Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстандағы жұмыспен қамту орталықтары таратылады, оның орнына еңбек ұтқырлығы мен мансап орталықтары пайда болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Шолпан Рахматуллинамәлімдеді.
−1 шілдеден бастап Ақмола облысында қабылданған әлеуметтік Кодекске сәйкес жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы жанынан облыстық еңбек ұтқырлығы орталығы құрылады. Штат бойынша онда 30-ға жуық адам жұмыс істейді. Ал, аудандарда карьерлік орталықтар құрылатын болады. Ең бастысы,облыстың өңірлерде жұмыс күшінің сұранысы мен ұсынысын реттеуіне мүмкіндігі арта түседі.Ақмола облысында жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты реттеу мәселесі шамамен 10 жыл бойы пысықталуда. Бұдан басқа, жұмыспен қамтудың қандай да бір шараларына жолдау үшін жұмыс берушілермен және жұмыссыздармен сұраныс пен ұсыныс мәселесі бөлек талқыланады. Жұмыссыздар қажетті мамандықтар бойынша оқитын болады. Оларды оқыту үшін колледждердің тізімі бекітілді, −деді Шолпан Рахматуллина. Сонымен қатар, ол Ақмола облысында он ұлттық жоба аясында 2200-ге жуық азаматтың жұмысқа орналастырылғанын айтты.
−Құрылған жұмыс орындарының ең көп үлесі бойынша «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» ұлттық жобасы көш бастап тұр. Соның арқасында 1175 жұмыс орны құрылған еді. Басқа жобалар да жақсы нәтиже берді. «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы бойынша 90 жаңа жұмыс орны құрылды. «Жасыл Қазақстан»жобасы аясында 624 адам жұмысқа орналастырылды. Алдағы уақытта, 8 жобаны іске асырып, 700 жұмыс орнын құру жоспарлануда, – деді басшы, – биыл ақмолалықтарға жұмысқа орналасуға үш негізгі бағыт бойынша көмек қолын созамыз.
«Бірінші жұмыс орны» жобасы 35 жастан аспаған жастарға, оның ішінде бірінші жұмыс орнында дағдыларды алу үшін жұмыс тәжірибесі жоқ NEET санатындағы жастарға арналады. Аталмыш жоба Зеренді ауданы мен Қосшы және Көкшетау қалаларында өзін жақсы жағынан көрсетті. Сөйтіп, 95 адам жұмысқа жолдама алды. «Күміс жас» жобасы бойынша да 183 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Жобаның басты мақсаты елу жастан асқан адамдарды жұмыспен қамту болып табылады. Ал, «Ұрпақтар келісім-шарты» жобасы бойынша 7 адам жұмысқа жіберілді. Бұл жобада жұмыс беруші, ниет танытушы азаматтызейнетке шығатын адамның орнына жұмысқа қабылдайды, −деді Шолпан Рахматуллина.
Брифинг барысында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында қандастарды қабылдау шаралары жүзеге асырылып жатқандығы жөнінде айтылды. Олар өңірлік квотаға енгізілген жағдайда оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Мұндай шаралар жыл басынан қолға алынады. Осыған байланысты бір отбасына ақшалай төлем ретінде 4 миллион теңгеге жуық материалдық көмек беріледі. Бұл қаржыны тұрғын үй сатып алуға немесе салуға пайдалануына, сондай-ақ, ипотекамен баспана сатып алу үшін бастапқы жарна ретінде көмегін көруіне болады.
Бүгінгі таңда шағын және орта бизнесті қолдау аясында 81 ақмолалық тұрғынмал шаруашылығы, шаштараз және тігін цехына арналған жабдықтар сатып алуға өтеусіз грант алды.
−Кәсіпкерлік саласындағы Жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту үшін «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы жеңілдетілген микрокредитпен 171 адамды қамту жоспарлануда. Сондай-ақ,мүгедектігі бар адамдар да басқарманың ерекше бақылауында. Оларға дәрі-дәрмек пен қажетті құралдар бойынша материалдық көмек көрсетілуде. Бүгінгі таңда 6758 ақмолалыққа протездік-ортопедиялық және сурдологиялық көмек, санаторлық-курорттық емдеу, жеке көмекшінің қызметтері және әлеуметтік қолдаудың басқа түрлері қамтамасыз етілді, −деп түйіндеді өз сөзін брифингте Шолпан Рахматуллина.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.