«Қадам НС» кәсіпорнының басшысы Медет Ыдырысұлы Қожабаев көзіміздің нұры мен көңіліміздің гүлі – ауыл бүлдіршіндеріне Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, үлкен қуаныш сыйлады. Сол қуанышты әлеуметке жеткізгіміз келеді.
Маусымның 1-і күні Төңкеріс ауылының балалары мен тұрғындарын қуанышқа бөлеген ойын алаңының ашылу салтанаты өтті. Қызылды-көкті шарлар безендірілген ойын алаңы үлкен-кішіге лық толды. Алаңда әткеншектер, сырғанақ, төбесі жабылған ойын құрылғылары орнатылған. Ойын алаңы көзге жағымды түрлі-түсті сырлармен безендірілген.
Салтанатты ашылу рәсімінен соң бүлдіршіндер әткеншектерде тербеліп қана қоймай, Медет Қожабаевтың дайындаған сый-сияпатына бөленді. Яғни, ойын алаңына келген барлық балалар мен ауыл тұрғындарына тіл үйірер балмұздақтар, тәттілер мен сусындар үлестірілді.
Өз бүлдіршінінің қуынышқа толы жүзін көру – әр ата-ана үшін бақыт. Біздің баршамызға осындай бақыт сыйлаған Медет Ыдырысұлына алғысымыз шексіз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, мен өзімнің осы бір шәкіртім туралы жазуды жөн көрдім, өйткені, оның ауыл балаларына жасап берген ойын алаңы нағыз азаматтық пен қамқорлықтың белгісі. Бір ғана бүгін емес, алдағы уақытта да болашақ жолы әрқашан жарқырайды. Алдағы уақытта Медет Ыдырысұлының осындай жақсы істерінің куәсі бола береміз ғой деп ойлаймын.
Салтанат ҚАУМҰРАТОВА.
Төңкеріс ауылы,
Целиноград ауданы.