Ауылым-ай, өзіңді қия алмаймын

Біртүрлі боп көрінер сұрақ маған,
«Қайда көшем, қай жерден тұрақ табам?!»
Кіндігімнен байланған туған ауыл,
Мен өзіңнен бір сәт те жырақтаман!

Ақыл айтқыш ағайын, жақын да көп.
Қалаға көш деп қояр, ақылға кеп.
«Бәлен жерде алтын бар» деген сөзге,
Алданып қап, «барғанмен бақыр да жоқ!»

Жұмаққа бір кенеліп қалар жанша,
Көшіп кетті-ау көпшілік, амал қанша?!
Саф ауамен тыныстап, еркін жүрем,
Тас үйіне қаланың қамалғанша.

Жасап жатқан жандарды тірлік қамын,
Мақтан етем, ауылда бірлік барын.
Кіре беріс шеттегі қараша үйде,
Тамған екен туғанда кіндік қаным.

Топырағыңда жетілдіаунап-қунап.
Жастық шіркін, елес боп қалған «шулап».
Күйбең тірлік қажытып, қамыққанда,
«Көптен қалмай көшем!» деп, алғам тулап.

Жайлы өмірін қаланың қиялдаймын.
Осылайша өзімді жиі алдаймын.
Жіберместей жат жерге киең бар ма,
Ауылым-ай, өзіңді қия алмаймын!

Үлкендердің аталы сөзін ес қып,
Байлық қуған жан емен бизнес қып.
Өзге жерге кетсе де «сұлтан» болып,
Туған жері әркімнің өзіне ыстық!

Тірлігіне шаһардың көндіге алман,
Деп қоямын «бұл қала немді алған?!»
Туып-өскен ауылым, сенде өткізем,
Мынау жалған ғұмырды енді қалған!..

Базарбай ОРАЛҰЛЫ.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар