Зеренді ауданына қарасты Жолдыбай ауылында бірнеше рет дұғада болғаным бар. Сондағы таң қалғаным, қайғыға батып, қара жамылып отырған үйдің жанында ешбір абыр-сабырдың жоқтығы. Көңіл айтып, қолдау білдіруге келген жандарды бата рәсімін жасағандарынан кейін ауылдың әр үйі бөліп әкетіп жатыр. Аталған отбасылар өз есебінен ет асып, ас береді екен.
Кейін бір осы елдің азаматы, зейнеткер, «Құрмет» орденінің иегері Сағит Файзуллинді кездестіріп, жоғарыда аталған дәстүрге қатысты көкейімде жүрген сұрағымды қойған едім. Ақсақал бәрін рет-ретімен айта бастады. Бұл дүниеден озған жанның туған-туысқандарының қайғысына ортақтасып, марқұмды соңғы сапарға шығарып салудағы шығындарын аздап болса да жеңілдету мақсатында ертеден, дәлірек айтсақ, сонау колхоздастыру кезінен қалыптасқан дәстүр екен бұл.
Жолдыбайдан басқа көрші Симферополь, Бұлақ, Жаңауыл, Еленовка және бұрынғы Көкшетау ауданына қарасты өзге елді мекендердің басым көпшілігінде осы салт сақталған. Кеңес Одағы кезінде аудан орталығы Красноярда аудандық атқару партия комитетінің төрағасы болып қызмет атқарған, бүгінде арамызда жоқ Боркен есімді азамат осы игі дәстүрді Айыртау ауданының Кеңащы, Саумалкөл елді мекендерінде де енгізіпті. Аталған дәстүр бүгінде 22 ауылда сақталып отыр. Мұны өзі басқа елдің азаматтары үлгі аларлық іс екені сөзсіз. Қайтыс болған жанның үйінде марқұмның үші, жетісі, қырқына арналған дұғалардың өтетіні белгілі. Социализм жүйесі кезінде Зеренді ауданындағы бұрынғы Подлесный, қазіргі Бәйтерек ауылының Қуаныш және Балжан Бакешевтердің отбасы дүниеден озған бір жанды соңғы сапарға шығарып салуға туысқандарының жағдайлары болмағандықтан, бар дұға шығынын өз мойнына алыпты. Бертінде дәл осындай жағдай Үлгі ауылында да қайталаныпты. Бұл нағыз өнеге аларлық игі қадам екені сөзсіз.
Күнделікті өмірден байқағанымыз, адамның сыналар шағы той өткізу мен туысын ақтық сапарға шығарып салу сәті. Оның мағынасын түсіндіру, басқа елде қалыптасқан игі дәстүрлерді негізге алу, насихаттау жұмыстары жергілікті имамдар тарапынан аз айтылып та, жазылып та жүрген жоқ. Көпшілігінің қатардан қалмаймыз деген ниетпен марқұмды соңғы сапарға шығарып салуды тойға айналдырып жүргендері де жасырын емес. Осы орайда, Зеренді ауданының құрметті азаматы, журналист-жазушы, марқұм Баймұрат Азнабаевтың жер-ананың құшағына енер алдындағы жазып қалдырып кеткен ұлағатты сөздерге толы салауат-өсиетін келтіруді жөн көрдім.
«Құрметті жамағат! Төменде баяндалған менің тілектерімді жаназамды шығарар алдында жамағатқа оқып беруді имамға аманат етемін. Әлдекім түсінбей қалса екі, тіпті үш рет оқысын. Ел естісін, білсін. Ағайындарға айтарым, қырқы, жылы деп елді жинамаңдар, қырқыма бір семіз тайдың құнын, жылыма бір семіз биенің құнын ақшалай Зеренді мешітіне беріңдер. Зеренді мешітінің имамдары менің, ата-бабаларымның аруағына арнап, қырқымда, жылымда, жұма күндері жиналған жамиғатқа осы аманатымды жария етіп айта отырып, аят бағыштауды олардың мұсылмандығына тапсырамын. Мешіттің қызмет істеуі үшін қаржы керек екенін көріп-білдім. Сондықтан, қырқы, жылы деген және басқа да дұғаларда жамағаттың жиналып, қысыр әңгіме айтып, ет жеуіне кететін қаржы мешіт мүддесіне, артық болса, шын жетім-жесірлерге бөліп беруге жұмсалса, ешкім бізді айыптай қоймас. Бізден кейін бұл бастаманы діни басылымдар насихаттаса, Алланың жердегі үйі – мешітке түсер қаржы молая берсе, ол өз орнына жұмсалса, Алла да бәрімізге разы болар деп ойлаймын».
Осы мағыналы өсиет жерлестерімізге ой салса, нұр үстіне нұр болар еді.Ерте кездерден жеткен деректерге қарағанда, халқымыз бір-бірінен қолдан келген көмектерін аямаса керек. Жағдайы келмейтін жандарға асарлатып баспана салып беру, басқа да қолдау жасау түрлері өмір ағымының айнымас бөлігі болған. Бұл ата-бабаларымыздың дархандығының шексіз екендігінің нақты ақиқаты емес пе?! Елімізде, оның ішінде біздің ауданымызда да, ата дәстүрін сақтап, көмекті қажет ететін жандарға қол ұшын созып жүрген мейірімді жандар, олардың арасында жастарымыз жетерлік.
Мұны ұлы Мағжан ақынның «Мен жастарға сенемін» деген сөзінің нақты жүзеге асып жатқаны деп түсіну қажет. Сөз соңында барлық жерлестерімді қай бағытта болсын ата-баба дәстүрін сақтауға, осындай үлгі тұтарлық бастамаларды қабылдауға шақырамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай, ағайын!Ел бірлігі нығая берсін!
Бақытқали БІЛӘЛҰЛЫ,
зейнеткер, ұстаз.
Зеренді ауданы.