Кәсіпкерлер құқы заң аясында қорғалады

Қазақстан Республикасы кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл, бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов Ақмола облысына жұмыс сапары барысында  өңір кәсіпкерлерімен кездесіп, олардың көкейкесті мәселелерін тыңдап, шешу жолдарын іздестірді.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен жиында Рустам Жүрсінов облыс кәсіпкерлерінің сауда нарығындағы жағдайларына бойлап, кездесіп жатқан келелі мәселелерін тыңдады. Кездесуде алғашқылардың бірі болып сөз алған«Новопэк» ЖШСбас директорының орынбасары Умар Шоназаров өнім өндіруге қажетті шикізатты отандық компаниялар өте қымбат бағаға сататындықтарын айтып, шағымданды. Дәл сол қажетті шикізатты біздің өндірушілер Қытайға төмен бағамен сатады екен. Сондықтан, лажы қалмаған серіктестік соңғы кездері шикізатты Қытайдан сатып алуға мәжбүр болып отыр. Бұл мәселеге Рустам Манарбекұлы көңілі толмайтындығын жеткізіп, отандық өнімді тұтыну жөн екендігін айта келе, мәселені жоғары жақта көтеретіндігін жеткізді.  «Новопэк» ЖШС еліміздің оңтүстігі Шымкент қаласында да зауыт салып, кәсіптерін одан әрі дамытуды көздеп отыр.

Сондай-ақ, «Шаңырақ» – «Курочка-Ряба» ЖШС-ы компаниялар тобының заң басқармасының басшысы Шолпан Жармағамбетова жұмыртқа сату нарығында шешімін таппай қойғанөз мәселелерін көтеріп, бүгінде антимонополиялық комитетпен сот процестері жүргізіліп жатқандығын алға тартты және осы мәселеге қол ұшын беруді сұрады. Мәселен, сауда үйі өнімді құс фабрикаларынан сатып алып, оны қаптап-қаттап, айналымға шығарады. Жұмыртқа өнімінің сұранысы көктем мен жаз маусымында әлдеқайда төмендеп, бағасы түседі. Ал, күз бен қыста тұтынушылар тарапынан сұраныс артқандықтан, құс фермалары бағаны өсіріп, осыған байланысты бұлар да қымбаттататын көрінеді. Алайда, баға өскен кезде антимонополиялық комитет оларға ескерту жібереді екен. Кәсіпкер сатып алған өнімдерін, алған бағадан төмендетіп сата алмайтындығын айтып, тым болмағанда, 4-5 теңге шамасында қосатындығын алға тартты. Сауда айналымында бұл түсінікті жағдай. Алайда, антимонополиялық комитеттің оларға не тиісті бағаны белгілеп бермей, не тексеріс кезеңін заңды түрде нақтылы көрсетпей, тоқтамастан тексеріс жүргізе беретіндіктерін айтып ашынды. Бірнеше сот отырыстары нәтижесіз аяқталғандықтан, серіктестік аппеляциялық сотқа жүгініп отырған көрінеді. Уәкілдің айтуынша, Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша сот процесі аяқталғанша, бұл іске ешкім араласа алмайды.

Сол себепті, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақмола облысы бойыншадепартаментіне осы мәселеге қатысты методологиялық сауал жіберуді ұйымдастыру керектігін ұсынды және алда сотқа серіктестіктің жұмысын қолдауға қатысты өтініш жіберетіндігін жеткізді.

Ал, «Асыл Көкше Зооветснаб» серіктестігінің заңды өкілі Баян Салингереева кейбір дәрі-дәрмектерді жеткізіп, іске асыру барысындағы салық төлеу мәселелерінің шикілігі туралы сөз қозғады. Бұл мәселе аясында мемлекеттік органдардан әлі бірқатар түсініктер алу қажеттігі және заңға тиісті өзгертулер енгізу керектігі айтылды.

Жалпы, Рустам Жүрсінов отырыс соңында кәсіпкерлерге қашанда қолдау көрсетілетінін, жалпы, кез-келген мәселенің байыбына барып, заң аясында шешімін шығаруға болатынын жеткізіп, істеріне сәттілік тіледі.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар