Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өтеповтар адал қызмет етті! - АРҚА АЖАРЫ

Өтеповтар адал қызмет етті!

Дәрігерлер – ерекше санаттағы ақ халатты абзал жандар. Бүгінгі біздің әңгімеміз кезінде Ақмола облыстық көпсалалы ауруханасының эндокринолог дәрігер болып абыройлы еңбек еткен «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері, марқұм Майя (Мунавара) Өтепова тұрғысында өрбімекші.

Оның өмірден өткеніне биыл жиырма жыл. Бірақ, өмірден өтсе де көңілден кетпеген осы бір жанды әріптестері ыстық ықыласпен еске алып отырады. Майя Қасымқызы 1940 жылы 1 мамырда Көкшетау қаласында дүниеге келген. 1967 жылы Қарағанды ​​мемлекеттік медицина институтын бітірген. Осы оқу орнына түсірден бұрын өмірлік жан жары Альберт Өтеповпен танысып, оны да медицина саласына оқуға түсуге үгіттейді. Өткенге сәл шегініс жасасақ, Альберт Өтепов 1959 жылы мектепті бітіргеннен кейін екі жыл Көкшетау механикалық зауытында циферблатты сағаттарды құрастыратын слесарь-реттеуші болып жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында кәсіби түрде бесінші разрядқа дейін көтеріледі. Алайда, өмірлік жарын жолықтырған оның медицина саласына деген ынтасы артып, екеуі бірге қол ұстаса жүріп, медицина институтын тәмамдайды. Содан кейінгі өмір жолдары бір арнада тоғысып, 1965 жылы отбасын құрып, біраз уақыттан кейін Көкшетау қаласына келіп, облыстық ауруханада бірі ортопед дәрігер, бірі эндокринолог болып жұмысқа орналасады. Екеуі де жас маман ретінде дәрігер болудың қиындығы мен қызығын бірге кешеді. Кез-келген адамның өміріндегі ең басты қасиеті – басқа адамдарға қажет болу, ол үшін сіз шын жүректен қызмет етіп жатқан ісіңізді жақсы көруіңіз керек. Біз қиналғанда өміріміз бен денсаулығымызды сол дәрігерлердің  қолына тапсыратынымыз шындық.

Біз әңгімелегелі отырған эндокринолог дәрігер Майя Қасымқызы оқу бітіргеннен кейін алдымен, консультативтік емхананың эндокринологиялық кабинетіне жетекшілік етеді. Осы кезеңде аудандық ауруханаларда эндокриндік ауруларды емдеуге жауапты дәрігерлер анықталып, науқастардың осы бейіні бойынша клиникалық сараптама белгіленіп, қант диабеті, зоб, бруцеллез және тағы басқа аурулар бойынша әдістемелік хаттар жолданады.

Эндокринологиялық бөлімшенің ашылуымен 1982 жылы Майя Өтепова осы бөлімшенің басшысы болып тағайындалады. Ол 1968 жылдан бастап облыстың бас штаттан тыс эндокринологы. Әріптестері Майя Қасымқызын қатал, тәртіпті, білікті маман ретінде еске алады. Ақ халатты абзал жанға тән еңбегі үшін Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамоталарымен, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Майя Қасымқызының жан жары Альберт Өтепов 1973 жылы облыстық денсаулық сақтау бөлімі бастығының емдеу ісі жөніндегі бірінші орынбасары, 1983 жылдан бастап бастығы болып қызмет атқарған кезде қыруар істер тындырғанына бүгінгі әріптестері куә. Ерлі-зайыпты екеуі де үнемі біліктіліктерін арттырып отыру арқылы алған білімдерін шебер қолдана білді.

Қашанда адам өзін нағыз маманмын деп айту үшін көп жылдар қажырлы еңбек етуі керек шығар. Бұл тұрғыда ерлі-зайыпты дәрігерлер барлық іс-тәжірибеден, біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, әріптестеріменбірге өмірден сабақ ала жүріп, тәжірибелі дәрігер ретінде қалыптаса білді. Альберт Сейдахметұлы әлі күнге дейін өзінің тәлімгерлері – Гельмут Пфафф, Петр Гетман, Ангелина Науменко, Виктор Семенов, Алексей Светличныйға алғысын білдіруден жалықпайды. Солар арқылы травматология, нейрохирургия, хирургияның қыр-сырын меңгерген. Ол облыстық ауруханадағы жұмысын еңбек жолындағы ең жақсы жылдар деп есептейді. Өйткені, сол жылдары өмірлік жары болған Майя Қасымқызымен бірге талай биіктерді бағындыра алды. Сол кезде облыстағы үлкендерге де, балаларға да арналған жалғыз травматология бөлімшесінің меңгерушісі болып тағайындалғанында дәрігерлер жетіспейтінін қиын кезең болатын. Күн-түн демей науқастарға ота жасап, үйдің қарасын көрмей жүрген күндерде жұбайына түсіністікпен қараған Майя Қасымқызы, үнемі оның өсу жолдарына ықпал етіп отырған.

Иә, облыстағы дәрігерлер өз бетімен бүкіл өңірді қамти алмасы да анық.  Сондықтан, облыстық аурухананың базасында өз тәжірибелерін аудандық ауруханалардың дәрігерлерімен бөлісіп, шұғыл және жоспарлы науқастарға бірлесіп ота жасайтын. Өздерінің сүйікті мамандықтарына берілген сүйіспеншіліктің арқасында дәрігерлер отбасы Гиппократ антына деген адалдықты ту ете білген. Дәл сол тұста облыста бала өлімін азайту, туберкулезбен күресу бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп, аз уақыттың ішінде ең ауыр науқастардың көрсеткіштері екі есеге қысқарған. Облыстағы емдеу-алдын алу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға көп көңіл бөлінген. Он жыл ішінде облыстық балалар ауруханасы, онкологиялық және тері-венерологиялық диспансерлері, облыстық аурухананың екі корпусы, облыстық перзентхана ғимараты, Көкшетау қаласындағы емхана, медициналық училище мен медицина қызметкерлеріне арналған жатақханалар, барлық дерлік аудан орталықтарында типтік емханалар салынды.

Майя Қасымқызының жұбайы Альберт Өтеповқажырлы еңбегі үшін «Құрмет Белгісі» орденімен, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен, «Халық денсаулығының үздігі» төсбелгісімен марапатталып, көптеген алғыс хаттарға ие болады. Көкше елінің тумасы Альберт Сейдахметұлы 1992 жылы облыстық тері-венерологиялық диспансердің бас дәрігері қызметіне ауыстырылса, 1996 жылы Халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен облыстық халықты әлеуметтік қорғау басқармасының бастығы болып тағайындалып, құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін абыройлы еңбек етеді.

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Майя Қасымқызы өмірде жар таңдаудан адаспағанаяулы ана, білікті дәрігер бола жүріп, жұбайымен бірге 40 жылға жуық тату-тәтті өмір сүрді. Бүгінде ерлі-зайыпты дәрігерлер отбасының үлкен қыздары Эльмира Көкшетау қаласында тұрса, кенжесі Индира анасының жолын қуып, Алматы қаласында эндокринолог-дәрігер болып еңбек етеді. Өкінішке орай, Майя Қасымқызы өмірден ерте өткен. Қазіргі таңда немерелері өсіп-өнуде.

Бар саналы ғұмырларын медицинаға арнап, науқастардың алғысына бөленгенқос дәрігердің есімдері әлі күнге көпсалалы облыстық аурухананың құрметті дәрігерлері санатында аталып отырады. Майя Қасымқызы өмірден өтсе де әріптестерінің жадында мәңгі сақталуда. Ал, Альберт Сейдахметұлы болса, облыс орталығында ғана емес, өзінің бітім-болмысы, саналы ой-орамдарымен бүкіл өңірге із қалдырған тәжірибелі дәрігер. Бұл кісілер ақ халатты абзал жандар ғана емес, дарынды тәлімгер де бола білген адамдар. Олар ауылдық, аудандық, облыстық деңгейдегі дәрігерлер мен денсаулық сақтау ұйымдарының басшыларының үлкен ортасын тәрбиелеп, өсірді десек артық болмас. Олардың шәкірттері денсаулық сақтау ісінің жетекші ұйымдастырушылары, республикаға және шетелдерге белгілі ғалымдар қатарында. Солардың бір парасын атап айтар болсақ, медицина ғылымдарының докторы, профессор С.Е.Ибраев, С.А.Аяғанов, Қ.Ш.Шайсұлтанов, А.Қ.Мақышев және тағы басқалары.

Иә, олар қашан да еңбекте де, отбасында да бір-бірін толықтырып, Гиппократ антына адал болған, ізгі мейірімдерімен емделушілерінің ыстық ықыластарына бөленген құрметті дәрігерлер отбасы болып мәңгі ел есінде қала бермек.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар