Жан жылуыңыз жүрегімізде әлі ұмытылмай келеді

«Газеттің сөзі – уақыттың ізі» деген рас. Ана бір тұста өткен күндердің өшпес ізіне айналған «Көкшетау» газеті тоқсан жылдық тарихи жылын атап өтті.Жыл бойы барлық басылымдарда сарғайған газет беттерінде саналы жылдары қалған небір қимас жандардың абзал істері еске алынып, жазылды. Өмір бойы сөз өнерін жанына серік етіп, ұлт руханиятын дамытуға үлес қосқан Жанайдар Мусин, Әуез Өтеев, Хәкімтай Әміров, Мәтен Бижанов, Төлеген Қажыбаев, Маман Ементаев, Жұмабай Есекеев, Зәуре Жанаева секілді ардақтыларымыздың есімдері ұмытылмақ емес. Біз барда бұл үрдіс әлі де жалғасады.

Бүгін біз осы басылымда көп жыл қызмет атқарып, өршіл мінезімен, керемет ұйымдастырушылық қабілетімен, сынаптай тірлікте шындық пен әділетті жақтаған, адамгершілік асыл қасиетімен дараланған жалындай жарқын жан туралы айтпақпыз. Ол талай баспасөз саласының қайнаған қан майданының қақ ортасында өмірі ізденіспен өткен, барша редакция жастары Нұрхан аға атаған Нұрмұханбет Ысқақов.

Сол жылдары шығармашылығы шыңдалған ортада ағамыз газеттің ең жауапты саласы – секретариатқа жетекшілік етіп, жауапты хатшы қызметін атқарды. Газетті сапалы да қатесіз жарыққа шығару жұмысын қадағалайтын саланы атқара жүріп, аға қол астындағы алпысқа жуық адамға басшылық етті. Сол кезеңде небір дарынды да талантты журналистерден құралған творчестволық алқамен ғана емес, басылымның ауыр да қиын саласында істейтін техникалық қызметкерлерімен де тығыз байланыста болды. Әсіресе, корректорлар бюросында істейтін бірі ересек, бірі өрімдей жас газет оқушыларына жауапты хатшы ретінде басшылық ете отырып, қатаң талапты бәріне бірдей қоятын. Талапшылдығы қандай терең болса, әділеттілігі де сондай еді.

Ертеден қара кешке дейін өніп бітпейтін газет беттерін қаттау, дер кезінде жарыққа шығару жұмысында бізбен бірге жүретінНұрхан ағаның басты қағидасы сауаттылық болатын. Екі тілге бірдей жүйрік жан телетайптан түсетін ресми хабарларды әп-сәтте қазақ тіліне аударып, көз алдымыздағажайып аудармашылығын, ой-қиялының ұшқырлығы мен қалам қуатынтанытатын. Газет саласынан тәжірибеміз аз біз іштей ағаның қарым-қабілетіне тәнті болушы едік. Қашан көрсең үсті-басы тап-таза, жинақы, жүріс-тұрысы ширақ, ойы сергек аға жастарға тілекші болып жүретін. Мінезі тік, принципшіл жан өз көңіліне ұнамайтын тұстарды бетіңе тура қарап айта салатын, ағадан ескерту естіп қоймайық деп біз де тайсақтап тұратын едік. Осындай мінез ерекшелігіне қарамай, өте әділ еді. Қол астындағы қызметкерлердің баршасына қамқор болатын. Алдына өтінішпен барған адамның сөзін бөлмей, тып-тыныш отырып, бар ынтамен құлағын иіле тосып, тыңдай қалатын сырбаз сәттері болушы еді-ау. Дарыны биік, ойы өткір, келбеті келісті ағаның адамды мысы басып тұратын керемет бірқасиеті бар еді. Жалындай жарқылдап жүретін, осындай жомарт жандардың бүгінде жанымызда жоқтығы жанға батып, жүрегіңді жүдетеді.

Нұрхан аға баршамызды өкінтіп жетпіске де жетпей өмірден өтті. Бірақ, арада қанша жыл өтсе де, қазір осы салада жұмыс істеген кез-келген қызметкерден ол кісі жайлы сұрасаң, Нұрхан ағаның есімін ерекше тебіреніспен еске алады. Соның бірі – Қайыркеш апа Сүлейменова. Өмірінің бар саналы жылдарын баспасөз барысының цензурасында өткізген апай өз жерлесі, туған інісіндей қадір тұтқан Нұрхан Ахметұлын асқан құрметпен еске алып, қасиетті есіміне кір шалдырмай келеді. Есіл азаматтың есімін ел есінен шығармай, жүрегін жылытатын әдемі сәттерін үнемі айтып отырады. Ағаның жақын туыс келіні, сатушы болып істейтін Айгүл де бізбен ерекше естелігімен бөлісіп, Нұрхан ағаның мейірбандығы мен бауырмалдылығын сағына еске алды. Ұлы Біржанның өте тәрбиелі де талапты жас екенін мақтанышпен баяндады.

Анда-санда газет ардагерлерінің бастары қосылып отырған жерде қадірлі де құрметті Нұрхан ағаның адами асқан болмысын, кісілік, кішілік қасиетін тебіреніспен еске алатын жанның бірі – Күлзейнеп Айсина. Өмірінің ерекше жылдарын осы шығармашылық ортада өткізген еңбек ардагері, апайымыз өткен әдемі күндерін қимастықпен еске алады.

– Мен көп жыл газет корректоры болып жұмыс істей жүріп, талай басшының алдынан өттім. Соның ішінде Нұрхан ағаның қиын шақта отбасыма жасаған жақсылығын ұмытпаймын. Өзім қала шетінде тұрушы едім. Күнде таңертең үш жасқа енді келген ұлыммен бірге жұмысқа шығып, қатты қиналып жүрдім. Сол тұста Нұрхан аға менің жағдайыма үлкен басымен өзі кірісіп, әлеуметтік жағынан қолдау көрсетті. Мекенжайымның қасынан сәбиіме орын әперіп, тіпті жұмыс кестесін өзіме ыңғайлы етіп, бекітіп берді. Сондай жаны жомарт, жанашыр азамат еді. Қолым қысқарып, жаным жасып жүргенде жалғызыма жасаған жақсылығын ұмытпаймын. Бүгінде ұлым өсіп, жетіліп, немереммен қолым ұзарып, ұрпақ бақытын отағасымен бірге көріп отырмыз. Бойындағы бар қабілеті мен қарымы, білімімен, күш-жігерімен қоғам үшін, біз үшін қалтқысыз қызмет еткен Нұрхандай асыл жанмен жұмыс барысында тағдырымның тоғысқанына тәубе деймін. Аяулы жанның көңілімнен өшпес биік бейнесін сағына еске алып, рухына дұғамды бағыштап отырамын. Жалпыға жақсылық үшін жаралған жаны жәннатта болсын, – дейді көзіне жас алған асыл ана, ардақты әже Күлзейнеп Зәлелқызы.

Өзінің қысқа ғұмырында кімге де болса, қолұшын беруге дайын тұратын Нұрхан ағаны журналистика саласындағы ірі тұлғалар Мәтен Бижанов пен Төлеген Қажыбаев ерекше қадірледі. Небір тың идея үшін жаралған ағаның іскерлігін, сауаттылығы мен ұйымдастырушылық қабілетін Көкшетау университетінің президенті, академик жерлесіміз Жанат Қасым да тез салмақтап, бағалай білді. Көкшенің осындай атпал азаматтарының ықылас-ілтипатында болған Нұрхан аға өз ұлтын, халқын, елін, тілін сүйген асыл азамат еді. Ол Еңбекшілдер ауданы, бүгінгі Біржан сал елінің тумасы болатын. Ата қонысы Степняк қаласы маңындағы Шиелі ауылына жақын Қарашілік деген мекеннен екен.  Жан-жағы қалың орманды, бұлағы көп, ырысты қойнау болған өлкедегі Ысқақ атасы мен Жәмила әжесінің төрт баласының тұңғышы Ахмет пен Қамиланың отбасында туыпты. Жасы үшке толмай, әкесі Ахмет Ысқақұлы Ұлы Отан соғысына аттанады. Бар-жоғы 40 жасында соғыс даласына аттанған әкесі қайтып оралмаған. Ал, анасы Қамила 34 жасында жесір қалған екен. Соғыстан кейінгі бар балалық шағы атасы мен әжесінің қамқор құшағында өткен Нұрхан аға анасын жеңгесіндей көріп, атымен атаған. «Менің анам Қамила қара торының сұлуы болатын. Балғалыш аптайым екеуінің иықтарынан төгіліп тұратын ақ бөртпе шәлілері болушы еді» – дейді бір естелігінде. Сол анасын ұлтымыздың жаратылысына жат «мама» дегеннен гөрі мен үшін ең сүйікті, ең асыл, ең етене жақын атымен атағаным артық депті. Анасы Қамила кіндігінен жеті перзент көріп, содан жалғыз қалған Нұрхан ағаның қолында тұрып, немересі мен шөбересін иіскеп, 90-нан асып, өмірден өтіпті. Асыл анасының соғыстан кейінгі ауыр да қиын өмірі өзіне өнеге, үлгі болғанын айта келе, сол естелігінде «Аруағыңнан айналайын, Анашым!» деп қапаланып, өкінген сәтін де еске алады.

Анасы қайтыс болғасын, өмір өткіншілігін сезіне түсіп, қатты тебіренген  аға келешек ұрпағы үшін, туған-туыс бауырлары үшін «Шежіре» кітабын шығаруды қолға алған. Онда «Мен Ақсары керейдің Ақымбет тармағынан тарайтын Битан, Жантілес, Мұса, Ысқақ атаның ұрпағы, Ахметтің ұлы, Ахметжан немеремнің атасы – Нұрмұханбет боламын» депті. Осы шежіре кітабының басын 1911 жылы Орынбор қаласында басылып шыққан кітаптан алғанын айтыпты. Сонда асыл ұрпағы үшін қанша жыл қазылып, ерінбей ізденіп еңбек еткенін көруге болады. Ұрпағына «туған ұлтыңды, ана тіліңді ардақтап, жақыныңды сыйлауды сүбеңе берсін» деп өсиет етеді. Осы естелігінде Нұрхан аға әкесімен бірге туған Сұңғат, Қиззат ағалары мен Балғалыш тәтесін еске алады. Олардан тараған Ерқанат, Қымбат, Ерқайрат, Зейникамал мен Қайыркен бауырлары жайлы ерекше сезіммен баяндаған. Естеліктің өн бойы атасы мен әжесіне, туған өлкесі мен бауырларына деген қимас сағыныш пен толғанысқа тұнып тұр.

Өмірінің ең бір қызықты да ғұмырлы жылдары газет қабырғасында өткен кезеңде Нұрхан аға бар қабілет-қарымын басылымның мазмұнын арттыруға, оқырман қатарын көбейтіп, жастардың шеберлігін шыңдауға арнай білді. Тіпті, журналистік жолда баршамыз үшін бір орын алып, екі тілді сауатты, жетік білуінің арқасында облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі болып тағайындалды. Бірақ, жаны шығармашылыққа бұрған аға жылы орнын тастап, жекеменшік газет ашты. Елімізде егемендік желі есе бастаған 1990 жылы солтүстік өңірде өз тарихымызды, діліміз бен дінімізді, тілімізді ту етіп көтерген «Оқжетпес» газетін өмірге әкеліп, өзі редактор, өзі шығарушы болды. Зор құлшыныспен іске кіріскен ұлттық басылым төл тарихты бұрмаламау төңірегінде сөз қозғап, талай таланттың жолын ашып, небір авторлардың шығармашылығына қозғау салды. Нұрхан Ахметұлы облыста аты қайта жаңғырған «Алаш» партиясын құрып, оның басты бағдарламасын елге, жерге көз алартқан бөтен көзден қорғауға арнап, қазақша мәтінінің сауатты жазылуына атсалысты.

Сол жылдары «Алаш үні» газетінің негізін қалап, бағыт-бағдарын да айқындап берді. Ағаның терең білімі, өмірлік тәжірибесі, ашық та айқын ұстанымы мол еді. Осы өткір позициясымен небір өзекті мәселелерді көтеріп, тайсалмай тура сөйлеп, екі тілде бірдей көсіле жазатын жүйрік еді. Нұрхан аға жанында жүрген жастарға тілекші болып қана қоймай, нөпір ішінен жүйрікті тани білетін талантты талғампаз жан еді. Қол астында жүрген көпті сырттай бақылай жүріп, әр жағында сәулесі барын қолтығынан демеп жіберетін. Кезінде Жанат Қасым жетекшілік ететін Көкшетау университеті жанынан «Алаш үні» атты республикалық газет қолға алынғанда, «Бұл басылымды шығару Серік Жетпісқалиевтің ғана қолынан келеді» деп кесімді пікірін айтқан Нұрхан аға екен. Бүгінде өңіріміздің әдебиет саласында оқырман қауымның ілтипатына ие болған Серік ақын да үлкен жүректі Нұрхан ағасын қимастықпен еске алады. Ал, бүгінде Шымкент қаласында тұратын Қазақстанның құрметті журналисі Асхан Майлыбаева:

– Өткен ғасырдың 80-ші жылдары ҚазГУ-дің журфагін бітіріп, біз жолдасым Шойбек Орынбаев екеуміз «Көкшетау правдасы» газетіне жұмысқа орналастық. Бұл өңірде туысымыз да, тумамыз да жоқ еді. Сол бір қысылтаяң кезеңде Көкшенің көп адамдары бізге қамқорлық танытты. Әсіресе, айрандай ұйыған редакция алқасының әр қызметкерін, әр туыс-бауырды бүгінде зор құрметпен еске аламын. Алғашқы күннен-ақ жауапты хатшы ретінде бізді жатсынбай бар ықылас-пейілімен қабылдап, қамқорлығына алған қадірлі Нұрхан ағаның ұмытылмас жақсы істері көңілімнің бір түкпірінде үнемі тұрады. Арада 43 жыл өтсе де Көкшенің осындай аяулы жандарының есімі мен шуақты ісін ешқашан ұмытпаймын, – дейді.

Осы жолдардың авторы, мен де кезіндеөзімнің тұңғыш жазған туындымды аға қолына ұсынғанмын. Сонда ол жазбаны көзімен жүгіртіп өтті де, асықпай қараймын деп, алып қалды. Ақыры, сол жазған новеллам нөмірге дереу салынып, жолымды ашты.

Халқымыздың басына түскен қилы да қиын заманда Абылай ханның ақ туын көтеріп, ұлт намысы жолында ұлт-азаттық көтерілісті бастаған Қасымұлы Кенесары ханның 200 жылдығы ел болып аталып өтілді. Осы шараға орай, Көкшетау қаласынан «Хан Кененің жорықты жолдарымен» атты автокөлік шеруі ұйымдастырылды. Кенесары ханындай батыр бабаларын бетке ұстап, ұлан-байтақ қазақ елін аралауға бет алған экспедиция тобына Нұрхан Ахметұлы жетекшілік етті. Көкшеден басталған Алаш шеруі Торғай, Ұлытау, Ырғыз, Түркістан, Қаратау, Созақ, Құмкент өлкелерін аралап, мол олжа, зор әсермен оралды. Сол жолы экспедиция жетекшісі болған Нұрхан аға жол бойы кездескен дерек-мәліметтерді терең зерттеп, тарихи сапардан кең қамтылған үлкен еңбек жазды. Сөйтіп, екі тілде бірдей жазылған, үлкен форматпен жарық көрген кітабын ел-жұртына, ұрпағына табыс етті.

Атасы мен әжесінің аялы алақанында алаңсыз ер жетіп, бетінен ешкім қақпай ерке болып өскен аға атасының ақылын да зердесіне жастай тоқи білген. Өзі көп ізденіп, көп оқыған. Небір қызмет атқарған. Комсомол саласында жүріп, жалын атқан жас болған. Сол жастық кезінде мәскеулік қыз Татьяна Яковлевнамен кездесіп, отау құрыпты. Екеуі бес перзент көріп, жеткізген. Гүлнар, Зульфия, Сәуле атты қыздарынан ағамыз жиен-немере сүйіп, оларды жанындай жақсы көретінін айтып, жазып кетіпті. Ал, кезінде қасынан бір елі қалдырмай, редакцияға жетелеп әкеліп жүретін кішкентай жеткіншек Біржан жетіліп, азамат атаныпты. Ағаның өзінен аумай қалған сабырлы, салмақты, еңселі ұлы Динара деген қызбен қол ұстасып, отбасын құрыпты. Осы шаңырақта Ахметжан, Әлімжан, Ибрагим, Әмина, Дария атты өрімдей балдырғандар өсіп келеді. Көзінің тірісінде Нұрхан аға тұңғыш немересіне соғыс даласында шейіт кеткен әкесінің есімін беріпті. Сол төбесіне көтерген немересі Ахметжанға шежірелі кітабын арнап, жүрегіңнің түбіне айтқанымды берік ұста, иманды бол, таза жүр деп өсиет қалдырған.

Осы бір асыл ағаны еске алу көңіліме кенеттен ұялай берді. Бірде қала орталығындағы жаңадан ашылған мекемеде болғанымда, Нұрхан ағаның үміт артқан жалғыз ұлы Біржан есімі кездейсоқ алдымнан шықты. Жекеменшік мекеменің басшысын іздегенімде Нұрхан ағаның өзі жетелеп жүретін сүйікті ұлының есімі әкесімен бірге аталды. Сол сәтте өзім алғаш рет редакция қабырғасында көрген жаны жайсаң, жүзі жарқын, табаны тиген жерінде шындық пен әділдікті ту еткен асыл ағаның өшпес ізін көргендей тамаша әсерде болдым. Адам біткенді құрметтей білетін ағаның еліне, ұрпағына жасаған еңбегі Біржан ұлының жақсы ісімен жайқалып, өркен жайып бара жатқандай еді…

Асыл Аға, біз Сізді ұмытқан жоқпыз. Нұрдай жарық жүзіңіз, Хандай биік бейнеңіз ел есінде!

Шынар БЕКМАҒАНБЕТҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Ақпарат саласының үздігі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар