – деген сауалға облыс әкімі:

– Иә, әзірше біз Астана қалалық төтенше жағдайлар департаментінің көмегіне жүгінуге мәжбүрміз. Дегенмен, бұл мәселе көп ұзамай шешімін табады. Қазір Қосшыда төрт бекетке арналған өрт депосының құрылысы басталды. Ол маңайдағы елді мекендерде де жұмыс атқаратын болады. Мамандар үшін тұрғын үй салынады. Қазіргі уақытта қызметкерлердің  жұмыс істеуі мен демалуына, сондай-ақ, құтқарушылардың жаттығуларына жер телімі бөлінген. Осы тектес жобалар Талапкер және Жібек жолы ауылдарында да іске асырылады, – деді.

Өңірлердің мұң-мұқтаждары

Баспасөз мәслихатында журналистер облыстың басқа өңірлеріне қатысты сұрақтарды да қойды. Айталық, Бестөбе кентіндегі алтын шығаратын фабриканың айналасындағы шиеленіс те сөз болмай қойған жоқ. Ермек Маржықпаевтың атап өткеніндей, Бестөбедегі бұл кәсіпорын екі жылдан бері жұмыс істемейді, осы уақыт бойы компания қызметкерлерге айлықтарын төлеп келді. Сөйтіп, осы мақсатқа 9 миллиард теңге жұмсалды.

–Мен кәсіпорын акционерлерімен және тұрғындармен бірнеше рет кездестім. Проблеманы шешу жөнінде жұмыс тобы құрылды. Іс біртіндеп алға жылжып келеді. Комиссияның жұмысының арқасында мәселе өз шешімін табады деп ойлаймын. Қазір ол ерекше бақылауда, – деді облыс әкімі.

Ол сондай-ақ, елді мекеннің өзі де ерекше көңіл бөлуді қажет ететіндігін атап өтті. Бестөбеліктердің тұрмысын жақсарту үшін қазандықтың құрылысы басталды. Тоқсаныншы жылдардың ортасынан жылу берілмеген үйлер орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылатын болады. Сондай-ақ, 300 оқушыға арналған мектеп құрылысы басталды. Сумен жабдықтау, жарық тарту, абаттандыру мәселелері шешілуде.

–Екібастұз жылу электр станциясындағы апаттан кейін билік жылумен жабдықтау кәсіпорындарына көбірек көңіл бөле бастады. Осы ретте, Степногорск жылу электр орталығының жағдайы қалай?

–Біздің облыста 17 аудан және 3 қала бар. Соған қарамастан, мен биылғы жылы бір Степногорскінің өзінде төрт рет болдым, – деді Ермек Маржықпаев, – мұндағы жағдай ұдайы назарда ұсталып келеді. ТЭЦ жекеменшікке берілген. Сондықтан, біз меншік иесімен жұмыс істеп келеміз. Өткен жылы олар жөндеу жұмыстарына 3 миллиард теңге жұмсаса, биыл 5 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсайды. Кей жүйелерді біз қала әкімінің балансына алдық. Бізді қолдағаны үшін Үкіметке рахмет. Қазір ең тозған бөліктерді қайта жаңартудамыз.

Тағы бір сұрақ Жарқайың ауданындағы Бұзылық су қоймасының құрылысын қамтыды. Облыс әкімі бұл жобаның өңір өміріне тың өзгеріс әкеле алатынына тоқталды. Жаңа ірі су көзінің пайда болуымен өңірдің жан-жануарлар мен өсімдіктер әлемі жақсы жағына өзгеруі ықтимал. Сондай-ақ, суармалы егіншіліктің дамуына да мүмкіндіктер туындайтыны сөзсіз.

Бұған қоса, су қоймасы көктемде өзендер жайылғанда ауданды су басу мәселесін де бірсыдырғы шешері сөзсіз. «Келесі жылы бұл жоба іске асырыла бастайды деп сенгім келеді. Біз үшін жобаның маңызы зор. Сондықтан, Экология министрлігімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз» деп толықтырды өз сөзін аймақ басшысы.

Зеренді ауданында көптен бері туындап отырған электр қуатымен жабдықтау мәселесіне түсінік бере келе, Ермек Маржықпаев электр жүйелерінің бір бөлігі жеке қолда екенін және айтарлықтай тозғандығын атап өтті. Меншік иесімен сот процедурасы жүріп жатыр. Оған да әжептәуір уақыт болды. Ал, әзірше жергілікті билік орындары жөндеу жұмыстарын өз күштерімен жүргізуде. Тұйықтан шығу үшін «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа желілердің құрылысы басталды.

Және де тағы бірқатар өзекті мәселелер…

Журналистер тек біздің аймаққа ғана қатысты емес, барлық өңірлерге тән проблемаларды да сұрастырып білді. Олардың ішінде фермерлерді қолдау шаралары, Бурабайдың тамаша табиғатын қорғау, сайғақтардың егін алқаптарына түсуі сияқты мәселелер бар. Бұл проблемалардың бәрі әрине, облыс деңгейінде  шешіле қоймайды. Дегенмен, оның әрбіреуіне Ермек Маржықпаев толық және дәйекті жауап берді. Ауыл тұрғындарын мал жайылымымен қамтамасыз ету жөнінде айта келе, ол облыста мал жайылымы үшін шамамен 400 мың гектар жердің жетіспейтіндігіне тоқталды.

–Жер мәселесі бүгінде белгілі бір алаңдаушылықты туғызып отыр. Біз құрамына жергілікті атқарушы органдардың, құқық қорғау органдарының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіретін ведомствоаралық комиссия құрдық. Қазірдің өзінде мемлекетке заңсыз рәсімделген немесе игерілмеген 380 мың гектар жерді қайтардық. Бұл жайылым жетіспейтін елді мекендердің айналасындағы жерлер. Ортақ мүдде үшін бұл жұмысты әрі қарай жалғастыра береміз, – деп сендірді облыс әкімі.

«Жұрт Бурабайдан да Түркияда дем алған арзан түседі» деп жүр. Бұл туралы не айтар едіңіз» деген сыңайда залдан тағы бір сұрақ қойылды.

–Бұл тұжырым әдетке айналды, – деді Ермек Маржықпаев, – әрине, «Rixos» немесе «Windham Garden» кластарына жататын отельдерде демалу арзан емес. Өйткені, бұл премиум-класс отельдері. Алайда, бізде орташа баға санатындағы және одан да арзан отельдер де бар. Демек, Бурабайдағы демалыс әртүрлі материалдық деңгейдегі туристерге қолжетімді деген ойдамын, – деді бұл сауалға Ермек Маржықпаев.

Курорттардағы жағажайлардың кіршеңдігі, қоқыс шығарудағы проблема туралы қойылған сауалдарға облыс әкімі туристердің саны ұдайы артып келе жатқандығын, биыл мысалы курортта қоқыс күніне екі-үш рет емес, алты рет шығарылатынын мысал ретінде келтіре отырып, жауап берді.

Біз жаңа қоқыс таситын көліктер, жүзден астам қоқыс жәшігін, қоқыс жинайтын контейнерлер сатып алып жатырмыз. Бурабайдың аумағында барбекю аймақтары белгіленіп, онда алау жағуға дейін қауіпсіз болады. Дегенмен, туристерге қарата, қалдық қалдырмаған жерлер ғана таза болады деп айтқым келеді. Кешкі уақытта соңғы рет қоқысты сағат алты мен тоғыздың арасында тазалайды. Ал, таңертең сағат алтыда сол жерлер тағы да ластанған болып шығады. Бұл қоқыс өзінен-өзі жиналмайды ғой деп қорытындылады сөзін аймақ басшысы.

Ермек Маржықпаев екі сағатқа жуық республикалық телевидениенің тікелей эфирінде сан түрлі бұқаралық ақпарат құралдары тілшілерінің сауалдарына жауап берді. Ұзақ әңгімеге қарамастан, брифинг аяқталған сәтте журналистердің бәрі бірдей өздерін мазалаған сауалдарын қойып үлгере алмағаны белгілі болды. Облыс әкімінің баспасөз қызметінде атап өткеніндей, тілшілердің эфирде қойылмаған сауалдарының жауабы қысқа мерзімде берілетін болады.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
Владислава КОКОРИНА.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Көкшетау – Астана – Көкшетау.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар