Бизнестің әлеуеті артады

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев облыстық әкімдікте өңірімізге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновті қабылдады. Кездесу барысында орта және шағын  бизнесті дамытудың өзекті мәселелері талқыландып, шешімдері қарастырылды.

– Біздің аймақта шағын және орта бизнес саласында 58 мыңнан астам субъект жұмыс істеп, онда 141 мың адам жұмыспен қамтылып отыр. Бұл – өңірдегі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың үштен бірі. Биыл шағын және орта бизнес субъектілерінен түсетін салық көлемі 46,4 миллиард теңгені құрады. Өткен жылы бизнес өнімдерін өндіру көлемі 16 пайызға артып, 1,6 триллион теңгеге жетті, яғни, бизнесті дамыту көрсеткіштерінде жылдан-жылға өсім байқалады, – деп атап өтті кездесуде аймақ басшысы Ермек Боранбайұлы.

Өз кезегінде Рустам Жүрсінов Ақмола облысы әлеуметтік-экономикалық даму, қолайлы іскерлік ахуал құру және негізгі капиталға инвестициялар тарту деңгейі бойынша еліміздегі көшбасшы аймақтардың бірі екенін атап өтті. Салықтық әкімшілендіруді қоса алғанда, өңірді дамыту мәселелерін талқылай отырып, бизнес-омбудсмен шешімін күткен өзекті проблемаларды да қозғады.

–Цифрландыру мен электрондық төлемдердің енгізілуінен бизнес субъектілерінің ақша айналымының бір бөлігі көлеңкелі экономикаға кетіп қалып жатыр. 2021 жылдың қорытындысы бойынша бизнес субъектілерінің 69 пайызының жылдық айналымы 5 миллион теңгеден аз мөлшерде болды, олардың бюджетке төлеген салықтары салық түсімдерінің жалпы сомасының 6 пайызын ғана құрап отыр. Салық төлеу есептері мен банктердің деректерін салыстыра отырып, айналым көрсеткіштері айтарлықтай төмендеген деген қорытынды шығаруға болады, – деді бұл орайда Рустам Жүрсінов. Сонымен қатар, ол жағдайды өзгертудің маңызды қадамы – бөлшек салықтың жаңа мөлшерлемесін бекіту керек екендігін, өңірлік бизнес-қоғамдастық өкілдері де мөлшерлемені төмендетуге сұрау салатынын және бұл тақырыпты облыстық мәслихаттың қарауына шығару қажеттігін атап өтті. Бұл орайда, өңір басшысы:

–Әрине, мен де бөлшек салық мөлшерлемесінің төмендегенін құптаймын. Себебі, бұл шағын және орта бизнесті экономиканың сегменті ретінде әрі қарай дамытуға белгілі бір серпін берер еді, –деді.

Кездесу барысында туризмді дамыту және өңірге туристер ағынын арттыру мәселесі де қаралды. Ол үшін бизнес-омбудсмен атап өткеніндей, бүгінде толық қуаты тиісті деңгейде пайдаланылмай отырған Көкшетау әуежайының әлеуетін халықаралық деңгейге жеткізу қажет.

Көкшетау қаласы әуежайының директоры Марат Хасеновтің айтуынша, Көкшетаудан Алматыға, Ақтау мен Шымкентке ашылған маршруттар өңір тұрғындарының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жеткіліксіз. Ұшақтар толық жүктелген және билеттері шілде айының соңына дейін сатып алынған. Ел ішіндегі басқа бағыттарға субсидияланған рейстерді ашу үшін бюджеттен ақша бөліну керек. Омбы мен Түменге халықаралық әуе рейстерін ашу мәселесі де қарастырылып, әуежай басшыларының, ресейлік туроператорлардың қатысуымен келіссөздер жүргізілген көрінеді. Алайда, геосаяси жағдайға байланысты бұл жұмыс уақытша тоқтатылыпты. Қосымша ішкі рейстерді ашу мүмкіндігін талқылағаннан кейін тараптар үкіметтік деңгейде келіссөздер жүргізуге келісті.

Кәсіпкерлердің өтініштерін алға тарта отырып, Рустам Жүрсінов облыс әкіміне шағын бизнес өкілдері қызығушылық танытып отырған стационарлық емес сауда орындарын ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

– Шағын бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер ірі сауда орындарында тауарлары мен қызметтерін үнемі ілгерілете алмайды. Микробизнес субъектілеріне өз істерін дөңгелетіп әкетуге мүмкіндік беру маңызды. Бұл отандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді ішкі нарыққа жылжытуға ықпал етеді, бизнес субъектілерінің уақыт және қаржылық шығындарын азайтады. Сауда үшін орындар санының кеңеюі бәсекелестіктің дамуына оң әсерін тигізері сөзсіз, сонымен қатар, азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежейді, – деп толықтырды өз сөзін бизнес-омбудсмен.

Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,
Айдана СӘДУАҚАСОВА.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар